Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

АУЫЛ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Жақында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Байділда Жылқышиев ауданға іссапармен келіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Шіркейлі ауылының тынысымен танысты. Құрметті мейманды аудан әкімі Ғ.Қазантаев күтіп алды. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, «Мәді-Қажы» ЖШС төрағасы С.Сұлтанов, қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Әбілқасымов, ауыл әкімі Т.Құламқадіров бірге жүрді.
Алдымен халық қалаулысы елді мекендегі №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейге барды. Атап өтерлігі, білім ордасының директоры Ж.Назаров Елордада өткен республикалық байқауда «Үздік директор – 2018» аталымы бойынша марапатталды және жыл қорытындысымен «Ең шығармашыл директор» атанған еді. Сонымен бірге 2018-2019 оқу жылында білім ұясы екінші мәрте «Үздік білім ордасы» атты ауыспалы туды жеңіп алған болатын. Ауыл мектебінің жетістіктеріне орай «Мәді-Қажы» ЖШС мектеп-лицей ұжымына «Hyundai Grand Starex» автокөлігін сыйлыққа берген еді.
Үздік білім ордасында Мәжіліс депутаты ұстаздармен пікір алмасты. Білім беру саласына қатысты ұсыныс-пікірлер болса халық қалаулысы ретінде Үкіметке жеткізетінін айтты. Мектеп-лицейде «Робототехника», «Информатика» және басқа да кабинеттерді аралап, білім ошағының материалдық жағдайымен танысты. 2016 жылы пайдалануға берілген жаңа мектеп қазіргі заман талабына сай екенін атап өтті.
Мұнан соң мәжілісмен ауылдағы «Нұр-Бақыт» балабақшасында болды. Іргелі ауылдағы балабақшада бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Заманауи талапқа сай компьютер сыныппен де қамтылған. Мұнда халық қалаулысы болашақ ел тұтқаларына жақсы тәрбие беру қажеттігін тілге тиек етті.
Келесі кезекте құрметті мейман Жаңабай Азаматов атындағы орталық алаң арқылы ауылдық мәдениет үйін аралады. Мәдени ошақтағы бүгінгінің талабына сәйкестендірілген көрермен залымен, сонымен қатар кітапхана жұмысымен танысты. Шіркейлі ауылындағы нысандарды аралағаннан кейін Б.Жылқышиев аймақтағы алдыңғы қатарлы аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнда игі істер көп екенін айтып, ауданның дамуына оң бағасын берді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
13 шілде 2019 ж. 1 111 0