Жауапкершілік жүгі жеңіл емес
Көлік құралдарына сұраныс артқалы бері Қазақстанда ғана емес, дүние жүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері көбейген. Ішімдікке сылқия тойып алып, орны толмас өкінішке ұрынғандардың да өмірінен хабардармыз. осыған орай оқырманға ой салу мақсатында көлікті мас күйінде тізгіндеудің жауапкершілігі жөнінде мақала жазуды жөн көрдік.
Қазақстанда жалпы алғанда орта есеппен жол қозғалысынан жылына екі мың адам қайтыс болады екен. Олардың жартысынан көбі жаяу жүргіншілер. Бұл статистикаға денсаулығынан зардап шеккендер мен мүгедек болып қалғандарды қоссаңыз, адам шошырлық сандарды көрер едік. Жалпы, жол-көлік оқиғаларының 90 проценті жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Оған себеп, жол апатын жасаушылардың басым бөлігі автокөлікті жоғары жылдамдықпен жүйткітіп, мас күйінде, қауіпсіздік белдігін тақпай немесе тиісті құжатсыз жүргізеді.
Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес екеніне назар аударып, жол қозғалысы мәдениетін сынаған болатын. Нәтижесінде биылдан бастап жол қозғалысына қатысты бірқатар заңнама күшейді. Бұл жолдағы жағдайды тұрақтандырып, жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шегетіндердің санын азайтады және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауатын арттырады деп күтілуде.
Сәл кейінге шегінер болсақ, яғни 2014 жылдың сәуір айына дейін жол апатын жасаған азамат апат салдарынан қайтыс болған адамның туған-туысымен ымыраласса, қылмыстық жауапкершіліктен босануға мүмкіндігі бар болатын. Осы жылдың сәуір айында Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бұл мүмкіндікті алып тастады. Негізінен жол-көлік оқиғалары үшін әкімшілік жауапкершілік жол-көлік оқиғасы зардабынан адам денсаулығына орта немесе жеңіл зиян келгенде, сондай-ақ көлік құралына шығын келген жағдайда туындайды. Бірақ Әкімшілік кодекс екі жақтың ымыраласуын қарастырмайды.
2019 жылғы 27 желтоқсанда қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңмен Қылмыстық кодексте жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы; экологиялық және көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтарға; меншікке және қоғамдық қауіпсіздікке қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауапкершіліктер қатаңдатылды. Масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі мен көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұза отырып, абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге, адам өліміне, екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет жасаған үшін Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Бірақ осы баптың ескертпесінде бұған көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар жатпайды деп көрсетілген.
Темір тұлпардан келер қауіп көп болғанымен, адам мен көлік арасында өзара байланыс пен қажеттілік бар екені анық. Бірақ көлікті дұрыс пайдалану, оның ішінде мас күйінде жүргізбеу аса маңызды. Осы ретте жаңадан қабылданған Қылмыстық кодекстегі 14-тарау жаңадан 345-1-баппен толықтырылды. Егер жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзып, нәтижесінде адам денсаулығына орташа зиян келтірсе, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Мұнан бөлек төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сондай-ақ бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Сәйкесінше құқық бұзшы ауыр зиян келтірсе немесе адам өліміне әкеліп соқса, жаза түрі де қатаң болмақ.
Кейбір азаматтар әкімшілік заңнамамен көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, автокөлікте мас күйінде басқаруды жалғастыра береді. Мұндай әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады және Қылмыстық кодекстің 346-бабымен дәрежеленеді. Кодекстің осы бабында негізгі жаза ретінде бас бостандығынан шектеу жазасын қолданып, автокөлік құралдарының барлық түрін басқару құқығынан өмір бойына айыру санкциясы көзделген.
Атап өту керек, 346-бап толық өзгеріске ұшырады. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адам көлік құралын басқарған жағдайда белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Көлікті басқа адамның мас күйінде басқаруына жол беруде осындай жазаға жол ашады.
Заманауи көліктер тиімді және жоғары қауіпті. Жол апаты оқиғалары ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, одан кейін экономикалық шығын алып келеді. Сонымен қатар зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелеріне моральдық соққы болады. Сондықтан қоғамдағы қозғалыстың ең негізгі бөлігі болып табылатын жүргізушілерге қатысты заңнама талаптарының өзгеріске ұшырауы уақыт қажеттілігінен туындап отыр. Негізінен бұл өзгерістер ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандардың жауапкершілігін қатаңдатуды көздейді.
Фатима МАРАТҚЫЗЫ