Дәрігерлік амбулатория – ұлт саулығына қызмет етеді
Ауданнан шалғай орналасқан елді мекен Айдарлыда ұлт саулығына қызмет ететін дәрігерлік амбулатория бар. Амбулатория денсаулық сақтау саласында өз қызметін ауыл тұрғындарының саулығын нығайтуға бағыттаған. Заманауи талапқа сай салынған жаңа ғимарат 2016 жылы ел игілігіне берілген.Ауылдағы амбулатория қызметкерлері осы күні тұрғындарға сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына серпін берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлт саулығына басымдық бергені мәлім. Құжатта медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырған болатын. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда. Міне, қоғам саулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға қызметін жүйелі етіп жүргізіп отырған дәрігерлік амбулаторияның маңызы жоғары.
Айдарлы ауылындағы дәрігерлік амбулатория тарихы ауылдың құрылуымен бірге жасап келеді. Алғашқы ауыл дәрігері болған фельдшер Биғали Молдрайымовпен бірге медициналық қызмет көрсеткен ауылдың ақ халатты абзал жандары тұрғындардың денсаулығын жақсартуға атсалысты. Содан бері бірнеше буын ауысқан мекемені балалар дәрігері Т.Мырзахметова, Н.Кенебаева, П.Сырлыбаева, фельдшер Ә.Тұхылбаев, жалпы тәжірибелі дәрігерлер А.Қозыбағарова, М.Иманова, А.Торыбаев, Н.Сахиев, Е.Орынбасаров, Т.Әлиев басқарса, қазіргі уақытта жалпы тәжірибелі дәрігер М.Накипова мен бес медбике қызмет етеді.
– Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуде дәрігерден бастап, аға медбике Ақмарал Сейтова, жалпы тәжірибелі медбикелер Азизат Баймұхамедова, Нағима Әбдіраманова, Алмагүл Семеева, химизатор Шырынкүл Назарбекова және акушерка Арайлым Нәбиева қызмет етеді. Жыл бойы дәрігерге келіп қаралған науқас саны – 6960, диспансерлік есептегі науқастың қаралғаны – 267. Сонымен қатар 400 балаға екпе салынса, 348 ересек адам вакцина қабылдады. Негізгі міндетіміз бойынша биыл 267 адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы – 390 адам болды. Күндізгі стационарға 115 науқас жатқызылып, тиісті ем-домын алды. Биылғы жылы босанған әйелдер саны – 24. Туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда біршама өсті, – дейді дәрігер Мақпал Есболатқызы.
Ұлт саулығына қызмет ететін іргелі ұжымнан шыққан ардагерлер – жалпы тәжірибелі дәрігер Патима Сырлыбаева, медбике Күлшарай Ниязбекова, кіші буын қызметкерлері Уртай Бекенова мен Ақжарқын Бақтыбекова, қарауыл Ұлжан Жұмабекованың да еңбегі ұшан-теңіз. Олардың жұмысын жалғастырып отырған бүгінгі ақ халаттыларға ауыл тұрғындары дән риза.
– Жаңа ғимаратқа көшкелі бері ауылдық амбулаторияның жұмысы да жақсара түсті. Ауырып қалсақ, тексеріп емін тағайындайтын дәрігеріміз бар. Қолы шипалы медбикелер өз жұмысын жақсы атқарады. Уақытылы дәрі-дәрмегімізді аламыз. Жас босанған әйелдерді үйіне келіп, баланың да, анасының да жағдайын қарап, тексеріп кетеді. Іші жылы, жайлы амбулаторияда күндізгі стационарымыздың барына қуанамыз. Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп отырған ұжымға алғысымыз мол. Жанына шипа іздеген, дәрігерден көмек сұраған адамға ең бірінші болып қол созатын шипагерлердің жұмысы алға баса берсін, – дейді ауыл тұрғыны Урмаш Мусаева.
Бүгінде 1361 ауыл халқына медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жыл басынан скрининг бойынша жоспарланған ауыл тұрғындары тиісті тексеруден уақытылы өтуіне медбикелер жұмылған. Күнделікті үй аралау арқылы балалардан бастап, егде жастағы қарттардың денсаулығы жіті бақылануда.
Бибісара ЖАНӘЛІ










