Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы ақын атындағы көше

Ұлы ақын атындағы көше

Тереңөзек кентінің тарихы аудан тарихымен қатар жазылып келеді. 1928 жылы құрылған ауданның орталығы Тереңөзек кентінде 75 -ке жуық көше мен тұйық көшелер бар. Жыл сайын кеңейіп, көркейіп келе жатқан кенттің орталық көшелерінің бірі – Абай Құнанбаев атындағы көше. Ұлы ақынның атын иемденген көше аудандық ономастикалық комиссияның 2011 жылғы 7 шілдедегі №2 ұйғарымымен қайта осы атаумен атанды.

Кенттегі орталық алаң мен аудан әкімдігінің ғимараты орналасқан негізгі көшенің бірі саналатын Абай Құнанбаев атындағы көшеде аудандағы бірқатар мекемелер, тұрғын үйлер мен көп қабатты тұрғын үйлер орналасқан. Әлеуметтік маңызы зор ғимараттардың қатарында "Халық банк" АҚ-ның аудандық филиалы, аудандық тарихи-танымдық музей, мұрағат, "Рәміздер алаңы", аудандық мұсылмандар мешіті, прокуратура, сот, "Шиелі жарығы" ЖШС-нің аудандық филиалы, бірнеше дүкендер мен көпшілік тамақтанатын орын "Рахат" кафесі бар.

А.Құнанбаев атындағы көше кенттегі 1 Май, Ә.Тәжібаев, Д.Қонаев, Ж.Жабаев атындағы көшелермен қиылысады. Ұлы ақын көшесінің тұрғындары, мекеме қызметкерлері бүгінде ғұлама ойшылдың атын мақтан ететіні сөзсіз. Биыл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні белгілі. Жақында Мемлекет басшысы республикалық "Егемен Қазақстан" газетіне "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын жариялады. Күллі Қазақстан халқы оқып танысқан мақалада кемеңгер ақынның тағылымы ұрпақты тәрбиелеудің қайнар көзі екендігі айтылды. Ақын мұрасын парасатты патриотизм мектебіне теңеп, елдікті қадірлеудің негізіне балады. Әрбір қазақстандық азаматтың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін, Абайды оқудан, оның өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн екендігін айтты.

Ұрпақтың бағыт алатын темірқазығы

Кент көшесіне есімі берілген ұлы ақын жайлы білуге, танымды кеңейтуге ел Президентінің осы мақаласын мұқият оқып шығудың өзі ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуға негізі болады.

Абай Құнанбайұлы – ойшыл ақын. Оның ағартушылық қасиеті мен ұлт әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Республика көлемінде былтырғы жылы басталған Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы мен жырларын оқу челленджі жаңадан жанданып, оны сырдариялық мектеп оқушылары лайықты жалғастырды.

Президент Қ.Тоқаев мақалада Абай Құнанбайұлының шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуы тиіс жөнінде ой бөліседі.

Ұлттық сананың жаңғыруы – өткенді ұмытып, жаңа құндылықтарды мақсат ету дегенді көздемейді. Керісінше ғұлама ақын осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейімделуге шақырған. Ақынның өнегелі сөзі еліміз үшін мәңгілік өсиет ретінде бағаланады. Бір ғана көп тіл білудің өзін дәріптеген ұлы тұлға ол жайында өзінің қара сөзінде де айтқан. Ол: "Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды", – дейді. Бұл келер ұрпақтың көп тілді меңгеру арқылы әлемді тануға мүмкіндігі артатынын көрсетсе керек. Уақыт талабына сай болу, өрелі істің ұйытқысы болуға үн қатқан кемеңгер сол заманда-ақ интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын ұсынды. Ақын арманы – қазақтың әр баласы өз ұлтының патриоты болып, ел мүддесін қадірлейтін азамат ретінде қалыптасса деген терең ой. Ұлт намысын, қадірін төрге оздырған ақын шығармаларындағы тұжырымдар жастардың бойына елжандылық сезімді орнықтырады.

Жаңа ғасырдағы қазақ еліне аса құнды ретінде бағаланатын ақын поэзиясы ұлы елдің асқақ мұратын, ел бірлігін одан сайын биіктете түседі.

Қазақ даласынан әлемге танылған алып тұлға – Абай Құнанбайұлы сөз жоқ күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Оның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады. Елбасы Н.Назарбаев: "Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ақын ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер", – дегені Абай Құнанбайұлының шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алғаны. Жаһан жұртына үлгі-өнеге саналатын Абай есімі халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.
Бибісара ЖАНӘЛІ
21 қаңтар 2020 ж. 866 0