Мың бұралып билеген...
Балалар жылына орай өнер мектебінің хореография бөлімі «Би қанатында» тақырыбымен аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарлама ұсынды.
Өнер мерекесі «Тұмар» би ансамбілінің құрылғанына 15 жыл және «Наз-Керім» би ансамблінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мерекеде үкілеген үміттің жемісі мен жеңісі көрініс тапты.
Бақытты балалық шақ көрінісімен ашылған фестиваль айналаны сән мен салтанатқа бөледі. Әсем ырғаққа ұласқан әуенге ұстазы мен кішкентай шәкірттері би өнерінің құдіретін сахналады.
«Тұмар» би ансамбілі Сыр елінің би өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ауданда, облыста, республикада ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға қатысып, ұлттық өнерді насихаттап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Концерттік бағдарламада қос ұжым 15 жылдағы белесті, жаңа би қойылымдарын көрсетті.
2007 жылы аудандық әуез мектебі жанынан ашылып, би сыныбы негізінде құрамында 8 биші болса, қазір мектептің хореография бөлімінде 120 бала дәріс алады. Би тобына жетекшілік ететін білікті маман, хореограф Гүлшат Өтебасова би қойылымдарының ерекше шығуына атсалысып, жоғары деңгейде көріне білді. Атап айтқанда, «Жыл жұлдызы», «Үздік хореограф», «Үздік ұстаз», «Лидер образования» алтын медаль иегері атанды. 15 жылдың ішінде жас ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөліп, бишілердің қатары көбейді.
Сұлу өнерге тіл бітірген «Тұмар» би ансамбілі көрерменге қуаныш сыйлап, қазақ биі «Көңілді күн», «Заманауи», «Қытай», «Түрік», «До-Ре-Ми», «Үнді», «Рокн-Ролл» биін билеп, сахнаны жандандырды.
Жыл сайын өрісі кеңейген би өнері ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығын арттыруда. Аудандық өнер мектебінің филиалдары төрт елді-мекенде Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қоғалыкөлде ашылып, жеткіншектер өнердің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік алды. Қалжан ахун ауылындағы «Наз-Керім» би тобы талай байқаулардың биігінен көрінді. Топтың хореограф жетекшісі Ардақ Тоқберішованың тынымсыз еңбегінің нәтижесі ретінде бишілер қазақ биі «Қуаныш», «Әліппе», «Орыс», «Рокн-Ролл», «Павлиндер», «Тарантелла», «Татар» биі сәтті шығып, осы кеште би жанрының гүлі тербелді.
– Ауданда алғаш рет 2007 жылы Өнер мектебі жанынан би сыныбын ашып, кішкентай қыздарды би өнеріне үйрете бастадым. Қазір топтың алғашқы қарлығаштары еліміздің түкпір-түкіпірнде, әртүрлі мамандық иесі атанды. Жас балғындарды би билеуге үйрету қашанда қуаныш әкеледі. Бастысы топта жұмыс істеуге, бір-бірімен байланыс орнатуға машығады. Өзін-өзі бағалау мен өзіне деген сенімділігі артады. Бүгінгі айтулы күні өткен би кешінде мектептің хореография бөлімінде оқитын 120 баланың барлығы өнер көрсетті. Шәкірттерімнің арасында «Тұмардан» қанаттанып, қазір хореограф мамандығына оқып жатқандар бар. Алғашқы қазақ би өнерінің ізін салушы, би еркесі, би падишасы Шара Жиенқұловадай бишілерді дайындап жатырмыз деген ойдамын. Алда әлі талай бишілеріміз үлкен сахнада өз өнерін көрсетіп, Сыр елінің атын шығаратынына сенемін, – дейді хореограф Гүлшат Өтебасова.
Мерекелік концертте лэд экран арқылы «Тұмар» би ансамблінің түлегі Мейрамкүл Кенжебекққызы құттықтады. Жылы лебізін жолдаған түлек би өнеріне деген шексіз махаббатын, ұстазына деген алғысын айтып, жүректерді тебірентті.
Ал қазіргі кезде би мамандығын таңдап, «хореграф-оқытушы боламын» деген мақсатпен «Қазанғап» атындағы музыка-педагогикалық колледжде оқып жатқан Жұлдызай Аманбекова мың бұралып, «Қазақ биін» билеп, қошеметке бөленді.
Өнер кешінде сонымен қатар көрерменнің ықыласына бөленген «Ай-Тұмар» би тобы да сахнаның сәнін келтірді. С.Сейфуллин ауылынан келген бишілер заманауи биі «Танец с тросточками», «Қазақ» биін биледі.
Кеш соңында Өнер мектебінің директоры М.Сәдуақас өнер ұжымдарына алғыс айтып, ауданда би өнерін дамытқан жетекшілеріне, осындай жетістікке жеткен бишілерге жүрекжарды лебізін білдірді.
«Би – жүректің жыр бағы, би – сзімнің сырғалы, би – жанның гүлі тербелген, би – әпсана, Ұлы дала ырғағы» дегендей, би кешінің кейіпкерлері көрермен қауымға осылайша естен кетпес әсем кеш сыйлады. Би қанатында самғай бер, «Тұмар» мен «Наз-Керім»!
Бибісара ЖАНӘЛІ