Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениеттің биік шыңы

Мәдениеттің биік шыңы

Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал. Оның ішінде, денені түрлі қимылға икемдеп, көрерменге ерек­ше шабыт сыйлайтын би өнерінің құдіреті ерекше.

Қазақ халқы қашаннан өнердің қай түріне болсын жақын. Оның ішінде, би өнері – ой мен мазмұнды музыкалық-хо­рео­графиялық бейне арқылы ашатын сах­налық өнер түрі. Биде сөз де, әңгіме де болмайды. Оны көрермен ішкі сезіммен үй­лестіре отырып түсінуге тиіс.

Осындай күрделі өнерді жоғарғы дең­гейде игеріп, көрерменнің көзайымы бо­­­лып жүрген «Тұмар» би тобының құ­рыл­­­ғанына 15 жыл толған. Осы уақыт ара­­лығында түрлі деңгейдегі сайыстарда биік шыңдарды бағындырып жүрген мың бұралған бишілердің еңбегі зор. Бү­гінде топта жиырма биші бар. Ал топ же­текшілері Гүлшат Өтебасова мен Ардақ Тоқ­берішова өнерлі өрендерді өнерге бау­­лып келеді.

– Топтың бірлесе жеткен қай жетістігі болмасын оның артында үлкен еңбек пен маңдай тер жатқаны анық. Жүлде алу – негізгі жетістік емес. Ең бастысы, балаларды еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа, қо­ғамда өзін ұстай алуға үйретудеміз. Сон­дай-ақ қыз баласының кербездене бой түзеп, дене бітімін дұрыс қалыптастыруы маңызды. Бишілердің бойында осындай дара қасиеттерді қалыптастырып, үл­кен өмірге баулып, басқа ортада өзін се­нім­­ді ұстауға тәрбиелеп келеміз, – дейді «Тұмар» би ансамбілінің жетекшісі Г.Өте­ба­сова.

Бұған дейін де ауданнан бастап халық­аралық деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, биік шыңдарды бағындырып жүрген өнер ұжымы ауданның намысын түрлі са­йыстарда абыроймен қорғап келеді. Олар жақында ғана Алматы қаласында өткен ҮІІ республикалық «Жібек жолы» байқауынан гран-при және ҮІІІ респуб­ликалық байқауға тегін жолдама ұтып алған. Арада көп уақыт өтпей тағы да Қызылорда қаласында өткен І республикалық «KERUEN» байқауынан да гран-при жеңіп алған бишілердің бәсі биік болды. Атаулы байқауда түрік ұлтының биін нақышына келтіріп орындаған би­шілер талайды тамсандырып, таңдай қаққызған.

Сұлу өнерге тіл бітірген бишілер тобы қай байқауға да күн-түн демей дайындалады. Көрерменге әсер сыйлап, сөзсіз өнер құдіретіне тамсандыру, әсте, оңай шаруа емес. Осы ретте, кіші, орта, үлкен топтарға бөлінетін 75 бишімен жұмыс жасау да жетекшілер үшін жеңіл болмайды. Десек те, ұстаздық жолды таңдап, талапты балалардың талантын шыңдап жүрген білікті мамандар – өз ісінің хас шеберлері.

– «Тұмар» бишілер тобы жұмыс жасап келе жатқан 15 жыл ішінде топ құрамы төрт рет ауысқан. Яғни, төрт рет түлек ұшырған. Түлектердің ішінде осы би саласын таңдағандар да бар. Ансамбль Сыр елінің би өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бишілер қай сайысқа болмасын үлкен дайындықпен барады. Сондай-ақ қыздар әрбір байқаудан жаңа нәрсе үйреніп, сабақ алып қайтады, – дейді ансамбльдің хореографы А.Тоқберішова.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 желтоқсан 2022 ж. 645 0