Жетістіктер шыңы: абыройлы ауыл мектебі
Ауыл балаларына сапалы білім беруде ұстаздар ұстанған бағыт айқын. Шіркейлідегі Тағылымды білім ордасының педагогтары саналы ұрпақ тәрбиелеуде алдына жан салмайды. Бүгінде №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейде 90 мұғалім еңбек етуде.
Соңғы үш жыл қатарынан аудан мектептері арасында ауылдағы білімнің қарашаңырағы «Үздік білім ордасы» ауыспалы туымен марапатталған. Зор жетістікке мектеп-лицей ұстаздары жыл бойы атқарған нәтижелі жұмыстың арқасында қол жеткізіп отыр. Осындай нәтиже үшін мектеп-лицей ұжымына 2018 жылы «Мәді Қажы» ЖШС төрағасы Сейткамал Сұлтанов шағын автобус сыйға тартты. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жыл таңдауы – 2018» байқауында мектеп-лицей қызметкерлері «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациясымен марапатталып, білім ошағының мерейі үстем болған.
Жаңа білім ошағының заман талабына сай жасақталған сыныптарында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 600 орынға лайықтандырылған мектеп-лицей базасында «Компьютер», «Мультимедия», «Робототехника», «Лингафон», «Физика» «Технология» кабинеттері мамандандырылған бағытта жұмыс жасайды. Сонымен бірге 200 орындық асхана мен 180 орындық акт залы, спорт залы бар.
– Қазіргі таңда мектеп-лицейде 638 оқушы білім алуда. Осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген білім ошағы жаңа бастамаларға жол ашып келеді. Әр жылдары бітіруші түлектеріміз жоғарғы көрсеткішке ие. Өткен жылы мектеп-лицейден үш «Алтын белгі» және төрт «Үздік аттестат» иегерлері шықты. ҰБТ-ның көрсеткіші бойынша аудан көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз оқу грантына қол жеткізді. Бірнеше оқушы 100-ден жоғары балл еншіледі. Оның ішінде «Алтын белгі иегері» Ұлман Оңғарбаева 130 балл жинағанын мақтанышпен айта аламыз, – дейді мектеп-лицей директоры Жанболат Опабекұлы.
Биыл 1-сыныпқа 67 бала қабылданған. Қазіргі ахуалға байланысты санитарлық талап мектеп-лицейде толықтай сақталған. Күнделікті медпункте балалар мен ересектердің дене қызуы тексеріліп отырылады. Ал кез келген адамның денсаулығынан кінәрат табылған жағдайда оқшаулау бөлмесіне алынады. Әр сыныпта таңертеңгілік сабақ басталмас бұрын «Кварц» сәулесі арқылы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда мектеп-лицей жанынан ашылған «Күншуағы» шағын орталығында 3 топта 60 бала тәрбиеленеді. Карантин уақытында шағын орталық бала қабылдамайды. Дегенмен, күнделікті шағын орталық педагогтары ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. «Күншуағы» шағын орталығында жаңаша сипатта безендірілген балалар әлемі жасақталған.
Жаңа оқу жылында №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің ұжымы тың бастамаларды жүзеге асыруда. Ұлтымыздың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерейтойы аясында бірқатар шаралар қолға алынған. Мұнда дәстүрлі түрде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіраш Жәмішов пен қазақ сатирасының сардары Қалтай Мұхамеджановқа арналған көркем сөз оқу шеберлері сайысы өткізіліп тұрады.
– Біз жыл басында ұжым болып оқу жылында атқарылатын жұмыстарды өзара талқылаудан өткіземіз. Қазіргі таңда пандемияның салдары барлық саланың жұмысына кедіргі келтіруде. Туындаған қиындықтарға қарамастан оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жобалар мен олимпиадаларда зор жетістікке қол жеткізуде. Айта кету керек, жақында мектеп-лицей ұжымы білім саласындағы барлық міндетті талаптары бойынша құжат дайындап, «Республиканың үздік мектебі – 2020» онлайн байқауында ҚР-ның оқу орындарының арасында «ҚР үздік аудандық лицей, гимназиясы» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі орынмен марапатталды. Сонымен бірге, облыстық «Бал билері» байқауына мектеп оқушылары қатысып, ІІ жүлделі орын иемденді. Ал «Дабыл қағушылар» байқауына қатысқан шіркейлілік оқушылар ІІІ орынды жеңіп алды. Республикалық «Юниорлық» олимпиада қорытындысында Алтынай Рүстембек ІІ орынмен марапатталды. Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиадасынан Ақбаян Тілеуқабыл биология пәні бойынша І орынға қол жеткізді. Тағылымды білім ордасының шәкірттері тұрақты спортпен шұғылданып келеді. Мысалы, республикаға танымал жаттықтырушы Үсен Маханбетовтің шәкіттері – шахматтан халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, – дейді мектеп директоры Ж.Назаров.
№129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейін биыл 32 оқушы тәмамдайды. Оның ішінде 6 «Алтын белгіге» және 1 «Үздік аттестатқа» үміткер бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ