Қоғам қайраткерінің құрметіне қойылған
Аудан орталығындағы ұзын көшелердің бірі Иса Тоқтыбаевтың есімімен аталады. Бұл көше аудандық ономастикалық комиссияның 2011 жылғы 7 шілдедегі №2 ұйғарымымен қоғам қайраткерінің құрметіне аталып, содан бері көрнекті ағартушының есімі жаңғырып тұр. «Кент көшелері» айдарының бүгінгі санында осы көшеге тоқталмақпыз.
Кенттені И.Тоқтыбаев көшесі – орталықтағы маңызды көшелердің бірі. Себебі облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолымен түйісетін көше арқылы Тереңөзек кентіне кіруге болады. Бұл жолмен ауыр техникалар орталыққа кіре алатынын ескерсек, халыққа мұның тиімділігі зор. Көше бойында аудандық туберкулезге қарсы диспансер, аудандық аурухана орналасқан. Сондай-ақ «Керемет» моншасы, көлік жөндейтін және көлік жуатын орталық та бар. К.Байсейітова, Қ.Қазантаев, Қ.Асанов, М.Әуезов, Тоғанас батыр, Ғ.Мұратбаев, Н.Ілиясов көшелері И.Тоқтыбаев көшесімен қиылысады. Аталған көшенің жолы ағымдағы жөндеуден өткен.
Енді құрметпен есімі берілген қоғам қайраткерінің өміржолына тоқталсақ. Иса Тоқтыбаев 1894 жылы 15 ақпанда Қызылорда облысы Тереңөзек ауданындағы Қараөзек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Кейбір мәліметтер бойынша И.Тоқтыбаевтың балалық шағы Рафаил деген байдың есігінде өткен. Ол Перовскідегі орыс-қазақ мектебінде және бастауыш орыс училищесінде орталау білім алған. Содан кейін Ташкенттегі мұғалімдер семинариясында білімін жетілдірген.
Қоғам қайраткері қазақ ғылымын дамыту, көшпенділер арасында білім тарату комиссиясының төрағасы, мемлекеттік баспа бастығының орынбасары, республикалық оқу-ағарту комиссариатының коллегия мүшесі қызметін атқарған. Ол 1919 жылы ақпанда большевиктер партиясының қатарына қабылданып, Түркістан Кеңесінің Х съезінде Орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланады. 1922-1925 жылдары «Шолпан» журналының, «Ақ жол» газетінің редакторы, Ақтөбедегі жер басқармасының бастығы, сондай-ақ Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институттың директоры және жұмысшы факультетінің меңгерушісі қызметінде абыройлы болды. Жерлесіміз Қазақ АССР-ы Халық ағарту комиссарының орынбасары қызметін де атқарған. Сонымен бірге 1930-1932 жылдары Ленинград педагогикалық институты аспирантурасының аспиранты, Қызыл Профессура курсында тыңдаушы болды. Ол Ленинградтағы Шығыс халықтары курсының редакторы және Ленин атындағы әскери-саяси академиясының СОКП тарихы бойынша лекторы қызметін атқарған.
И.Тоқтыбаев 1933-1936 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға қамалады. Ол жерден В.Куйбышев көмегімен босап шығады. Содан кейін Ленинградтағы этнографиялық музейінде бөлім меңгерушісі болса, 1938 жылы тағы да қамауға алынып, жабылған жала себебінен түрмеде 9 жыл отырған. Абақтыдан ақталып шыққан соң ол Тереңөзекке оралады.
Еңбегі елеулі қоғам қайраткері 1949 жылы тағы да қуғынға ұшырап, Красноярск өлкесіне жер аударылған. Сегіз жылдан кейін ақталып, елге келіп, 1964 жылға дейін Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану музейін ұйымдастырушы әрі директоры қызметін атқарды. Иса Тоқтыбаев 1967 жылы 9 маусымда өмірден озды. Қоғам қайраткерінің Рэм, Варлен, Ларен, Мәулен есімді ұлы болған. Ларен Ленинград блокадасы кезінде хабарсыз кеткен. Ұлдарының бәрі де бақилық болған. Немерелерінен 3 ұл, төрт қыз бар.
Қоғам қайраткерінің құрметіне қаладағы бір көшеге есімі беріліп, өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Ал 1998 жылы аудан орталығындағы ғасырлық тарихы бар білім ордасы – №35 қазақ орта мектебіне И.Тоқтыбаев есімі берілді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ