Мәдениет майталмандары құрметке бөленді
21 мамыр – мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Аудан әкімі Б.Сәрменбаев сала ардагерлері мен үздіктерін қабылдап, құрмет көрсетті.
Қабылдауда аудан басшысы мәдениет пен өнер егіз ұғым екенін айтып, маңызды саланы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде бағаланатынын жеткізді.
– Ерекше бай тарихы бар Сыр өңірі – ұлт мәдениетінің де ұлы көшін жасаған өлке. Дәстүр мен салттың, өнер мен мәдениеттің Отаны да – Сыр бойы. Әр жердің өз табиғатына сай киесі мен қасиеті болатыны секілді Сырдария ауданының да өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан дәстүрі бар. Дарияны жағалай қоныстанған елдің кешегі және бүгінгі шежіресін сараласақ, өңір жұртының қазақ халқының бойына дарыған қасиетті өнерін өзгеше сипатта жалғастырып келе жатқандығын байқауға болады. Ауданымыздан талай от ауызды, орақ тілді ақындар, қаламы қарымды қаламгерлер, өнерде өз өрнегін тапқан өнерпаздар, елге танымал тұлғалар шыққан. Оның ішінде Сырдария ауданынан шыққан әдебиет пен өнердің саңлақтары Сұлтанәлі Қожықов, Серәлі Лапин, Ләтипа Қожықова, Сәбира Майқанова, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов, ақындар Әбділда Тәжібаев пен Қуаныш Баймағанбетов, жазушы Әбіраш Жәмішов, ауданда алғаш рет оркестр ұйымдастырған Құрақтың Досжаны, күйші Сламбек Ысқақов, Оразбек Бесбаев, Замаддин Ибадуллаев, Төлепберген Тобағабылдарды еске аламыз. Ауданнан шыққан тұлғалардың өмір жолы біз үшін мақтаныш, ұрпақтар сабақтастығы екендігі де даусыз. Осының жалғасындай, ҚР Мемлекеттік Гимннің авторларының бірі, ақын Жадыра Дәрібаева, белгілі ақындар Сейфолла Оспан, Иран Ғайып, Қайырбек Асанов, театртанушы Әмір-Темір Хұсейін, Бақытбек Алпысбаев, сазгер Рамазан Тайманов, қолөнер шеберлері Сражадин Әкімов, Жәнібек Маханбет, мүсінші Жәркен Исмағұлов, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақовалар да есімі мен еңбегі халықтың жадында мәңгі жаңғыруда. Өнердегі жерлестеріміз қашанда өз таланттарымен аудан абыройын биікке асқақтатып жүр. Әрине, ауданда мәдениет саласының қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірген аға-апаларымызды, оның ішінде Сейтмұрат Ембергенов, Қайрақбай Нұрыбаев, Алмагүл Бахтиярова, Жантемір Айсин, Сандыбай Садуақасов, Сұлтанбек Мұсаев, Қуаныш Татанов, Петр Белый, Өмірбек Сарыбаевтардың есімдерін атап өткенді жөн санадық. Майталман мамандардың өнегелі ісін бүгінгі ізбасарлары жалғап келеді, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң ауданның рухани-мәдени дамуына үлес қосқан сала ардагерлері мен нәтижелі еңбек етіп жүрген мамандар түрлі марапаттармен марапатталды. Атап айтқанда, аудан әкімінің Алғыс хатымен сала ардагерлері Алма Бақтиярова, Жантемір Айсин, Сандыбай Сәдуақасұлы, Нұржамал Жүзбаева, Бүркітбай Мұстафаев, Гүлзабира Оразбекқызы, Күләш Құдабаевалар марапатталды. Сондай-ақ аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Жеңісбек Төрәлиевке «Еңбек даңқы» медалі және балетмейстр Ақмарал Пернебаеваға аудан басшысының Алғыс хаты берілді.
Қабылдауда мәдениет саласының үздігі А.Бақтиярова мен сала ардагері Ж.Айсин сөз сөйлеп, салтанатты қабылдау ұйымдастырып, құрмет көрсеткені үшін аудан басшысына ризашылық білдіріп, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ