Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіркейліде жасалған

Шіркейліде жасалған

«Мәді Қажы» серіктестігінің шаруасын әр­тараптандыру мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа нысан бой көтерген еді. Ол құрылыс заттарын өндіретін цех болатын. Цех меңгерушісі Нұрсұлтан Сайлаубаевтың айтуынша, өндіріс халыққа дайын өнім ұсынып жатқанына 3 жылға жуықтады. Аз ғана уақытта тұтынушылары көбейіп, тапсырыс артқан. Бүгінде ондағы жұмысшылар 2 ауысым бойынша еңбек етуде. Ауыл тұрғындары құрылыс заттарын алуға қалаға барып сандалмайды. Себебі, өзімізден шыққан отандық өнім іргеде тұр. Мұндағы кафель желімінен бастап, құрылысқа қажеттің заттардың кез келгені «Шіркейлі» деген атаумен облыс көлемінде таралуда.

– Цехты шаруашылық директоры Сейткамал Сұл­танов ашты. Сол азаматтың бастамасымен жоба іске асуда. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар өзіміздің ауыл тұрғындары. Барлығы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінеді. Мен де цех ашылғаннан еңбек етіп келемін. Ашылған жылдан бастап аймақтағы алыс-жақын елді мекендерге танылдық. Сондықтан тапсырыс артпаса, азаймайды деген үмітіміз бар. Оның үстіне өнімдеріміздің сапасы жақсы. Бағасы да тиімді. Сұраныс болғасын жұмыс та жүреді, жалақы да уақытылы беріледі. Қазір мұнда сылақтың бірнеше түрі бар. Құйылмалы еден, жаңбырлы сылақ, кафель желімі, әмбебап сылақ, сонан соң эмульсияның да түр түрі шығарылады. Қалай болғанда да, облыс орталығынан әкелгеннен әлдеқайда арзан түсетін өнім өндірушілер бірінші кезекте сапаға мән береді. Күніне 500-1500 қапқа дейін өнім саталды. Көрші ауылдардан да келіп алатындар жетерлік. Қазір өнімді шалғайдағы ауылда шығарсаңыз да, табыстан құр қалмайсыз. Бастысы, бәсекелестікке төтеп беру, – дейді өндіріс басшысы Нұрсұлтан Сайлаубек.

Ауыл халқының еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында әлі талай жұмыс атқаруға болатынын келушілер қатары көптігінен де байқадық. Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіровтың айтуынша, «Шіркейлі» кәсіпкерлігі құрылыста пайдаланатын эмульсия мен қара қағаз шығаруды да қолға алған. Оған қажетті қоспалар облыс орталығынан жеткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, тірлігі бар ауылдың, бірлігі де бекем.

Майя ҚОЖАБАЙ 
10 қараша 2020 ж. 656 0