Тұрақты оқырманның бірімін
Отбасындағы тәрбие, оқушы кездегі қызығушылық, қоғамдағы қызмет – жергілікті газет-журналдардың, оның ішінде аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты оқырманына айналуыма тікелей әсер етті. Бүгінде аудандық басылымның әр нөмірін мұқият оқу, жаңалықтармен танысу қалыптасқан үрдіске айналды. Тұрақты оқырман ретінде жұртшылыққа жол тартқан 8888-ші нөмірге пікір жазуды жөн көрдім.
Журналистика саласында еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы қызметін атқарып келемін. Партия филиалының жұмысы ашықтыққа, қолжетімділікке және жариялылыққа негізделгені бәрімізге белгілі. Жетекші партияның жүйелі жұмыстарын уақытылы әрі сапалы ақпараттандыру күн тәртібінен түспейді және біз алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс жасай береміз.
Партияның аудандық филиалдарының ұйымдастыруымен өтетін іс-шараларды ақпараттандыруда аудандық газеттің алатын орны ерекше. Себебі, аудандық газетті шалғай ауылдың тұрғындары тұрақты түрде оқиды. Демек аудандық басылымға жарияланған мақала алыс ауылдарға дейін жетеді. Қала орталығына жақын орналасқан, өзіміз туып-өскен Сырдария ауданындағы «Тіршілік тынысы» газетінде «Nur Otan» партиясының жұмыстарына тұрақты түрде орын беріліп, көптеген мақалалар жариялануда. Газеттің электронды сайтынан да көп ақпарат алуға болады. Сондай-ақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде басылымның дербес парақшасы жұмыс істейді. «Бүгін болған іс-шара бүгін жариялануы қажет» деген қағиданы ұстанатын басылым қызметкерлері тиянақты, уақытылы ақпарат таратуды жақсы жолға қойған.
Жақында аудандық газеттің 23 маусымдағы саны қолыма тиді. Газеттің бұл нөмірінде Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған праймериз жобасы жөнінде пікірлер топтамасы жарияланыпты. Қоғам белсенділері жобаның тиімділігін тарқата жазып, өз ойларын білдіріпті. Бұрын да газетте партия жобалары жөнінде мақалалар жазылғанын ескерсек, басылымның уақыттың тынысын дөп басып, нақты жоспарлар бойынша алға жылжып келе жатқанын аңғарамыз. Ендеше, аудандық газетке алғыс айтамын және «Nur Otan» партиясының ел игілігі жолындағы жұмыстарын ақпараттандыруда бірлесе еңбек ете беретінімізге сенемін. Газеттің 8888-ші нөмірінің жарыққа шығуымен қаламгерлер қауымын құттықтап, шығармашылық табыс пен сәттілік тілеймін!
Нұрлыбек ҚАСЫМОВ,
«Nur Otan» партиясының
Қызылорда облыстық
филиалының баспасөз хатшысы