Батыр атындағы көшеде кімдер тұрады?
Аудан орталығы Тереңөзек кентінде жетпіске жуық көше бар. көшелерге елге еңбегі сіңген атақты тұлғалардың есімі және тақырыптық маңызы бар атаулар берілген. Бүгіннен бастап басылым бетінен «кент көшелері» атты жаңа айдар ашып, оқырман назарына кенттегі көшелердің тарихын, есімі берілген тұлғалардың еңбегін және әрбір көшеде орналасқан нысандар мен сол көшеге байланысты ақпараттар туралы мағлұмат ұсынуды бастап отырмыз. жаңа айдардың бірінші тақырыбы кенттің ең негізгі көшесі – Аманкелді Иманов көшесіне арналмақ.
Аманкелді Иманов көшесі – аудан орталығындағы ең ұзын көше. Көше бойында көптеген әлеуметтік нысан орналасқан. Атап айтатын болсақ, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей, аудандық спорт кешені, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының аудандық бөлімі, әуез мектебі, кент әкімшілігі, аудандық білім және полиция бөлімдері.
Сондай-ақ Аманкелді Иманов көшесінде көптеген кәсіпкерлік нысандар шоғырланған. «Арзан» базардан бастап, «Ақжол» мейрамханасы, тәулік бойы жұмыс жасайтын дәріхана, «Серікбол», «Өркен», «Қасым-Жомарт» дүкендері көшеге сән беріп тұр. Көшенің екі жағы терек талдарымен көмкерілген.
Үлкен көшенің атын иемденген Аманкелді Имановтың кім екенін аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. «Аманкелді – ердің ері» деген өлеңді жаттап өсті емес пе? Ал жас ұрпақ халық батырын біледі ме?
А.Иманов – қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. «Тектіден текті туады» дегендей, атақты Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі. Аманкелді Үдербайұлы ел ішіндегі дау-дамайға ерте араласқан, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдар аралығында бірнеше рет түрмеге қамалған. Халық батырының ұйымдастырушылық және қолбасшылық қабілеті 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы Жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бастау алған ұлт азаттық көтерілісі барысында айқын көрінді. Маусым Жарлығы 19 бен 43 жас аралығындағы ел азаматтарын тылдағы жұмысқа тарту жөнінде болды. Бұл қалың елдің ашу-ызасын туғызды. Халықтың болашағына қатер төнгенде Аманкелдідей ердің ері қалың қолды бастап, дұшпанға қарсы көтерілді. Есіл ер сол жолда мерт болды.
Енді батырдың есімі берілген көшедегі бірқатар нысандарға тоқталайық. 80 жылдық тарихы бар аудандық газет ғимараты осы көшеде орналасқан. Айта кету керек, күнделікті жұмысқа келе жатып көрікті көше бойындағы ғимаратта еңбек етіп жатқанымды мақтаныш тұтамын. Облыстан тыс жерлерде 20 жылдан астам уақыт қызмет жасадық. Екі қабатты еңселі ғимараттарда, жеке кабинетте отырдық. Олардың бәрінен де туған жерімнің кентіндегі Аманкелді Иманов көшесінің бойында орналасқан аудандық газет редакциясының ұядай бөлмесі ыстық. Өйткені мұнда он жылдан астам уақыттан бері бірге шығармашылықпен жұмыс жасап келе жатқан әріптес іні-қарындастарым бар. Ұжым болып, оқырмандар газетті қызығып оқитындай етуге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз.
Екі қабатты сәнді ғимаратқа орналасқан, бұрын ХҚКО-ы атанған мекемесі де Аманкелді Иманов көшесінің бойында. Мұнда мемлекеттік қызметтің түр-түрі көрсетіледі. Оның 80 процентке жуығы электронды форматта көрсетіліп, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері толық орындалуда. Бұл мекемеге қарама-қарсы аудандық әуез мектебі орналасқан. Әуез үнімен қатар балалардың шат күлкісі естілетін ғимаратта талантты оқушылардың музыкалық білімін жетілдіруге, шыңдауға педагогикалық ұжым жан-жақты жағдай жасап келеді.
«Білім – бар бақыттың бастауы» дейтін болсақ, аудан бойынша 17 мектептің қызметін үйлестіріп отырған білім бөлімі де осы көшенің бойында. Оған қарама-қарсы кент әкімшілігі ғимараты. Кенттің абырой беделі болып саналатын мекеме қызметкерлері оның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тазалығы жолында белсенді жұмыс жасап келеді.
Көрікті көше бойында орналасқан ірі мекеменің бірі – аудандық полиция бөлімі. Бұл ұжым ауданның құқық қорғау саласына, қоғамдық тәртіпке жауапты. Ұжымда жүзден астам адам қызмет етеді. Олар қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуда. Құқық қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еткен Нұрғали Сыздықовтың құрметіне көше бойына арнайы белгі қойылған.
Қорыта айтқанда, орталық көше бойында халыққа қызмет көрсететін іргелі мекемелер орналасқан. Еліміздің түкпір-түкпірінде халық батыры атында аудан, елді мекен, мектеп, көше бар. Біздің ауданның бір ауылы Аманкелді батырдың атымен аталатынын айта кеткеніміз жөн.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ