Мәдениет саласының үздігі
«Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» дейді. Өнерімен өрге жүзгеннің өресі биік болары хақ. Өйткені, мәдениеттің ең биік өлшемі бар жақсылықтың бастауы екені сөзсіз. Сондықтан мәдениет саласының маманы, өнер адамы өркениетті өмірдің басты тұлғалары болып саналады. Міне, сол өнерімен биік белестерді бағындырып жүрген аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Қожабергенқызы Сәрсенбаева жыл қорытындысында үздіктер қатарынан көрінді.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» дейді Антон Чехов. Сол айтқандай, өңір мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан Г.Сәрсенбаева өнер әлемінде өзіндік талантымен дараланған. Аудан көлеміндегі қай шараны болмасын жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына еңбегі зор. Адам жанын елжіретер түрлі сахналық қойылымдарда да актерлық шеберлігі жоғары. Әркез көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Ауқымды шаралар мен мәдени жобаларды жоғарғы деңгейде ұйымдастыру, өнерсүйер қауымның талғамынан шығу оңай дүние емес. Осы жолда елеулі еңбек сіңіріп жүрген Гаухар Қожабергенқызы жыл қорытындысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемұлы табыс етіп, шығармашылық табыс тіледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ