Тағдырын қазақ елімен байланыстырған
1930-1940 жылдары саясаттың құрбандығына ұшырап Қазақстанға арнайы қоныстандырылған ұлт өкілдерінің қатарында немістер, поляктар, шешендер, ингуштер, қарашай, балқарлар болды. Сонымен қатар алғаш құрбандыққа ұшырап, жер аударылғандардың қатарында корейлер де болса, кейін бұл ұлт өкілдері көрген қиындықты арада аз уақыт салып украин, беларусь, молдавандар да бастан өткерді.
Қиын жылдары елімізге қоныстанушыларды Сыр елі жұртшылығы да қарсы алғаны белгілі. Қалың қазақ қоныстанған шағын ауыл халқы вагонмен келген өзге ұлт өкілдеріне хал-қадірінше көмек көрсетіп, жағдайын жасады. Ашаршылықтан құтқарып қалуға тырысты. Қазақ халқының қонақжай, қайырымдылығы арқасында көшіп келгендер зауалдан аман қалып, есін жиып, еңсесін көтерді.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болып, қуғынға ұшыраған өзге ұлт өкілдерінің бірі, кенттің байырғы тұрғыны Алексей Келе болатын. Ол саналы ғұмырын қазақ елінде өткізіп, 2014 жылы 5 қараша күні 93 жасында дүниеден өтті.
– Менің атам Алексей Андреевич 1921 жылы Молдованың Кишинев облысы Теленешт ауданы Банешти ауылында өмірге келген. Ұлы Отан соғысының еңбек майданына қатысқан атамның әкесі колхоз бастығы болған. Қолдарында малы, жер учаскесі болғандықтан оларды бай деп есептеген өкімет, атамды әкесінен бөліп, 1948 жылы екі бағытқа айдап жіберген. Атам өз отбасымен әйелі, қолында анасы бар үшеуі өздері секілді қуғынға ұшыраған бір вагон адаммен бір эшелонға тиеліп, ұзақ жол жүреді. Қазақстанның жерінен жүйіткіген пойыз 7 разъезге тоқтағанда бес отбасын эшелоннан түсіріп тастайды. Түн мезгілі болса керек, айдалаға келген молдавандар қамыстан бастырма жасап, бір аптадай соны паналапты. Разъезд жанындағы – Қалжан ахун ауылының тұрғындары жер аударылған өзге ұлт өкілдерін жатырқамай, қонақжайлықпен қабылдап, ескі қоныстан жай береді, – дейді немересі Наталья атасының көзі тірісінде айтқан естелік әңгімелерінен.
Түрі басқа, тілі бөтен ұлт өкілдері қазақы ауылдың қонақжай халқының арқасында аман-есен қалады. Қолында қарт анасы, жұбайы бар Алексей Андреевич Қазақстанға келгенде жасы небәрі 27-де болады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей бұл отбасылар ауыл адамдарының жасаған қамқорлығын еш уақытта ұмытпайды. Колхоз басшылығы екі қолға бір жұмыс беріп, отбасының аяққа тұрып кетуіне жағдай жасайды.
Алексей Андреевичтің қуғынға ұшыраған жылдары Отанында 3 жасар ұлы Дмитрий қалады. Үлкен баласын Қазақстанға алдырған жылдары анасы Ольга Ивановнаны үлкен ұлы Ефим Молдоваға алып кетеді. Ал отбасымен Отанына қайта оралу мақсатымен барған Алексейдің артынан Қазақстанға қайту керектігі туралы құжат келгендіктен Сыр еліне қайта оралуға мәжбүр болады. Осылайша қазақ елі Келе әулетінің екінші Отанына айналады.
Көзі ашық, көкірегі ояу, азамат өзінің елгезектігінің арқасында ауданның сауда саласында, май зауытында жұмысшы болып еңбек етеді. Осында дүниеге Иван, Елена есімді балалары келеді. Жұбайы Анна Ивановна да адал еңбекті серік етіп, қарапайым жұмыс атқарып, зейнетке шығады. Алексей Андреевич зейнеткерлікке шыққанша әскери комиссариатта күзетші болып жұмыс істейді. Тұңғыш балалары Дмитрий Тереңөзекте онжылдықты бітіргеннен кейін Ресейдің Саратов қаласында әскери борышын өтейді. Сонда қызметке қалып, үйлі болады. Екінші ұлы Иван ауданда көп жыл жүргізуші болып еңбек етсе, Елена әртүрлі салада қызмет етіп, қоғамдық тамақтану мекемесінде шебер болып зейнеткерлікке шығады.
– Атамның айтуынша, туған елден жыраққа кетіп, қуғынға ұшырауы, қазақ еліне жер аударылуы тағдырдың пешенесіне жазғаны. Өмірінің 66 жылы Қазақстанда өткендіктен, қазақ халқымен бауырлас болып кеткендігіне өкінбеген. Қайта өмірден озғанша мейірбан, кеңпейіл халыққа деген ризашылығын айтып отыратын. Немерелеріне оқу мен жазуды үйретуден жалықпайтын. Шахмат ойнайтынбыз. Балаларына мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының қыр-сырын үйрететін. Өте әділ, парасатты жан ұзақ жасады. Қазір атамның он немересі бар. Біздер атамның көзін көргендіктен олардың басынан қандай жағдай өткенін жақсы білеміз. Сондықтан тағдырын қазақ елімен байланыстырған атама өсіп-өніп, тұрақты мекен берген қазақ еліне шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Наталья Ерекеева.
Қазақ ұлтымен тағдырын байланыстырған қарттың бұл өмірде қол жеткізген байлығы, әрі алтын қазығы Келе әулетінің қазақ отбасымен құда болуы. Қызы Елена қазақ жігіне тұрмысқа шыққанда әкесі батасын беріп, шын ризашылығын білдірген. Немерелерінің арасында да қазақ жігітімен қол ұстасып, отау құрғандары да бар. Мұнан басқа орыс, өзбек ұлтымен құда болған Алексей Андреевич ұлы байтақ қазақ елінде бейбіт өмірдің куәсі болғанына шүкірлік етіп, өмірден өтті.

Бибісара Жанәлі