Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіркейліде шаштараз ашылды

Шіркейліде шаштараз ашылды

Шіркейлі ауылында «Мәді Қажы»ЖШС демеушілігімен шаштараз ашылды. шағын ғана кәсіпкерлік нысан ел игілігіне қызмет етпек. Ауыл әкімдігінің бір кең бөлмесінде орналасқан тазалық орны ауыл тұрғындары үшін маңызды болып отыр. Өйткені мұнда балабақша бүлдіршіндері мен мектеп жасындағы ер балаларға және жетпістен асқан қарияларға қызмет тегін.
Жаңа нысанның жаңа оқу жылы қарсаңында ашылуы көптеген ата-аналар үшін қуанышты оқиға болды. Себебі кейбір ата-аналар бұған дейін оқушы балаларының шашын алдыру үшін қалаға сабылатын. Ал қалада жаңа оқу жылы қарсаңында кезектің қырғын болатыны айтпаса да түсінікті. Ал кейбір ата-аналар ауылдағы шаштаразға алдырып, ақы төлейтін. Ендігі жерде шаш алдыру балалар мен қариялар үшін тегін. Бұл он төрт жастан асқан жасөспірімдерге биылғы «Жастар жылында» жақсы сыйлық болды. Шаштаразды ашқан Рүстем Шәкірбек 25 жастағы ауыл тұрғыны. Ол қалада кәсіпкерлік бойынша екі ай оқып, сертификат алған жас маман. Шаруашылық белгілеген шаштараздың айлығы алпыс мың теңге. Бұл ауыл үшін аз жалақы емес. Айлығы мен бірге зейнетақы қорына қаржы түседі. Еңбек демалысы да бар. Сонымен қатар шаруашылықтың демеушілігімен шаш алатын машинка, тағы басқа жұмысқа қажетті керек-жарақтар толығымен алып берілген. Жас маман жаңа оқу жылы қарсаңында елу шақты баланың шашын алып, оқушылардың мектепке мұнтаздай болып баруына жағдай жасады. Шаштараз залы қазіргі заман талабына сай безендірілген. Үлкен айна, орындық, гигиеналық тазалық сақтауға арналған қондырғылардың бәрі бар.
Шаштараздың ашылуында ауыл әкімі Т.Құламқадіров, ардагер ұстаздар Б.Мақашев, Қ.Әбілқасым, Қаз ССР депупаты болған Б.Си­на­ева және тағы басқалар құттықтау сөз сөй­леп, лента қиды. Игі шараға аудандық экономика және бюджетті бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Ашықбаев, «Мәді Қажы» ЖШС директоры С.Сұлтанов, №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп директоры Ж.Назаров, «Нұр-бақыт гүлі» бала бақшасының меңгерушісі Г.Мусаева қатысты.
Шарадан соң демеуші Сейткамал Абзалұлын сөзге тарттық. – Биылғы «Жастар жылында» ауылда кәсіпкерлікті дамытуға тамшыдай болса үлес қоссақ деген мақсатпен шаштараз аштық. Балалардың қуанышына ортақтасудамыз. Ертең бұл балалар өскенде ауылымызда тегін шаштараз бар еді деп еске алып жүреді. Туған жерге деген патриоттық сезімі бой көрсетеді. Келешекте осы салонның жанынан қыз-келіншектерге арналған бөлім ашу ойымызда бар», – дейді С.Сұлтанов.
Балалар мен қарияларға тегін қызмет көрсететін шаштараздың ауыл тұрғындарының денсаулығы мен тазалық сақтауына ықпал ететінін анық. Олай болса, ауылда осындай әлеуметтік нысандар көбейе түссін дейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

07 қыркүйек 2019 ж. 1 250 0