Өнерімен өрге жүзген
Айтолқын мен Жансая – бір үйдің қыздары. Апалы-сіңлілі екеуі – анасы Перизаттың қолқанаттары. Біздің үймен іргелес қоныс тепкен құдайы көршілеріміз болғандықтан үнемі жұптары жазылмайтын екі қызды кішкентай кезінен білеміз.
Мен он бірінші сынып оқығанда кішкентай Жансая бірінші сыныпқа енді барып жүрген кезі еді. Сабағы менен бұрын біткенімен, екі сағат бойы ең соңғы партада мені күтіп отыратын. Екеуіміз бір ауысымда оқығандықтан, сабақтан бірге қайтамыз. Жол бойы оның тілін қызық көріп, әңгімеге тартамын. Сонда кішкентай қыз «Мен өскенде өнерлі адам боламын» деп армандайтын. Міне, қазір жоғарғы сынып оқитын бір үйдің қос қызы қоғамдағы түрлі іс-шараларда белсенді.
Айтолқын мен Жансая Жолболдиналар бірінші сыныптан бастап би үйірмесіне қатысқан. Екеуі аудандағы әуез мектебінің жанынан құрылған «Тұмар» би ансамблінің белді мүшелері. Талай шәкірт тәрбиелеп, республикалық байқауларда үлкен жетістіктерге жетуіне сеп болып жүрген ұстаздары – Гүлшат Утебасова. Мың бұралған бишілер үлкен қалаларға сайысқа барып, жүлделі оралып жүр. «Баласы көкпар шапса, анасы тақымын қысады» демекші, қыздары жарысқа аттанғанда, анасы Перизат тағат таппайды. Би өнерінің қыр-сырын меңгерген Айтолқын мен Жансая жеті жыл би үйірмесінде шыңдалып, үздік бітіріп шыққан. Осы жылдар аралығында «Тұмар» би ансамблі І республикалық «Talents of Kazakstan» өнер және білім байқауында, V республикалық «Атадан мұра» байқауында Бас жүлде иеленген. Одан бөлек түрлі іс-шаралардың көркін қыздырып жүрген бишілердің жеткен жетістігі көп. Өнерлі топтың талай бәйгеде топ жарған белсенділігіне 2019 жылы сол кездегі аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың арнайы «Алғыс хатымен» марапатталуы да дәлел.
– «Баланы аясаң, аяма» дейді халық даналығы. Сол ұстанымға сай қыздарымды кішкентайынан түрлі үйірмелерге қатыстырдым. Екеуі біресе мектепке, біресе әуез мектебіне, біресе қосымша сабаққа барады. Қазіргі баланың бос уақыты болмағаны жақсы. Бір жағынан, өнер, білім үйренеді. Бір жағынан уақыттың қадірін біліп өседі. Кішкентайларынан жинаған білім мен өнері өмір бойына өздеріне азық болады. Көзімнің ағы мен қарасындай болған қос қанатым, қос қарлығашым – қыздарым. Балаларымның болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді өнерлі өрендердің анасы Перизат Жақыпбекова.
Айтолқын мен Жансая мың бұралған биші ғана емес, домбырада да шебер ойнайды. Әуез мектебіндегі жылдарын тек би үйірмесімен шектемей, домбыра, сольфеджио курстарын оқыған. Алған білімдерін сайыста шыңдап, халықаралық «Жас толқын», одан бөлек облыстық, аудандық байқауларда да биік шыңдарды бағындырып жүр. Балғындардың бойына қазақтың қасиетті күй өнерін ұстаздары Қуаныш Жүнісов дарытса, вокалдан Гүлзия Ешмұратова сабақ берген. Бүгінде домбыра сыныбын да үздік тәмамдап, «Балауса» домбырашылар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүрген Айтолқын мен Жансая түрлі көлемдегі іс-шараларда ғана емес, көрші-қолаң бас қосқан жиын-тойда әуелетіп күй тартып, үлкендер жағының батасын алып жүр.
Айтолқын мен Жансая Жолболдиналар тек өнерге бет бұрмай, білім жолында да үздік екендіктерін дәлелдеп келеді. Әсіресе, математика, физика, ағылшын пәндерін сүйіп оқиды. Өнерлі балғындар білім сайыстарында да топ жарып жүрген жайы бар. Айтолқын «Математика білгірі – 2021» байқауының, биылғы пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінің жүлделі екінші орын иегері. Ал Жансая ағылшын тілі пәнінен ұйымдастырылған республикалық Ұлттық интернет олимпиадасында біріші дәрежелі дипломды еншілеген. Есеп-қисаптан еш қиналмайтын бір үйдің өнерлі қос қызы тоғызқұмалақ пен шахмат үйірмесіне де қатысады. Ұстаздарының бергенін бірден бойына игеріп алып жүрген талантты балалардың бұл салада да жетіп жүрген жетістіктері баршылық.
Би, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері, сабақ, пәндік олимиадалар, қоғамдық іс-шаралар, түрлі қалалардағы байқаулар... Осы кезден осының бәріне үлгеріп, онысын қиындық көрмей шыр айналдырып жүрген дарынды балалардың әр жетістігінің артында атасы Қарақұл мен анасы Перизаттың түзу тәрбиесі, үлгі-өнегесі мен қолдауы тұрғаны анық. Осындай еңбекті елеген өнер мектебінің директоры Марат Сандыбайұлы өнерлі қыздардың ата-анасына арнайы Алғыс хат табыстаған. «Алдағы уақытта балаңызға қолдау көрсетіп, әлемді бағындыратын жаңа өнерлі жұлдыз шығуына себепкер болатындарыңызға сенімдімін» деп пікір білдірген өнер мектебінің басшысы қоғамда белсенді әрі ынталы ұрпақ қалдыруда еңбек сіңірген ата-анаға арнайы алғысын білдірген.
– Немерелерім – көзімнің қуанышы. Бүгінде өзіме қолқанат болып отырған қос қызым өзімнің қолымда өсті. Қазір бірі 9-сыныпта, кішісі 8-сыныпта оқиды. Екеуінің де бос уақыттары болмайды. Және жарысқа барып марапат, медальдерін әкеліп жатады. Немерелердің қуанышына мерейіміз артып қалады. Осы ретте мектептегі білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдері мен өнерге баулыған ұстаздарына шексіз ризалығымды білдіремін, – дейді немерелерінің сүйікті атасы Қарақұл Жақыпбеков.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ