АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Әскерге барған жас өмір көреді. Қиындықта шыңдалады. Ол кезде әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеудің мерзімі – екі жыл еді. 1981 жылдың күзінде Кеңес әскері қатарына шақырылған Тереңөзек түлегі Кәрімжан Арғынбаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы әскери бөлімге түседі. Мұнда 2 ай дайындықтан өткеннен кейін бейбіт өмірде жүргізушілікті меңгерген жас жігіт өзіндей қарадомалақ сарбаздармен бірге Термез арқылы Ауғанстанға аттанады.
Кескілескен соғыс жүріп жатқан аймақта авторота құрамында жанар-жағар май көлігінің жүргізушісі болады.
– Ауғанстанның соғыс жүріп жатқан көптеген провинцияларында болдым. Джалалабад, Құндыз, Солтүстік Құндыз, Баграм, Кандагар, Бахарак т.б. жерлерде. Жанар-жағар май тасымалдайтын сарбаздар колонна болып жүретін. Бір колоннада 60-70 автокөлік бар. Әр бес жанар-жағар май таситын көліктен кейін оны қорғап екі БТР-дан жүреді. Сондай-ақ, тікұшақтар қорғайды. Соның өзінде дұшпан күтпеген тұстан шабуылға шығып, қарсылық көрсететін. Талай мәрте қоршауда қалып, көмектің уакытында келуімен ажалдан аман қалдық, – дейді Ауған соғысының ардагері К.Арғынбаев.
Интернационалист жауынгер Ауғанстанда тұратын қандасымызды да кездестіріпті. Бірде Солтүстік Құндыз провинциясының Шарқан атты елді-мекенінің үстінен өтіп бара жатып, әріптесі екеуі, ол да қазақ жігіті осындағы базарға соғады. Базарда тұрған сатушы олардың бір-біріне “қауын, мейіз ал” деген сөзін естіп қалып, таза қазақ тілінде “сіздер қазақсыздар ма?” деп сұрайды. Сөйтсе сатушы да қазақ екен. Елді-мекенде біршама қазақ отбасы тұратын көрінеді. Егіншілікпен, ісмерлікпен айналысады екен. Әлгі сатушы ойда жоқта қандастарын кездестіргендіктен қауын мен мейізді тегін беріп жіберіпті.
Кәрімжан Арғынбаев әскери мерзімі екі жыл орнына екі жарым жыл қызмет етеді. Өйткені, бұлардың орнына баратын жауынгерлер уақытылы келмей, кешігіп барады. Біздің кейіпкеріміз – Ауған соғысы кезінде “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған батыл жауынгер. Бейбіт кезеңде де алған марапаттары жеткілікті. “Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы”, “Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл” мерекелік медальдармен марапатталған. Ол әскерден келгеннен кейін ПМК-1608 мекемесінде, ПМК-15 автобазасында мамандығы бойынша еңбек етті. Жолдасы Гүлбарамен Жазира, Зухра, Нұргүл атты 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Гүлбара – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде мұғалім. Алдыңғы екі қызы бойжетіп, тұрмыс құрды, кенжесі – студент. Кәрімжан Арғынбаев Интернационалист жауынгерлермен бірге мектептерде өтетін іс-шараларға қатысып, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге белсенді атсалысып келеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ