Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РЕДАКЦИЯ ЖҰМЫСЫ ҚАУЫРТ

РЕДАКЦИЯ ЖҰМЫСЫ ҚАУЫРТ


«Газет халықтың көзі, құлағы һәм үні» деген А.Байтұрсынов сөзі қай кезеңде де мәнін жойған емес. Ал осы газеттің беттеліп, баспадан шығып, халыққа жетуі жолында қыруар жұмыс жасалады. Қай жұмыстың да оңайы жоқ десек те кейбіреулер «Осы газетке мақала жазып, оны шығарған қиын емес шығар» деп жатады. Алайда, олар мұның артында маңдай тер жұмыс, ауыртпашылық, үлкен жауапкершілік жатқанын біле бермейді де. Сондықтан мереке қарсаңында халықты редакция жұмысымен таныстырмақпыз.
«Хаты көп газеттің – қанаты көп, тілшісі көп газеттің тірегі мықты» дегендей аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан басталып, осы кезге дейін аудан тынысын халыққа жеткізіп келеді. Жағымды жаңалықтарды сүйіншілеп, барлық ақпаратты құлаққағыс етіп отыратын басылымда көптеген журналисттер еңбек етіп, ел алғысын алған, қазір де халық ықыласына бөленіп жүр. Сол себепті «қанаты көп» аудандық газеттің «тірегі мықты».
Аптаның алғашқы күнінен бастап редакцияда жұмыс қауырт. Неге десеңіз, жұртшылық аудандық басылымның аптаның сейсенбі, сенбі күндері тарайтынын білгенімен, оның бір күн бұрын, яғни дүйсенбі, жұма күндері бет­телетінін біле бермейді. Сондықтан аптаның бірінші күнінен редакция ұжымы газеттің қамына кіріседі.
Жалпы, газет бетіне түсетін материалдар алдын ала жоспарланады. Бас редактордан тиісті тапсырмаларын алған тілшілер, газеттің тех­никалық мамандары жоспар бойынша жұмыс жасайды. Ауданның тыныс-тіршілігін қамту үшін журналистер жан-жаққа шығып, жан-жақты зерттеу жүргізіп, толық ақпаратты қамтып, мақала жазады. «Үйді бұзу оңай, үй салу қиын, мақаланы оқу оңай, жазу қиын» демекші, мұнда газет бетіне материал дайындауда көптеген қиын­шылықтар бар. Кей кезде толық ақпарат болмайды, кейде табанас­ты мақала жа­зу керек. Міне, осындайда журналистің жүйріктігі, оның білімділігі, тапқырлығы, табандылығы үлкен рөл атқарады. «Аспанда қыран, елде тілші көреген» дегендей ел ішіндегі елеулі жаңалықтар, оқиғалар журналист назарынан тыс қалмайды. Сондықтан газет бетіне ма­қаланы жылдам әрі мазмұнды етіп жазу – әр тілшінің міндеті. Оған оқырман өз бағасын береді. Бүгінде оқырманнан лайықты бағасын алып жүрген газет тілшілері аптаның жеті күнінде де жаңалық жаршысы болып, халықты қажетті ақпаратпен құлақтандырып жүр. Атап айтқанда, бас редактордың орынбасары Бибісара Жанәлі, жауапты хатшы Шаһарбек Нұрсейітов, тілшілер Ердос Беркінбаев, Балтабай Ордабеков (суретте) мақала жазуға машықтанған. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде, яғни елді мекендерде газет жанашырларының, тұрақты авторлар мен штаттан тыс тілшілердің мақалалары да газет бетіне үздіксіз жариялануда. Олардың қатарында Бесарықтан Жұмабай Байзақұлы, Шағаннан Нағыман Әйтенов және жас тілшілер бар.
27 маусым 2018 ж. 1 961 0