Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРЖЫГЕР ҚАЙРАТКЕРГЕ КӨШЕ АТЫ БЕРІЛДІ

ҚАРЖЫГЕР ҚАЙРАТКЕРГЕ КӨШЕ АТЫ БЕРІЛДІ


Ұлық мерекеге орай кент орталығындағы жаңа қоныстану аумағында тағы бір көшеге соғыс және еңбек ардагері Әсербай Айкөпешұлының есімі берілді. Қаржы саласы қайраткерінің атына берілген көшенің салтанатты түрде ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, соғыс және еңбек ардагері М.Бержанов, кент ардагерлері және ұрпақтары қатысты.
Ашылу рәсімінде көпшілікке соғыс және еңбек ардагері Ә.Айкөпешұлының өмір жолы таныстырылды. Оның өмір өткелдері, Отан үшін қан кешкен жылдардағы ерліктері, бейбіт күндегі қажырлы еңбегі үлгі етілді.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров сөз сөйлеп, жаңа қоныстану аумағынан еңбегі елге үлгі кісілердің есімін беру үрдіске айналғанын жеткізді.
– Аудан орталығы жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Жақында ғана рухани жаңғыру аясында кент орталығында «Еңбек даңқы» музейі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарының аллеясы» ашылып, кент ажары айшықтала түсті. Оған қоса, жаңа қоныстану аумағы ашылғалы бері мұнда түзу көшелер бой түзеп, көшелер аудан дамуына еңбегі сіңген тұлғалар есімімен аталуда. Соның біріне бүгін куә болғалы отырмыз, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Өмірі қиыншылық кезеңіне тап келіп, ғұмыры еңбекпен өрілген Әсербай Айкөпешұлы атындағы көшенің ашылуында ұрпақтары атынан И.Айкөпешов сөз сөйледі. Ол ұзын көшенің елге еңбегі сіңген жанның есімімен аталуы ерекше құрмет екенін жеткізіп, өз алғысын білдірді. Шарада соғыс және еңбек ардагері М.Бержанов бата беріп, көпшілік көше басындағы ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына куә болды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
21 желтоқсан 2017 ж. 1 956 0