Бір салаға тоғысқан отбасы
Медицина саласында қателесуге жол жоқ. Осындай қиын да қызықты мамандықты сүйіп таңдаған жандар қатары аз емес. Соның бірі Айдарлы ауылының амбулаториясында еңбек етіп, ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп жүрген аға мейірбике – Ақмарал Абибуллақызы.Мейірбике – науқастың саулығы мен емдеу барысында дәрігермен бірдей жауапкершілікте болатын жан. Уақытылы емнің жүргізілуі мен әр минут сайынғы науқастың жағдайы мейірбикенің бақылауында. Осылай жұртшылыққа қызмет етіп, ауыл тұрғындарының нағыз жанашыры бола білген Ақмарал Сейітова бұл қызметте 36 жыл еңбек етуде. Отбасымен қатар қызметін бірге алып жүрген аяулы жан медицина саласын таңдағанына өкінбейтінін айтты.
– Бұл салаға мектепте оқып жүрген шағымнан қызығатын едім. Орта білімді үздік аяқтап, 1987 жылы Қызылорда қаласында орналасқан медициналық колледжге оқуға түстім. Сөйтіп алғашқы еңбек жолым туған ауылымда балалар мейірбикесінен бастау алды. Бастапқы жылдары оңай болған жоқ. Оқыған біліміңді тәжірибе жинақтау арқылы шыңдап, өсесің. Сол кездегі Айдарлы ауылының дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Төлеукүл Мырзахметоваға алғысым шексіз. Жас маман шағымда көбірек қолдау білдіріп, жұмысты жақсы алып кетуіме үлкен септігі тиген болатын, – дейді мейірімді жүрек иесі.
Амбулаторияның қызығы мен шыжығына жылдар бойы куә болып келе жатқан Ақмарал Абибуллақызы бүгінде жолдасы Нұрділда Сейдахметовпен бірге қызмет атқаруда. Өмірлік тірегімен 1992 жылы бас қосып, 3 ұл тәрбиелеп, өсірген. Кез келген оқыс жағдаймен хабарлама түскенде оқиға орнына жолдасымен бірге барады.
– Нұрділда жедел жәрдем көлігінің жүргізушілік қызметін 2004 жылдан бері атқарып келеді. Медицина саласында бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 21 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде түрлі жағдайға куә болдық. Жедел хабарлама түскенде бірге әрекет етеміз. Тіпті ауылдағы біршама бүлдіршіннің кіндік шешесі атандым десем де болады. Ауданға жетпей уақыты келген келіншектерді жолда босандырғанмын, сонымен қатар үйінде босанып қалатын жағдайлар да болып тұрады. Солай әйелдерді өзім босандырып алған кездерім аз емес. Елімізде COVID-19 белең алған кезде біз ауылдың кіреберісіне кезекшілікке тұрдық. Ол жылдар барлығымызға қиын болды. Науқастарды ауданға жеткізу бойынша жолдасым екеуміз қызмет еттік. Тіпті қайтыс болған адамның денесін ауылға әкеліп, отбасына табыстаған кезіміз де болды, – дейді Ақмарал Сейітова.
Отбасымен ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсетіп жүрген жандар жұртшылықтың ықыласына бөленген. Қазіргі таңда үлгілі жанұя болып, немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Қандай оқыс жағдай болсын алғашқы көмек әрқашан маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұндай салада еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай қызығы мен шыжығы мол медицина саласына өмірін арнаған жары Ақмарал мен жолдасы Нұрділда көпке үлгі болары анық.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










