Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет майталманы 70 жаста!

Мәдениет майталманы 70 жаста!

Бүгінгі Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасұлын қабылдап, кәсіби мерекемен қатар келген 70 жас мерейтойымен құттықтады. Мәдениет майталманының саладағы жемісті жұмысын атап өтіп, сала қызметкерлеріне мерекелік құттықтауын жеткізді.

– Мәдениет – ұлттың қуаты, рухани болмысы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деп атап көрсетті. Сол себепті де өркениетті ұлт тарихымен, өнерімен, мәдениетімен бағаланады. Сырдария ауданы – өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Қасиетті өлкеде ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлері елдігімізді, рухани қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Осы жолда мәдениет саласы ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Олардың қатарында ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі Сансызбай Сәдуақасұлын ерекше атап өтуге болады. Биыл мәдениет саласының майталманы 70 жасқа толып отыр. Осы уақыт ішінде С.Сәдуақасұлы аудан, облыс мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, қазіргі таңда жастарға ақылшы болып келеді. Аудандық мәдениет үйі жанынан «Құрақтың Досжаны» атты ұлт аспаптар оркестрінің ұйымдастырылуына, 1985 жылы «Халықтық» атақ алуына үлкен үлес қосқан құрметті жан бүгінде аудан мақтанышы. Саналы ғұмырын мәдениет пен өнерді өркендетуге арнап келе жатқан Сансызбай Сәдуақасұлын 70 жас мерейтойымен құттықтап, құрметімізді білдіреміз, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Мерекелік құттықтаудан кейін аудан басшысы мәдениет майталманын «Құрмет грамотасымен» марапаттап, қазақы үрдіспен иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
21 мамыр 2021 ж. 695 0