Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мәді қажы» ЖШС:әртараптандыру тиімділігі артуда

«Мәді қажы» ЖШС:әртараптандыру тиімділігі артуда

Іргесі 1967 жылы «Қызыл Ту» колхозы негізінде қаланған Шіркейлі совхозы құрылымдық жағынан бірнеше рет өзгеріп, «Шіркейлі» күріш совхозы, «Шіркейлі» өндірістік кооперативі, «Тапал ахун» акционерлік қоғамы, қазіргі уақытта «Мәді Қажы» ЖШС болды.

Шіркейлі совхозын үздіксіз 30 жыл бойы басқарған кеңшар директоры Жаңабай Азаматов ауылдың әлеуметтік жағдайын, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін салып басқарғанын ел-жұрт жақсы біледі. Іскер азамат басқарған жылдары 1976 жылы совхоз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Шіркейлі кезінде «Алтын құрмет» кітабына енгізілген. Ауылдан Социалистік Еңбек Ері Б.Мұстафаева шықты. ҚССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Қ.Майлы­қожаев, Б.Синаева сайланды. Кү­ріш­ші О.Сүлейменова ХХІҮ съезд делегаты болды.

Бүгінде «Мәді Қажы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі болып қайта құрылған шар­уашылықты ауыл азаматы Сейткамал Сұлтанов басқарады. Ол туған елді түлетуде аянбай тер төгіп жүрген ауыл жанашыры. Іскер азамат тұрғындардың әлеуметтік жағдайын бірінші кезекке қойып, ауыл даңқын асыруда аянбай еңбек етіп келеді.

Шіркейлі совхозын үздіксіз 30 жыл бойы басқарған кеңшар директоры Жаңабай Азаматов ауылдың әлеуметтік жағдайын, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге бар күш жігерін салып басқарғанын ел-жұрт жақсы біледі. Іскер азамат басқарған жылдары 1976 жылы совхоз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Шіркейлі ҚССР-дың «Алтын құрмет» кітабына жазылды. Ауылдан Социалистік Еңбек Ері Б.Мұстафаева шықты. ҚССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Қ.Майлы­қожаев, Б.Синаева сайланды. Кү­ріш­ші О.Сүлейменова ХХІҮ съезд делегаты болды.

Серіктестікте 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Биылғы жылы егістік алқапқа 450 гектар жаңа жоңышқа, 60 гектар жерге тұқымдық жоңышқа, 150 гектар бидай және 2300 гектарға Сыр салысы егіліп, күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім жиналды. Шаруашылық егілген өнімді уақытылы ысырапсыз жинау мақсатында техникалық базаның мол мүмкіндігін пайдаланды. База толықтай шетелдік техникалармен жабдықталған. Жаңа техникаларды жақсы меңгерген дала еңбеккерлері күні-түні еңбек етіп, жоғары өнім жинауға атсалысты.

Биыл егін орағының қорытындысына орай шаруашылық диқандары мол табысқа кенелді. Еңбектің жемісі ретінде бір комбайнер мен бір күрішшіге су жаңа екі шетелдік автокөлігі сыйға берілуге дайын. Сонымен қатар алтын дәнді күтіп баптауда еңбегімен ерекшеленген 120 адамға бағалы сыйлықтар үйлестіріледі. Мұнан басқа маусымды жетістікпен аяқтағаны үшін барлық жұмысшылар қосымша сыйақыға ие болады.

Шаруасы жыл өткен сайын ширай түскен серіктестік ауыл тұрғындарына 3000 қап ақ күріш, 10 мың дана жоңышқа және шөп пресстерін тегін таратты. Елде пандемия белең алған шақта шаруашылық жұмысшылар мен ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Ал аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көп балалалы отбасыларға қамқорлық жасау назардан тыс қалған емес.

– Елдің бірлігі – тәрбиеден. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген Әл-Фарабидің сөзінде керемет мағына жатыр. Өскелең ұрпақтың саналы да, тәрбиелі болып өсуі мектептен, ұстаз берген тәлімнен бас­талады. Сондықтан ауыл мектебінде қандай да бір мәселе туындаса, оны қолымыздан келгенше жылдам шешуге асығамыз. Балалардың, ұстаздардың жағдайын жасауға қол ұшын берген адам өмірден несібесіз өтпейді. Оқушыларға қажетті оқу-құралдарынан бастап, арнайы көлік әперуіміз – азаматтық парызымыздан туындаған міндет. Жыл сайын үздік оқушыларды ынталандыру үшін ақшалай сыйақы да тағайындаймыз. Болашақ – жастардікі, оған қолдау көрсету біздің азаматтық парызымыз, – дейді серіктестік басшысы С.Сұлтанов.

Айтса айтқандай, Сейткамал Абзалұлының туған ауылы үшін жасаған қамқорлығы мен қайырымдылық шаралары жетерлік. Соның бір ғана мысалы, ауыл балалары мен зейнеткерлер үшін тегін шаштараз ашты. Сонымен қатар, ауыл имамына, азаншыға, бір ветеринар маманға, пошта қызметкеріне тұрақты айлық төлеп отыру мәселесі шешімін тапқан.

Алдағы уақытта құрылысы басталған 500 бас мал бордақылау алаңы ауыл адамдарына тұрақты жұмыс орны болады. Биылдың өзінде құрылыстың 60 пайызы бітіп, алдағы жылдың қаңтар айында 100 бас бордақы мал әкеліну жоспарланған. Осылайша, облыс халқын етпен қамтамасыз етіп, Шіркейлі өнімін облыс халқына ұсынатын болады.

– Жер Ананы мәпелесең ризықты молынан береді. Ауыл адамдарының қандай да мәселесі болса, қол ұшын беруге әзірміз. Күні-түні еңбек ететін адамның жағдайын жасау – біздің міндетіміз. Еліміздің бірлігі болса, алынбайтын қамал жоқ. Алда жоспарымыз көп. Олардың барлығы халықтың игілігі үшін жасалатын болады, – дейді Сейіткамал Сұлтанов.

Аға буын өкілінің салған ізімен жүріп, өнегелі істің жалғастырушысы болған ауыл жанашырына ел бірлігі демеу болсын демекпіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 қараша 2020 ж. 627 0