Жаңа технологияның дәуірі
Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бағыты айқындалып, жүйелі жұмыс жасалуда. Заманауи технологияны еркін меңгерген әрбір азамат жедел әрекет етуге машықтанған. Кез келген салада цифрлы технологияға басымдық беру арқылы жаңа модельдегі қызмет түрлері жетілдірілде. Күннен-күнге дамыған озық технологияның шексіз мүмкіндігін қарастыра отырып, барлық саланың жұмысын оңтайландыру алдыңғы орында. Осы ретте өскелең ұрпақтың толассыз инвесторы саналатын білім саласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын тиісті деңгейде қолға алынды.
Бүгінде жаңа оқу жылын нық сеніммен бастаған ауданның білім саласы аталған бағдарламаның жемісін көруде. Мысалы мемлекет тарапынан қолдау тапқан саладағы негізгі жұмыстың бірі – балаларды балабақшаға қабылдауды электронды түрде жүргізу болып табылады. Бұл дегеніміз ауданға қарасты балабақшалар автоматтандырылған жүйеге толықтай қосылып, нәтижелі жұмыс істеуде. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап педагог кадрларды жұмысқа қабылдау электронды түрде жүзеге асып келеді. Оқуын енді бітіріп келген жас маман мен тәжірибелі педагогтар арнайы жүйеге кіру арқылы бос жұмыс орындарына электронды түрде құжат тапсырады. Өз кезегінде бос орынға керекті маман тартылады. Бұдан бөлек аталған бағдарлама шеңберінде балаларды 1-сыныпқа қабылдау, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамту да электронды түрде жүзеге асуда. Жоғарыда көрсетілген қызметтер «mektep.sitcen.kz», «jumys.sitcen.kz» ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіліп, өз тиімділігін айқындауда.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы өткен оқу жылында 3-ші сыныптан бастап оқытылса, биыл 1-2-ші сыныптан енгізіледі. Сонымен қатар ауданда цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектепті видеоқұрылғымен жабдықтау жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бұдан бөлек аудан мектептері жүз процент интернет желісіне қосылған. Қазіргі таңда мектептерде 69 интерактивті тақта болса, оның ішінде, физика – 11, химия – 11, биология – 9, 3 мультимедиа-лингафон кабинеттері бар. 16 мектеп мультимедиялық кабинетпен жабдықталған. Білім саласының негізгі ұстанымына сәйкес «Ата-ана - мұғалім – оқушы» деп аталатын үш жақты байланыс электронды «Күнделік» жобасы арқылы нығайтылуда. Бүгінде «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне 17 мектеп қосылғандығы мәлім. Жүйені пайдаланушылар саны 14379, оның ішінде 1263 мұғалім, 7812 оқушы және 5679 ата-ананы құрайды. «BilimLand» цифрлы білім беру порталына аудандағы 17 мектептің барлығы онлайн режимінде қосылып, жұмыс жүргізуде. Мұғалімдер үшін 986 аккаунт ашылып, қолданысқа енгізілген. Жоғарыда аталған бағдарламалардың тиімділігі сол кез келген оқушы, не ата-ана, ұстаз өзіне қажетті мәліметті алысқа бармай-ақ үйден, немесе қолындағы смартфон арқылы ала алады.
Б.ОРДАБЕКОВ