Адал еңбек – ардың ісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Осы орайда мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын» дегені белгілі.Осыған орай жыл бойы аудандық газет еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, олардың жұмысын, өнегелі өмірін насихаттауды қолға алған болатын. Осы үрдіспен қарапайым еңбек адамы ретінде ауданға қарасты Айдарлы елді мекенінің тұрғыны, ауылдық амбулаториясының кіші буын қызметкері Мейрамкүл Оспанова жайлы жазуды жөн көрдік. Медицина мекемесінің қызметкері, санитарлық тазалықшы болып жұмыс жасайтын Мейрамкүл – 15 жылдық тәжірибесі бар өз ісінің маманы. Ол нағыз адал еңбек иесі.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда 2008 жылдан бері жұмыс істейтін Мейрамкүл Үмбетбайқызының еңбегі – көзге көп көрінбегенімен, қоғам үшін аса маңызды. Тазалық пен тәртіп – денсаулықтың кепілі екенін жақсы түсінетін ол күн сайын амбулаторияның бөлмелерін, дәлізі мен қабылдау кабинеттерінің тазалығына жауапты, күн сайын дезинфекция жұмыстарын жүргізеді.
Науқастарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – тазалықшының басты міндеті. Таңертеңнен кешке дейін тыным таппай, тазалық пен гигиенаны сақтауға атсалысатын бұл еңбектің арқасында өз ісін алаңсыз атқарып, тұрғындар таза, жинақы ортада ем қабылдайды.
– Менің жұмысым – тазалық пен тәртіпті сақтау. Күн сайын адамдардың таза әрі жайлы ортада жүруіне үлес қосамын. Жұмыс кейде ауыр болса да, өз ісімнің маңызды екенін түсінемін. Тазалық – денсаулықтың басты кепілі. Осы ретте Президент айтып өткендей, биыл 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл жыл еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, жұмысшы мамандықтың беделін арттыруға бағытталған деп ойлаймын,– дейді ол.
Тазалықшы – ауыл амбулаториясының көрінбейтін қаһарманы. Оның әрбір еңбегі ауыл тұрғындарының саулығына қосқан үлесі болып саналады. Күнделікті еңбегінде жауапкершілік пен тиянақтылықты серік еткен жан – адалдық пен еңбекқорлықтың айғағы.
– Біз Мейрамкүлмен бір отбасыдай болып келеміз. Өзінің тиянақты, ұқыпты ісімен адал еңбегінің жемісін көріп отыр. Ортаға сыйлы, ақжарқын мінезді жан қазіргі таңда 4 немере сүйіп отырған асыл әже, екі баланың аяулы анасы. Келушілерге ыңғайлы жағдай жасап, ем қабылдаушыларға ішкі тәртіпті ескертіп, аса жауапкершілікпен жұмысын жақсы атқарады, – дейді әріптесі Арайлым Нәбиева.
Кейіпкеріміз 1994 жылы өмірлік серігі Мейрамбек Кенесариевпен отау құрады. Жас отбасы егінмен, саудамен айналысып, үйдің ризық несібесін бірге келтіріп отырды. Еңбегіне адал жан ауылдық амбулаторияға тазалықшы болып жұмысқа кіріскен, осы уақытқа дейін абыройлы еңбек атқарып келеді.
Жолдасы Мейрамбекпен бірге шаңырағында ұл мен қызды өсіріп, қызды ұясынан ұшырып, ұлын үйлендіріп, тәтті немерелердің қызығын көріп, үлгілі болып отырған мерейлі отбасы.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА










