Жаппасбай Нұрсейітовтің артынан екі рет қара қағаз келген
Кеңес Одағының батыры атағын иеленген екі сырдариялық майдангер бар екені белгілі. Газетіміздің өткен санында «Кент көшелері» айдары бойынша Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы көше туралы жазған болатынбыз. Ендігі кезекте Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітов атындағы көшеге тоқталмақпыз.
Көше туралы мәлімет жазбас бұрын даңқты батыр жөнінде тың ақпарат ұсынуды жөн көрдік. Майдангердің немере інісі Ермекбай Әріповтің айтуынша, Жаппасбай Нұрсейітовтің ерлікпен қаза тапқаны жөнінде соғыс даласынан бір емес екі рет қара қағаз келіпті. Қайғылы хабарды естіген батырдың ағайын-туысы тағдырдың талқысына төзіп, жауынгердің жеңіспен оралатынынан үмітін үзеді. Арада бірнеше ай өткеннен кейін батырдың қазасы туралы екінші рет қара қағаз келгенде, бұл жолы елдегі жұрт таңғалады. Сөйтіп, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға кіріседі. Содан Жаппасбай Нұрсейітовтің тірі екені анықталып, ақпарат жалған болып шығады. Мүмкін «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген тәмсіл осындайда айтылған шығар.
Атақты батыр туралы ел аузында жүрген аңызға бергісіз әңгімелер көп. Майданның ең қызған шағы 1943 жылы кеңес әскерлері Днепр өзенінен өту кезінде жағаға жақын қалған қайықты снаряд тесіп өтіпті. Сол кезде Жаппасбай Нұрсейітов үстіндегі шинелін шешіп, тесілген жерді тығындайды. Күздің суығында, желдің өтінде ел үшін барын салған жауынгердің даңқы осы сәттен бастап шығады. «Жеңіс үшін» деген ұранды ту еткен 9 жауынгерді өлімнен арашалаған майдангердің осынау ерлігі үшін 1944 жылдың қаңтар айында Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бұл туралы Асқар Тоқмағамбетов бастаған көптеген ақын-жазушы өлең-жыр арнаған.
Кенттегі Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов атындағы көшеде 50-ге жуық отбасы бар. Бұл көше көпшілікке өзге этнос өкілдерінің шоғырлануымен жақсы таныс. Бүгінде қазақ, орыс, өзбек, шешен ұлтының өкілдері бір көше бойында тату-тәтті өмір сүруде. Айта кету керек, бұрын көше маңында Әйтек арнасынан бастау алған Қаракөл арнасы болған. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары арасында Қаракөл арнасының табанына жергілікті тұрғындар көшіп келіп, үй сала бастаған. Аудандық газеттің 50 жылдығына орай көшеге «Еңбек туы газетінің 50 жылдығы» атауы берілгенін де тұрғындар жақсы біледі. Ал қолда бар мәліметке сүйенсек, 1998 жылдың 29 сәуірінде Тереңөзек поселкесі әкімінің №21 шешімімен көше Жаппасбай Нұрсейітов атымен қайта аталған.
Қазіргі таңда Жаппасбай Нұрсейітов атындағы көшеге газ тарту жұмысы жүргізілуде. Темір жолдың арғы бетінен келетін табиғи газ ең алдымен сол көше арқылы кент орталығына тартылмақ. Бұдан бөлек Шіркейлі ауылының орталық көшесі және кенттегі саябақ Жаппасбай Нұрсейітов есімімен аталады. Аталған саябақта «Еңбек даңқы» музейі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы мен «Тағзым алаңы» орналасқан.
Б.ОРДАБЕКОВ