Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс заттары Шіркейліде жасалады

Құрылыс заттары Шіркейліде жасалады

Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – "Мәді қажы" ЖШС. Шіркейлі ауылындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған цехта құрылыс материалын шығарап келеді.

– Біздің ауылдағы ең үлкен серіктестікте бірқатар тындырымды тірлік атқарылуда. Жыл сайын Сыр салысын өндіруде 50 центнерден кем өнім алмаймыз және серіктестік жанынан ашылған құрылыс заттарын шығаратын цех жұмыс істейді. Цехта көбіне ауыл жастары еңбек етеді, – дейді "Мәді қажы" ЖШС төрағасы Сейіткамал Сұлтанов.

Серкітестік басшысының алдына қойған мақсаты – туған ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауыл жастары арасында жұмыссыздық мәселесін шешу. Ауылда ашылған цехтың арқасында жаңа жұмыс орыны ашылды. Сонымен қатар серіктестік ауданда бірінші болып жастар бригадасын құрды және облыс орталығына жергілікті өндіріс орнынан шыққан құрылыс заттары сатылымға шықты.

– Цех үш жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда 20 дан астам адам еңбек етеді. Біз құйылмалы еден, "дождик" деп аталатын қабырға сылағын, кафельге арналған желім, әмбебап сылақ, эмульсияның бірнеше түрін өндіреміз, – дейді өндіріс жетекшісі Нұрсұлтан Сайлаубек.

Цех өнімдерін сатып алу ең алдымен ауыл тұрғындары мен жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына қолайлы. Себебі оның тасымалына көп қаржы кетпейді. Ал бұл дегеніңіз облыс орталығынан құрылыс материалын тасымалдауға кететін шығыннан тиімді екені анық.

Ауыл цехында өндіретін құрылыс заттары бір күнде 500 қаптан аса сатылып кетеді. Оның сапасы жағынан өзге өңірлерден келетін заттардан артық болмаса кем түспейді. Сондықтан өнім облыс орталығында да сұранысқа ие.

– Жыл сайын үйіңді жәй болса да жөндеп алғың келеді. Былтыр біраз құрылыс материалын ауылдан шықпай-ақ осы цехтан сатып алдым. Құрылыс материалдарының сапасы да ұнайды, бағасы да тиімді, – дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Әбдіреева.

Бір ескере кететін жағдай – құрылыс заттарын шаруашылық жұмысшыларына жеңілдетілген бағамен босатылады және жалақы есебінен де алуға жағдай жасалған.

Айта кету керек, серіктестікте ауыл тұрғындарының басым бөлігі жұмыс істейді. Сондықтан ауылдағы әрбір отбасының жеңілдетілген бағамен құрылыс заттарын алуға мүмкіндігі бар.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 шілде 2020 ж. 920 0