Алғыс – ең мейірімді сөз
Анадан кейін ең мейірімді сөз меніңше – алғыс. Қазір адамдар бір-біріне алғыс айтудан қалып бара жатқан сыңайлы. Ал адамның мерей-мәртебесін асырып, жәй ғана көңіліне қуаныш сыйлау – алғыс айту дер едім.
Елімізде алғыс айту күнін айтулы мереке ретінде атап өту күні бекітілгенін білеміз. Мұны Елбасы қиын-қыстау кезінде өзге ұлтқа басына пана берген, дастарханынан дәм берген ұлы халыққа алғыс айту күні ретінде атап өту мақсатымен белгілеген. Шын мәнінде қазақ халқынан асқан ұлы халық жоқ. Аса мейірбандық танытып, қанша халықты ашаршылықтан аман алып қалғанын ел-жұрт тарихтан біледі. Қайсы бір өзге ұлт өкілін алып қарасаңыз да оның ескі жұрты мен ата-бабасы өз Отанын тастап, өзге елді паналап келгендігін білесіз. Осында мәңгілік мекенін тапқан ел-жұрттың қатарында менің де қандастарым бар. Кавказ елінен келген бабаларымыздан өрбіген ұрпақтың екінші Отанына айналған қазақ елімен, бауырмал халқымен осы күні туыс болып кеттік.
Әкем марқұм Сұлтан Қазақтелекомда жұмыс істеді, мектепте еңбек сабағынан берді. Әкемнің аты ұсталығымен танылды. Бауырларым да өмірден өз орындарын тапты. Отбасымызда көбіне қазақ тілінде сөйлесеміз. Барлығымыз да балалы-шағалы болдық. Осындай игі жақсылық үшін алғыс айту күні қарсаңында қазақ жұртына мың да бір алғыс айтамын. Елімізде бейбітшілік заман болсын! Мереке құтты болсын!
Тамара ИЛЬЯСОВА,
шешен ұлтының өкілі