Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сот кабинеті» ұсынып отырған мүмкіндік көп

«Сот кабинеті» ұсынып отырған мүмкіндік көп

«Сот кабинеті» сервисі – соттарға қол жетімділікті қамтамасыз етудің бірден-бір тиімді жолы.
Бұл жүйенің басты ерекшелігі – азамат, оның өкілі, адвокат немесе заңгер кез келген ыңғайлы уақытта, үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ ғаламтор желісі арқылы сотқа талап арыз, шағым, апелляциялық шағымын жібере алады. Бұған қоса сот құжатын, істегі мәртебесін қарай алады және сот актісін басып шығара алады.
«Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін сотқа жүгінген әрбір азамат Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет. Қазіргі кезде сервис арқылы заңды тұлғалардың мемлекеттік баж төлеу мәселесі де шешімін тапты. Ал, жеке тұлғаның төлем карточкасы арқылы бажды төлеп, төлем құжатының сканерден өткен көшірмесін беру мүмкіндігі бар.
«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлы қолтаңбасы бар кез келген азамат тұтына алады.
Сырдария аудандық сотында «Сот кабинеті» тақырыбы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен дөңгелек үс­тел, семинар өтіп тұрады. Сонымен қатар жаңа­шылдықты халыққа түсіндіруде кешенді жұмыс атқарылуда. Соның нәтижесінде «Сот кабинеті» арқылы осы күнге дейін аудандық сотқа түскен талап-арыз 96 процентті құрап отыр. Бұл соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтты.
Мысалы, азамат немесе оның заңды тұлғасы өзінің уақыты мен қаражатын кетірмей, үйінен талап-арыз жіберсе, ол электронды түрде соттың базасына түседі. Сот қызметкері электронды түрде арызды тіркейді. Ол үшін құжаттарды сканерден өткізіп базаға салып жатпайды. Өйткені олардың барлығы дайын келеді. Әрі бұл сот жүйесі қызметкерлердің азаматтармен байланысын азайтады және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қояды.
Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың сайтында «Сот құжаттарымен танысу» сервисін іске қосылғанына да көп бола қойған жоқ. Аталған сервис сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтындағы электронды сот құжаттарымен танысуға мүмкіндік береді. Сотқа жүгінген азамат талап-арызы тіркелгені туралы талон алады, бірнеше күннен кейін оның ұялы телефонына оның арызы бойынша сот құжаты шыққаны туралы хабарлама келеді. Бұл ретте азаматар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындап, әуреге түспейді.

А.Рашидова,
Сырдария аудандық сотының
іс жүргізу инспекторы
25 маусым 2019 ж. 994 0