Халыққа тиімді бағдарлама
Тұңғыш Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негізінде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында сот жүйесінде цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда.
Цифрландыру саласы бойынша сот жүйесіне енгізілген жаңа технологиялар сот жүйесінің барынша айқын және қолжетімді болуына, сот көмегіне жүгінетін азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге тікелей әсер етеді.
Сот кабинеті – сот органдарының сервисіне электронды түрде кіруге арналған бірыңғай терезе болып табылады. Қазіргі таңда қарапайым халық сот табалдырығын тоздырмай, өзіне ыңғайлы уақытта кез-келген жерден үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимде «Сот кабинеті» интернет-сервисі (www.sud.kz) арқылы электронды түрде талап арыздарды (арыздарды) беруге, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндіктері бар.
Сот жүйесінде жоғарыда аталған электрондық қызметтер тәріздес қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, қағазбастылықтан арылтады, бюрократиялық кедергілерді жояды.
«Сот кабинеті» интернет-сервисі жөнінде аудандық сот судьялары және сот мамандарымен халық арасында, мемлекеттік мекемелерде жиі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Мәселен, аудандық сотта 2019 жылдың бірінші қаңтарынан әкімшілік істер 100 пайыз электронды форматта қабылданып, қаралған. Бұл көрсеткіш азаматтық істер бойынша барлық қаралған істердің 33 процентін құраса, қылмыстық істер бойынша 29,7 процентін құраған.
Сот жүйесіндегі соңғы жаңашылдықтардың бірі істерді виртуалды байланыс арқылы қарау. Бұрын азаматтар сот отырысына міндетті түрде сот ғимаратына келіп қатысуы қажет болса, қазір жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сотқа қашықтықтан қатыса алады. Ол үшін интернет желісіне қосылған ұялы байланысқа (планшет, смарт сағат, смартфон) арнайы бағдарламаны жүктеу қажет. Оны саяхат кезінде, кеңседе, үйде, елді мекеннен тыс жерлерде де пайдалануға болады.
Мысалы айта кетуге болады, аудандық сотқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен Б.-ға қатысты әкімшілік іс түсіп, «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы қаралды. Құқық бұзушы Б. жұмыс бабымен Нұр-сұлтан қаласында болуына байланысты сот отырысы тағайындалған уақытқа келе алмайтынын телефонмен хабарлаған. Құқық бұзушы Б. сот отырысының хатшысы тарапынан жолданған «TrueConf» бағдарламасын мобильді телефонына жүктеп, сот отырысына Нұр-сұлтан қаласынан тыс орналасқан жұмыс орнынан өзінің көлігінде отырып «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы сот отырысына қатысты.
Атқарылып жатқан шаралардың мақсаты – қарапайым халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдеу, сот төрелігіне еркін және ыңғайлы қол жеткізу, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру. Қорытындылай келе, кез келген азамат электронды қызметті іс жүзінде пайдаланудың тиімділігін білгені жөн деп санаймын.
Р.Сүлейменова,
Сырдария аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі