ГАЗЕТ ТАРАТУҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕС ҮШІН...
2014 жылдан бастап аймақтағы басылымдар «Сыр медиа» ЖШС-не топтастырылып, сол жерден басылып шығатын болды. Оның ішінде, аудандық газеттер де серіктестік баспаханасында басылып, тұрғындарға тарауда. Облыстық және аудандық баспасөз құралдары бір орталықтандырылғаннан соң басылым сапасы жақсарды. Ақпараттық-танымдық, көркемдік жағы түрленіп, газеттер облыс жұртшылығының іздеп жүріп оқитын басылымына айналды. Жыл өткен сайын таралым саны артып, оқырманнан сұраныс түскеннен кейін серіктестік газетті уақытында жеткізудің жолдарын да қарастырды. Редакцияларда тарату бөлімдері ашылып, баспасөз құралы басылып шыққан күні қолға тиетін болған. Әр ауылда, аудан орталығында жұмысқа таратушылар алынып, бүгінде аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері оқырман республика, облыс, аудан тынысымен танысып, жаңалықтарды оқып отыр. Аталмыш күндері газет келмей қалғанда, редакцияға қоңырау шалып, газеттің келгенін-келмегенін біліп отырады. Мұның өзі оқырманның баспасөз құралын іздеп отыратындығының белгісі. Осы тұста, оқырман назарына салар жәйттерді айтқан жөн.
Газет тарату жұмысы оңай емес екені белгілі. Күні бойы өзіне белгіленген көшелерді аралап, үйді-үйге басылымды жеткізудің өзі шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Оның үстіне, әр үйден үріп иттер шығатынын ескерсек, бұл жұмыстың қауіптілігі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда, кейбір үйлердегі газет жәшіктерінің жоқтығы таратушылар жұмысына кері әсерін тигізуде. Жаңбырлы күні газет ылғал болса, желді күні ұшып кетіп жатады. Содан оқырман «газет келмеді» деп редакцияға қоңырау шалады. Ал таратушылар «уақытында жеткіздік» дейді. Сөйтіп, баспасөзге арнаулы жәшіктің болмағанынан түсінбеушілік туындап жатады. Сондықтан әрбір тұрғын көше бетке газет жәшігін орнатып қойса игі дейміз. Жәшік орнатылса, түсінбеушілік те туындамас еді. Оған қоса, оқырман газетті таза күйінде оқиды, таратушыларға да ыңғайлы болатыны анық. Әйтпесе, газет таратушы әр үйге жеткізуде көп уақыт жоғалтса, басылымды тез, уақытылы таратуға кедергі болары сөзсіз.
Сондай-ақ, кейбір тұрғындар тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғанда оны редакцияның тарату бөліміне ескерткені де абзал. Өйткені, газет таратушылары оқырман жазылғандағы мекен-жайға үнемі апарып жүреді де, кейіннен тұрғындар тұрғылықты жері ауысып кеткенін, газеттер келмей жатқанын айтып, жұмысты жоққа шығарады. Оқырман сұранысын қамтамасыз ету үшін тексеріп қарағанда, мекен-жайын ауыстырып, оны ескертпегені анықталып жатады. Сол себепті, мұны да тұрғындар назарда ұстағаны жөн.
Жалпы, шетелде газет-журналға арналған жәшік жаяу жүргіншілерге арналған жолға жақын орналасады. Бұл таратушылар жұмысын жеңілдетеді және қауіпсіздік үшін жақсы. Яғни, газет таратушы тарап пен оқырман тарапынан екі жақты жауапкершілік мәдениеті қалыптасқан. Біз де сондай жауапкершіліктің болғанын қалаймыз. Өйткені, бұл екі тарапқа да қолайлы екені анық. Сондықтан газет таратуға кедергі келтірмес үшін арнайы жәшік орнатып қою қажет.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
Пікір 364