Құрмет төрінде –қазыналы қариялар
«Қарттарымыз – қазынамыз» дейтін халықпыз. Ақылы дария ардақтылардың халықаралық мерекесі әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Мерекеге орай жылдағы үрдіспен аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан әкімі М.Ергешбаев қатысып, ардагерлер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
«Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік концерттік бағдарлама сәні мен салтанаты үйлесіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан басшысы қариялардың қадірін арттырып, шынайы тілегін жеткізіп, құрмет көрсетті.
– Ұлт рухын көтеріп, жастардың санасын оятып, ұлттық болмысымызды келер ұрпақ тәрбиесінде қалыптастыратын, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны қашанда ерекше. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, ардагерлерді құрметтеу – болашағымызға жасаған құрмет деп білеміз. Мерекелеріңіз құтты болсын. Бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, – деген аудан әкімі бірқатар сала ардагерлеріне «Алғыс хат» табыстап, сый-сыяпат көрсетті.
Мұнан соң ақын З.Ибадуллаев атындағы «Алдаспан» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі М.Мансұров бастаған өнер саласының мамандары М.Әбсадықов, Ғ.Шәпиев, А.Өтеуов жыр-термелер орындады. Мерекелік іс-шара әрі қарай аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Төл мерекелерінде ән мен жырға сусындаған ардагерлер өнер ордасынан көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Айта кетейік, салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, «Амаnат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі төрайымы Ұ.Жанәлиева қатысты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ