Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

№35 газет

04 мамыр 2024 ж.

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Қоңыр мұң

Бірінші әңгіме

Шағын Тереңөзек ауданында алпысыншы жыл­дардың ортасында жұрт бұрын-соңды естіп-білмеген сорақы оқиғалар көбейіп кетті. Сол ауылдағы әр үйде не болып жатқанынан бірінші болып құлақтанатын қолындағы азын-аулақ қой-ешкісі мен жалғыз сиырларын сауып, өріске жаю үшін, бақташыға қосып жіберуге іңірден тұратын әйелдер. Ол кезде Кеңес үкі­меті ауылда тұратын халыққа бір ірі қарадан жә­не азғана ұсақ малдан артық ұстауға рұқсат бермейтін.
Күздің жаймашуақ бір күнінде орталықтағы азық-түлік дүкенінің жанында Күлпаш пен Әмина атты екі құрбы келіншек кездесіп қалды. Жас­тары отыз бестер шамасындағы бұлар аудан орталығындағы қазақ мектебінде бірге оқыған. Ерте тұрмыс құрған бұл екеуінің де арнайы мамандықтары болмағандықтан, тиянақты жұ­мыс­тары жоқ, күйеулерінің табыстарына қарап, жас балаларын бағып-қағып, үй шаруасымен айналысады. Екеуі де ақжарқын, әзілқойлықтан алдарына жан салмайды.
Ауыл жаңалықтарын да бірінші болып естіп, тарататын қатын-қалаштардың қатарында бұ­лар да бар. Кішкене бойлы, жұмыр денелі, екі аяғы балғадай, көмірдей қара шашын ортасынан екі айырып, қос бұрым ғып өріп желкесіне түйіп жүретін Әмина тап-тұйнақтай, шалт қи­мыл­дайды, бар шаруасын тез тындырып тас­тап, маңайдағы үйлерге де кіріп-шығып, соң­ғы жаңалықтарға құлағының құрышын қан­­дырып, оны басқаларға айтып та үлгіреді. Күйеуі Әлмырза – көп сөйлемейтін момын жігіт, астық дайындау комбинатында көлік жүргізүші болып істейді. Ол күні-түні сықырлаған жүк машинасынан түспей, аудан мен күріш егістігінің арасында, қыстың күндері ғана қолы босағаны болмаса, басқа кезеңдері апталап үй көрмей, сабылады да жүреді. Әминаның өзінің де, күйеуінің де әке-шешелері совхозда тұрады, олар азын-аулақ мал ұстап, шаруашылықта жұ­мыс істейді. Бұлардың біріне-бірі ілескен, алдыңғылары мектепте жоғары клас­та оқитын үш ұл, бір қызы бар. Ал Күлпашты жұрт «сары қатын» деп атап кеткен. Өзі шынымен сап-сары, шашы да ашық қоңыр, көзі бадырайған көкшіл, жасына жетпей толып кеткен, әсіресе, ыстық күндері ырсылдап зорға қимылдағанына қарағанда, денсаулығы да шамалы болуы керек. Бірақ дәрігерге көрінуден ат-тонын ала қашады, өйткені солардың қателескенінен асқа­занға жасалып жатқан ота үстінде, бұл он алтыға енді толғанда анасы қайтыс болған екен. Мұның күйеуі Құлахмет те шопыр, үсті брезент «Уазик» жеңіл машинасымен «Ауыл шаруашылығы техникасы» атты мекеменің бастығын тасиды. Ол да «командировкалатып», көбінесе үйде бола бермейді. Бұлардың мектепте оқитын бір қыз, бір ұлы бар. Күлпаш енесімен бірге тұрады, сондықтан әңгіме-дүкен құрып жүруге, Әминаға қарағанда мүмкіндігі аздау.
– Әй, Күлеке, аман-есенсіңдер ме? Байың қа­сыңа көптен бері жатпаған ба, еңсең түсіп кетіпті ғой. Байқа, Құлахметің бастықтармен жүреді, олардың қалтасында ақша, астарында көлік болғандықтан, есіріп қыз-келіншектермен ойнап-күлгіш екендерін естіп жүрміз ғой, күйеуің біреуге ғашық болып, басы ауып қалмасын. Анау Баймахан ше, әлгі су шаруашылығында ин­женер болып істейтін еңгезердей қара жігіт бар ғой, сол махаббат үшін қырылысып жатыр, әнеки, – деп бас­тады әңгімесін Әмина, құрбысымен апыл-ғұпыл амандаса салысымен, оны ынтықтыра түсіп.
– Аманбыз, әйтеуір, жүрміз ғой сүйретіліп. Ойпырмай, Баймаханға не болып қалыпты. Ол Анарға үйленейін деп жүрген жоқ па еді? Оны қойып, тағы біреуге ғашық болыпты ма? – деп Күлпаш та әңгімені іліп ала жөнелді.
– Ие-е-е, сен өзің маужырап жүріп біраз нәрседен құр қалыпсың ғой. Ойбай, ол қызды Қалыбай деген прокурор жігіт ше, өзі Баймаханмен дос екен, сол алып қашыпты. Артынша Баймахан бірнеше жігіттерін ертіп барып, Қалыбайды ұрып жығып, Анарды тартып алып кетіпті. Сөйтіп Баймахан үйіне барғаны сол-ақ екен, прокурор ғой, ол не істеуші еді, милиция жіберген, «күштінің арты диірмен тартады» дегендей. Олар Баймаханды қамауға ал­мақшы болған. Содан Баймаханның жолдас жігіттері милицияны сабапты. Кейін тағы бір топ милиция келсе, бұлар үйдің есігін ішінен тарс жауып алып, ауладағы қабаған итті шынжырдан босатып жібереді. Содан милиционерлер қолдарындағы радио сияқты «мегафон» деген бірдеңемен: «жақсылықпен шығыңдар, әйтпесе, көкелеріңнің тойын көресіңдер!» – деп ке­ше кешке дейін айқайлап тұрғанын сен қалай естімегенсің, бүкіл Тереңөзек шулады ғой, –дейді Әмина әңгімені қызығына жеткізгенше асығып.
– Әрмен қарай айтшы. Сонымен Баймахан байғұсты қамады ма?
– Қамамай қоюшы ма еді милиция дегенің. Өзі прокурорымен қоса милициясын ұрса, қа­мап қойған, әрине.
– Анар не істеді екен? Өзі үріп ауызға сал­ғандай әдемі қыз ғой. Жігіттер таласпай қайт­сін?! Баймахан екеуінің жүргеніне де біраз бол­ды ғой, неге осы уақытқа дейін үйленіп ал­маған екен өздері? Екеуі қол ұстасып киноға, тойға бірге барып жүргенін көріп жүрміз. Анау Қалыбай прокурорлығын пайдаланып қыз көн­бесе де алып қашқан да, заң өз қолында ғой, – деп Күлпаш та қызына түсті.
– Анарың мықты екен. Баймаханды мили­ция алып кеткеннен соң, ол жолдың арғы бетінде тұратын Баймаханның күйеудегі қа­рын­­дасының үйіне барып, «мен Баймаханнан ешқайда кетпеймін» деп, сонда қалыпты. Анар қыз өзі мұғалім ғой. Туған жері Жалағаш жақта, Қызылордадағы мұғалімдер инс­титутын бітіргеннен кейін жолдамамен осында келіп жұмыс істеп жүрген. Мұнда бір ағайындарының үйінде тұрып жатқан көрінеді. Ал Баймаханның әке-шешесі құмда мал бағады екен. Өзі қала­дағы су шарауашылығы институтын бітіріп келіп, қызмет істеп жатқанына екі жылдай болған, пысықтығынан аудан басшылығынан екі бөлмелі жер үй алып та үлгеріпті. Жаңағы оқиға сол үйде болған.
– Әй, жараған екен Анар қыз, шын сүйеді екен. Қарашы ананың прокурорлығына да қызықпай, сатылмауын. Енді милиция дегенің оңайлықпен Баймаханды шығарса болғаны ғой.
– Баймахан еркек екен, жолдастары көп, бәрі шетінен қызметкер. Оқығанның жөні бөлек қой, біздердікінің машинаның бұрандасын бұрағаннан басқа ештеңе қолдарынан келмейді. Ойпырмай, ең болмаса, анда-санда қолы босағанда бір мейіріңді қандырып әңгімелесуге де жарамайды ғой. Онымен бірге қонаққа бара қалсаң, арақ ішіп алып әркімге әкіреңдеп, масқараңды шығаратынын қайтерсің. Әйтеуір, байға тиіп, балалы болған соң, алдап-сулап «сенікі дұрыс, сенен жақсы жан жоқ» деумен көлгірсіп, әртіс болып, «жұртқа күлкі болып қалмайын, жаман болса да балаларымның әкесі ғой, жас­тайымнан қосылған қосағым, бұған менің жаным ашымағанда кімнің жаны ашидымен» өзін-өзі басумен келе жатыр ғой, мына пақыр құрбың, – деп Әмина Баймахандай азаматқа тамсанып тұрып, байқаусызда өзінің өміріне налитынын Күлпашқа білдіріп қойғанына намыстанып қалды да, артынша дереу онысын жуып-шайған болып:
– Әйтеуір, Анар екеуі қосылып, бақытты болсын. Қой, мен әңгіме соғып тұрғанда үйдегі балалар мектептен келіп, қарындары ашып қалған шығар, – деп ол тез қоштасты да, жіберген ағаттығына жыны ұстап, енді өзінің күйеуі туралы айтқаны бүкіл ауданға жайылатынына іші күйіп, алай-дүлей болғанын байқатпауға тырысып, аяғын шапшаң басып жүріп кетті.
Бұл оқиға рас болып шықты. Он күн өткен соң, Баймахан ақталып шығып, Қалыбай про­курорлық қызметінде ауызша сөгіс алған.
Баймахан мен Анардың үйлену тойы аудан орталығындағы асханада дүркіреп өтті. Ағайын-туыс, жора-жолдас мәз-мейрам болып қуанып, екі жасқа бақ тіледі. Барлығы махаббаттың, адалдықтың, шынайы сезімнің жеңетініне сенім­дері артып, өмірдің көлеңкесінен гөрі шуағы көп екеніне көздері жетіп, көңілдері жайланған еді. Бұл сенім мен жеңіс тойы болды.
Бірақ өмірдің аяқ астынан күрт бұрылыс жасайтын кездері көп екен. Жас жұбайлардың ба­қыты ұзаққа бармады. Жарты жыл өтпей жатып Анар кенеттен электр үтіктің жалаң сымына қолы тиіп кетіп, тоқ тартып, кенеттен қайтыс болды. Екіқабат екен, ішінде үш айлық нәрестесі кетті. Содан кейін Баймаханның құр сүлдері қалған, оны көрген адамның іші-бауыры езіліп қоя беретін. Бір жылдай ол жан қасіретін жұртқа білдірмей жүрді. Жүзі қуарып, солғын жанары айдаланы кезіп, жанындағылармен сөйлесіп тұрса да, оның көңілі алаңдап, бас­қа жақта сияқты болатын. Бір күні ымырт түскенде көршілердің электр жарығы өшіп қалған. Аудандағы жалғыз монтер Гриша деген орыс жігіті үйінен табылмапты. Содан Баймахан оның құрал-саймандарын шешесінен сұрап алып, аяғына темір кісен тістеуігін киіп, белін шынжырмен электр сымы тартылған ба­ғанға бекітеді де, оған өрмелеп шығып үзілген жерлерді жалғастыра бастайды, қолы икемге келмеген соң резеңке қолғапты шешіп тас­тапты. Бір кезде Баймаханның шырқыраған жан дауысы шыққанын естіген үй иелері мен көршілер болған сұмдықты көздерімен көреді. Баймаханның шаштары шатырлап жанғанда, оның зарлап, көмекке шақырған жан дауысын есіткен қатын-қалаш өкіріп, зәрелері ұшып, балаларды алып қаша бастады, еркектер бағанды айналып, жүректері қақ айырылардай аһ ұрып, дәрменсіздіктен далбасалап беталды жүгіріп жүр. Оған жақындаса өздері құритынын бәрі біледі. Біразға дейін Баймаханның жанұшыра ышқынып шыңғырған дауысы кешкі ауада жаңғырып, иттер үдере абалап, мал үрейлене маңырап жан-жақтың бәрін тітіркендіріп, түр­шіктіріп жіберді. Баймаханның қап-қара көмір­дей болып күйген денесін көрген жұрт ба­қырып, ойбайлап кетті, одан кейін қарауға ешкімнің де дәті шыдамады. Діңкелері құрып, аулаққа қашып барып, жүректерін ұстап, еңкілдеп отырып еңірегендер мұндай азап өлімді бұрын-соңды көріп білмеген-ді.
Баймаханды жоқтап, егілмеген жан жоқ. Оның мәйіті Анардың жанына қойылды. Оларға арнап Махаббат мазарын салдырған туған-туыс, жора-жолдас мына жолдарға екі ғашық жан­ның ғұмырының мағынасын сыйғызғандай: «Олар сүйді, өртенді, күйді. Мәңгілік Махаббат әлеміне бірге ұшты».
Бұл оқиға талай адамның жан-дүниесінде қопарылыс жасап, көп ой салғандай. «Мына жарық фәниде бірін-бірі сүйгендер неге бақытты бола алмайды? Неліктен жақсылардың ғұмыры келте?» – деген сұраққа әр пенде өзінше жауап іздеп әлек болды. Бастары қосылғанда ауылдастар Баймахан мен Анардың аянышты тағдырларын көпке дейін тебірене айтып, әсіресе әйелдер жағы, көз жастарына ие бола алмай қалатын. Біреулері: «Осы тіл-көз деген жаман. Жақсыларға сұқтанғанды қоймайды бұл қазақ. Түк көрмегендей тамсанып, таңырқап, таңдайларын қағып жүреді кейбіреулер. Іштерін қызғаныш тырнап жататындары да бар. Соның бәрі оңдырсын ба адамды. «Тіл-көз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой» – десе, екіншісі: «Әжелеріміз отпен, адыраспанмен үйді де, балаларды да аластап жатушы еді. Қазір соның бәрін «ескінің қалдығы» деп ұмыттырды ғой. Негізі сол дұрыс, әр адамның бойы ауыр тартып, ластанатыны рас, соны тазартып тұру керек», – деп қоштап қояды. Үшінші біреуі: «Айналып келгенде бұл тағдырдың ісі. Маңдайға өмірің жазылып қояды деген рас, ей. Тіл-көз әлсіз жас балаға, әлжуаз адамдарға тиеді, ал қылшылдап тұрған қыз бен жігіттің күш-қуатын тесіп шыға алмайды», – деп өз ойын ортаға салады. Осылай жұрт Баймахан мен Анардың ауыр қазасынан кейін есін әрең жия бастағанда Тереңөзекте тағы бір жантүршігерлік жағдай болды.

Екінші әңгіме

Жаңыл әжейдің отағасы да, тұңғыш ұлы да Ұлы Отан соғысында қаза болған. Өзі Қараман деген жасы жиырма бестердегі баласының қолында тұрады. Ол тепсе темір үзетін, тапал бойлы, қос жауырыны қақпақтай, екі иығына екі адам сиятындай жігіт. Өзінің мінезі шатақ, көп сөйлеп жатпайды, шымбайына бататын сөз естігенде, дөңгелек шүңгіл көздері шатынап, жуан жұдырығын ала жүгіретіні бар, бірақ көңілі кеткен адамынан жанын аямайды, достық сертке, сөзге берік. Оның қолы ашық, көнілі жомарт екенін ауылдастарының бәрі біледі, көбісі одан сескенеді де, әрі сыйлайды. Осы Қараман жер аударылып келген шешен ағайындардың Зура атты қызына үйленген, одан Қайрат, Айбат атты екі ұлы бар. Зура орта бойлы, талдырмаш, ұзын қоңыр бұйра шашын екі өрім етіп арқасына салып, басынан орамалын тастамайтын әдеміше келген сары келіншек, өзі азық-түлік дүкенінде біраздан бері сатушы болып істейді. Ал Қараман тиянақты еш жерде тіршілік етіп қарық қылмайды, жүрген ортада адамдармен айқасып қала береді, сөйтіп жұмыстан шығарылады. Бірақ ол өзі бірінші болып ешкімге тиіспейді, ойын-қалжыңды көтермей, кейде Құдай ұрып, боксқа үйренген қолын сілтеп қалады да, артынан біреу түсіндіргенде қателігін ұғып, ыңғайсызданып, мойны салбырап жүргені. Өзі сөзге шорқақ болғандықтан ба, әлде намыс көре ме, әйтеуір, жіберген ағаттықтарына кешірім сұрай алмайды. Темір жол стансасында вагондардан көмір түсіріп, аңға шығып, балық аулап, жігіттермен бірге күріш орып, кесек құйып жүріп, әйтеуір бала-шағасын асырайтын жалғыз ұлының аман-есен көз алдында жүргеніне шүкіршілік етіп, Жаңыл шешей күніге Тәңірге тәубе айтып отырады. Бір күні өзінен бес жас кіші, былтыр жазда жасы жетпіске келіп қайтыс болған Қарашаш атты көршісінің асында оты­рып осы Жаңыл шешей:
– Азаматтың жөні бөлек, табысы да берекелі ғой. Шүйкебас ұрғашылар, біз, әлімізге қарамай, соларға дікеңдейміз-ау, өзіміз тауды қопарардай болып. Кейде, тіпті кеудемізге нан пісіп кететіні де бар. Мұның бәрі айналайын асылдан жаралған ер-азаматтардың арқасында. Қатындардың да тайраңдайтыны арқасүйер жарлары, ұлдары болғандықтан. Еркек деген күш-қайрат қой, еркінсігенді имендіреді, басқа шыққысы келіп кердеңдегенді сабасына түсіретін айбат пен қуат қой. Әже-апаларымыз осыны жақсы түсініп, ер-азаматтарының төбесін көкке көтеріп өткендері сондықтан. «Еркегі жоқ үйді жын-шайтан билеп-төстейді» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Қаншама ел мен жердің тірегі болған апайтөс, жүректерінің түгі бар азаматтарымыздан анау өткен қу соғыста айы­рылып қалдық. Одан кейін мына үкімет қатын-қалаштың қолтығына су бүркіп қойып, еркек біткенді солардың аяғына жы­­ғып, теңдік деп байтал біткенді тайраң­датып, қайран азаматтарды жасытып, «қит» етсе, «әйеліне тіл тигізген, қол көтерген» деп жиналысқа салып, жігерлерін құм қылды-ау есіл ерлердің. Өстіп ұрпағымызды бұрыңғы аталарымыздың ер, қайсар әрі мәрт мінездерінен бірте-бірте айырып, дүбәрә етіп жібермесе болғаны. Айналайын Қаражаным, әкесінен он жасында қалып еді, Құдайға шүкір, жұрттың баласынан кем болып өскен жоқ, еркелігі бары рас, бірақ көңілі таза, адал, бәріміздің жанашырымыз, қорғанымыз, тірек-сүйенішіміз. Анау Зура келіннің, шешеннің пысық-ақ қызының, бір ай итіңдеп жүріп тапқан табысын бірнеше күнде кіргізіп отыр ғой арыс­таным, аман болсын. Осы қара баланың алдында өлсем енді менде арман жоқ, артымда немерелерім қалып, өсіп-өніп мені естеріне алып жүрсе болды, ризамын өміріме», – деп шашы сиреп селдіреп қалған басынан суси беретін, былтыр баласы Алматыдан сыйға әкеліп берген, шашағы бар ақ ләтте орамалын шот маңдайына тартумен әлек болып, сөйлеп отыр.
Жиналғандардың ішінде аудан әкімшілігінде есепші болып істейтін жасы қырықтағы, күйеуінен үш баласымен ажырасқан Сапура атты көзі жыланның көзіндей шағыр, сумаңдап қалған әйел еріні-ерініне жұқпай, сампылдай кетті:
– Шешей, сіз өкіметке өйтіп тіл тигізіп сөйлемеңіз. Әйелдердің тырнағына тұрмайтын кейбір еркектер бар. Өздерінің қолдарынан иә тіршілік істеу келмейді, иә өз бастарын алып жүре алмайды. Тапқанына арақ ішіп келіп отбасына ойран салып, балаларының зәресін ұшырып, әйелін көгала торғайдай етіп сабап, ертеңіне түк болмағандай болып жұмысына барып, миығынан күліп жүргені. Сол еркексымақтардың мұндай айуандығына кім тыйым салуы керек? Ондайларды жиналыс­та беттерін аймандай етпесең, ешкімнен қорықпайды. Сондықтан басқа амалы жоқ болғандықтан, әйелдері олардың жұмыс істейтін жеріндегі партия немесе кәсіподақ ұйымдарына барып, күйеуін тәртіпке шақыруды талап етуге мәжбүр. Өйтпегенде, әйел байғұстың ішкені ірің, жегені желім болып, күнде еңіреп, сол оңбаған еркектің тепкісінен өлуі керек пе?
– Әй, қарағым, мына сен сияқты айылын тыймай сұңқылдап қалған қатынға қандай еркек шыдап, төтеп бере алады. Ол сонда «аш құлақтан тыныш құлақ» деп үн-түнсіз милау болып жүре беруі керек пе, сендерше. Ер-азаматтың бірде көңіл қошы болады, енді бірде іштей тынып қиналып жүреді. Олар қатындарша көп сөйлеп, сөз сапыра бермейді. Сондықтан әйелі оның қас-қабағына қарап-ақ бәрін түсініп, әрнерсені шатып, күйеуін көп мазалай бермей, қайта дәмді тамағын ауызына тосып, жақсы қылық танытып, жұмсақ мінезімен жүрегін жібітуі керек қой. Қазіргі қатындар еркектің қадірін білмейді. Соғыстан кейін жас қыздар жігіт түгіл шалға зар болып қалған еді. Енді, міне содан бері отыз жыл өтіпті, сол арада адамдар қандай өзгеріп кеткен, о Жасаған, тәкаппарлықтан сақтай гөр мына пенделеріңді, – деп Жаңыл шешей, күрсініп, әрі қарай сөйлей алмай, алқынып қалды.
– Сонда еркектер қиналып, көңіл күйлері болмағандықтан ішіп алып, әйелін сабаулары керек екен ғой. Ол әйелі де үкіметтің жұмысын сол сияқты істеп келіп, шаршап-шалдыққанына қарамай кешке үйіне келісімен от жағып, ас әзірлеп, кір жуып, малға қарап күң болып жүре бергені дұрыс қой, еркегін аялап. Ондай ескі түсініктен арылып, жастарды теңдікке, бір-бірін түсінушілікке тәрбиелеу керек. Осы сіздердей кемпірлер, баяғының қалған-құтқан сарқыншақтарын еркек балалардың миына құйып, оларды заманмен бірге алға жылжуға бейімдеудің орынына, кері тартып құртып жүрсіңдер, – деп Сапура сөзін үстемелете түскен. Бір кезде екеуінің сөз таласын тыңдап отырған жұрттың ішінен Жаңыл шешейдің замандасы, кезінде ел басқарған, халқына сыйлы Нұрғожа ақсақал жақтырмай:
– Енді әңгімені доғарыңдар, тапсына бермей. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген заманға тап болдық, амал нешік?! Жақсы әйелдің жөні әрқашан есті азамат үшін бөлек болған, оған қол көтермек түгіл маңдайынан шертуге батпаған бабаларымыз. Сондықтан қыз балаға ерекше тәрбие беріп, оны ер-азаматтың табиғатын тануға кішкентайынан үйреткен, өйткені ер мен әйел болмысы бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек дүние екенін бұрыңғылар білген ғой. Қазір сол білімнен ажырап қалған бұл байгұстарға несіне кінә артасың, Жаңылжан, бұлардың обалы бәріміздің мойынымызда, – деп ол сөзін аяқтады. Содан кейін бұл әңгімені ешкім қайтып қозғаған жоқ, келген жұрт етін жеп, шәйін ішіп, ішкен-жегенін әруаққа бағыштап, дабырласып тарқасты.
1968 жылдың мамыр айының соңы болатын. Жер беті гүлденіп, масатыдай құлпырып, күн нұрымен жарқырап, жасыл әлем көңілдерді шаттандырып, жұрттың бәрі бір-бірімен қуана қауышып, жарық дүниенің рахатына шомып, хош иісі бұрқырап, жайқалып, жайнап өскен бау-бақшасына қарап жүректері елжіреп, өмірге жаңадан келгендей, думанды еңбекке құлшына кірісіп кеткен еді.
Осындай күннің бірінде көңілі шалқып жүріп Қараман Қызылорда жаққа барып, үйідегілерге базарлыққа жазғы киім-кешек алып, анасын, әйел, бала-шағасын бір қуантқысы келген. Жақында ғана біреудің үйін салып, оны көтеруге көмектескеннен қолына азын-аулақ қаражат түскен болатын. Ауылдан бір жаққа жол жүру оңай емес, өйткені автокөлік жұртта жоқ, қалаға күніне екі рет қатынайтын ескі автобустың іші жолаушыларға лық тола. Жүйрік пойыздар бұл шағын стансаға тоқтамайды, ал екі-үш минутқа аялдайтындарына кассада билетті таныстықпен үш-төрт адам алар-ау, бірақ олар Қызылордаға дейін жетпіс шақырым бойы бәрібір, көбінесе түрегеліп барады. Сондықтан билетсіз жұрт есігі ашылған вагондарға «лап» беріп, бір-бірін итере, сүрініп-қабынып, таласа-тармаса жүгіреді-ай кеп. Олар өздерін жолсеріктердің өңмендерінен кейін қарай итеріп жатқанына қарайтын мұршалары жоқ, ентелеп, тек ішке кіріп алса болды, әрмен қарай бір амалы табылатынын біледі. Ақшаны алған соң жолсерік сырт көз үшін дауысын көтеріп бір-екі ақырып алады да, алыс­тан келе жатқан жолаушылардың жандарынан орын тауып шоқиып отырған бұлармен кейін жұмыстары да болмайды. Ал жастар жағы тамбурда тұрып барады. Мұндайда ең қиыны билет тексеруші-ревизорлар, олардың келе жат­қанын жолсеріктер бір-біріне хабарлап отырады да, өздерінің билетсіз мінгізген адамдарын жасыруға тырысады, әсіресе жаңағы тамбурда тұрған жастар жағы мұндайда вагоннан-вагонға өтіп, тығылуға мәжбүр. Жұрт берген ақшаны бұлар да береді-ау, бірақ қашуға тура келеді. Бір жағынан осы жағдайларға байланыс­ты, ал кейде жастардың қалтасында тиын-тебен тапшылығынан болар, әйтеуір бозбалалар мен жігіттер жүйіткіген пойыздың үстіне мініп алып, қала мен ауыл аралығында жүре беретін еді. Оларды милиция әр стансада аңдып жүріп, ұстаса қамап тас­тайтын. Бірақ бәрібір ешбір пойыздың төбесі бос болмайды. Қашан көрсең әр вагонның үстінде бірнеше ер бала тынымсыз жүгіріп жүргені, оларға қарап, жұрт таңданбайтын да болған, «әй, осылар қалай қорықпайды, өздері жүрек жұтқан ба?» – деп қатын-қалаш анда-санда айтып қойғаны болмаса, жұрттың көзі бұл көрініске үйренген. Поездың төбесінде де әрбір ауылдың атамандары өз билігін жүргізуге тырысады. Бір топтың жігіттері екінші топтыкімен ұстасып қалса болды, жүйіткіп бара жатқан поездың үсті қырғын төбелес болып кетеді. Осындайда кейбіреулері құлап кетіп, мерт болатын жағдайлар кездесіп тұрады.
Қараман да пойыздың үстіне мініп жүре беретін. Осы жолы да сол үйреншікті әдіспен Қызылордаға жетіп қалмақшы болған еді. Пойыздың төбесінде бүгін бозбалалар әдет­тегіден көбірек екен, ересектен өзінен басқа ешкімді көре алмаған ол вагоннан-вагонға өтіп келе жатқанда бірнеше баланың төбелесіп жатқан үстінен түскен. Жастары он бес-он алты шамасындағы бұларды Қараман бұрын кездестірмеген, олар басқа жерден мінген болулары керек, әйтеуір ішінде өзі танитын ешкімді байқай алмады. Шатасып қалып, бір-бірін ұрғыштай бастағандарды ажыратпақшы болған мұның өзінің жағасына бірнеше бала жармасқан. Тар жерде, жүріп бара жатқан пойыздың үстінде кішкене артық қимыл жасауға болмайтынын білетін Қараман әлі ақыл тоқтатпаған мыналарға «қойыңдар, сендер жердің үстінде емессіңдер, құрисыңдар ғой», деп айта беріп, өзінің алқымынан алғандардың қолдарын қағып, кейін шегіне бергенде, балалардың біреуі оны итеріп жіберген. Содан ол пойыздың астына түсіп, басы мыжылған. Қараманның жансыз денесін ертеңіне «Қара­өзек» деген стансаның ар жағынан милиция тауып әкелгенде «Жаңыл әже немерелері мен келінінің жүректері шерлі болып қалмасын деп, ойбайлап ішіндегі зарын да шығара алмапты» дейді жұрт. Сөйтіп ішінен тынып, сүйекке кірген үш ер кісіден басқа ешкімге ұлының мәйітін көрсетпей, оны үйден алып шығып бара жатқанда Жаңыл шешей жалғызы Қараманмен қоштасып, көзінің жасын бұлап тұрып: «Қош бол, өжетім, аңқылдағым, адалым! Батырлық пен қайсарлық тек жауға шапқанда ғана керектігін саған үйретпеппін-ау. Мына дүниеде өмір сүру үшін бейімделіп, тік мінезді сындырып, жұмсарту керектігін айтпаппын-ау саған, мен қу бас. «Батырлар тұқымысың, ер-мінезді, мәрт, кешірімді бол, екі сөйлегені ердің өлгені, әділетсіздікке қарсы тұр, әлсіздерге қорған бола біл, адамдарға қол ұшын беруден аянба» деп тек ізгілікке баулығанда, ажалың адамнан болатынын білсемші», – деп еңірегенде Жаңыл әженің етегі жасқа толған.
Қараманның өліміне кінәлі жасөспірім балалар шекаралас жатқан Жалағаш ауданынан екен. Жаңыл шешей оларды соттатпады. Сондағы қарт ананың сотта сөйлеген сөзі жұртты қатты тебіренткен еді. Оқымаған қарапайым қара кемпір осылай сөйлейді деп ешкім ойламаған.
– Мен анамын, менің ұлымды мерт қылған баланың да анасы осында отыр, – деп бастады сөзін Жаңыл шешей. – Ешбір ана баласына «біреуді өлтір» деп үйретпейді, себебі ол өмірге нәр беруші, жарық дүниеге тірі жан келтіруші. Осы басыма түскен қайғы маған біраз ой салды: біздің, қазақ әйелдерінің, көп жақсылығымыз бен қатар, кемшілігіміз де аз емес екен. Біз ұрпағымызға өмірде кездесетін жауыздықтан, кесір-кесапаттан, пенделердің ақымақтықтарынан, көрмедіктерінен қорғану­ды үйрете алмаппыз, өйткені оны өзіміз де білмейміз. Көкірек көздері ашық, ақылгөй әжелеріміздің адам болмысының өте бір маңызды қыры – бейімделе білуді біздің аналарымызға жеткізуге мүмкіндігі болған жоқ. Мына кең байтақ даламыз талай қырғын, соғыс, төңкерістер мен жаугершілікті көрген. Салт-дәстүр, өнегелі тәлім-тәрбие тәжірибесі үзіліп қалғаны да сондықтан. Мен өзіме келетін болсам, бала тәрбиелеуге мұршам да болған емес. Құдайдың берген қара домалақтарын туа салысымен бесікке таңып, үлкендеріне кішілерін тапсырып, күндіз-түні ерлермен бірдей колхоз жұмысында жүрдік. Одан Ұлы Отан соғысы бас­талды, табанымыздан тозып жүріп егін егіп, оны жинап қырманда түнеп, майдандағыларға астық дайындап, қыста киім-кешек тігіп, қолғап тоқып жіберіп тұрдық. Мұндайда бала-шағаға қарау қайда? Соғыстан оралған ер-азаматтардың көбісі мүгедек болып оралды. Сөйтіп ауыртпалық әйелдер мен жасөспірімдердің қылдай мойындарына түсті ғой. Осындай жағдайда жүрген ананың баласымен сөйлесіп, шүйіркелесуге, ақыл айтуға мүмкіндігі болды ма? Балаларымның көбісін Құдай алды, солардан қалған жалғыз тұяқ осы Қаражаным еді, мұның да қыршынынан қиыларын кім білген? Байғұс аналардың рахат көргендері шамалы. Қазір де әйел күні бойы үкіметтің жұмысында. Көктем басталса болды бәрін күрішке айдап, егін жұмыстарына жегеді. Көктем, жаз, күз бойы әйелдің отбасына қарауға уақыты жоқ, тек қыста ғана аздап бойын жазғаны болмаса, бір тыным таппайды. Осының бәрін айтып тұрғаным мен ешкімді де кінәлай алмаймын. Мынау жас балалар сотталып, бірнеше жылдан кейін түрмеден босатылғанда иә бейшара болып үгітіліп немесе жауыз болып шығады. Бұлардың жанын шырқыратқанда менің балам тіріліп келе ме? Ешкімде өшім, кегім жоқ. Жас жеткіншектердің тағдырларына балта шаппайық, аналарын құса қылып, өмір жастарын өксітпейік. Одан да әрбір ана өз баласын мына өмірден опық жемейтіндей, адамдармен тіл табысып, жарық дүниеге еркін бойлайтындай етіп өсіруді ойласын. Менің айтарым осы», – деп Жаңыл шешей сөзін аяқтағанда, сот залында жиналған жұрт ұшып түрегеліп, қол шапалақтап: «Жарайсың, Жаңыл әже! Мына сөзіңіз нағыз данышпан Ананың сөзі ғой! Жанымызда небір керемет адамдардың жүргенін біле бермейді екенбіз-ау» деп дуылдасып кетті.
Осылай Жаңыл шешей өзінің үлкен адамгершілігі мен ірілігін, жұртына танытқан еді. Ешкім сотталған жоқ, қылмысты жастардың аналары Жаңыл шешейді құшақтап егіліп жылап тұрып, алғысын айтқан. Кейін сол балалар Жаңыл шешейге келіп көмектесіп, отынын әкеліп, басқа да қолғабыстарын тигізіп тұрыпты. Жалғыз ұлынан айырылған Жаңыл шешейдің күйігі ішіне түсіп кетсе керек, әйелдердің айтуы бо­йынша, оның шашы түгел түсіп, басы таз болып қалыпты. Ақ кимешегін шатырдай ғып киіп алып, көзіне көрінген балаларды үйіне шақырып кәмпит ұстатып жүретін осы кейуананы жерлестері құрметтейтін. Оның дүниеден өткеніне көп жыл болса да, қасиеттілігін кейінгілерге өнеге етіп, бұл оқиғаны естеріне алып, айтып оты­р­ады.

Жадыра ДӘРІБАЕВА,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі
16 маусым 2020 ж. 431 0