Жас түйекеш Ержан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтып өтті. «Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған» деп бұл бағыт әрқашан мемлекеттен қолдау табатынын жеткізді. Алдағы уақытта да агроөнеркәсіптің дамуы үшін мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануды ұсынды. Осындай мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін өркендетіп отырған Айдарлы ауылының жас кәсіпкері Ержан Дахарбек мал шаруашылығына ден қойған.
Мал шаруашылығын жас та болса қолға алып отырған Ержан кәсібінде тек түйе санын арттырумен шектелмейді. Сүт бағыты бойынша және ет бағыты бойынша да жұмыс атқарады. 2022 жылы мемлекеттік қолдау тарапынан қайтарымсыз гранттың конкурсына қатысып, 1 225 000 жеңіп алған. Ол қаржыға сүт бағытында екі түйе алып бастаған.
– Негізі отбасым бұрыннан мал шаруашылығымен айналысады. Яғни бұл түйе бағу атадан мұра болып қалған кәсіп десем де болады. Көбіне түйе, сиыр өсіру бағытына бет бұрған. Сол істі жалғастыру мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан болатынмын. Екі түйені сүт бағытында дамыта бастадық. Күнделікті малды жайғау үйреншікті іс. Анам Сайранкүл бұл кәсіпті дамытуға зор үлес қосып жүрген жан. Ол түйе мен сиыр сауып, сүт өнімдерін дайындайды. Қазіргі таңда сол қаражатқа алынған түйе мен жеке үйдің түйесімен қосқанда саны 10-нан асты, – дейді жас кәсіпкер.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл шарауашылығын дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасына 2023 жылы қатысып, 4,8 миллион несиені төменгі 2,5 пайызбен алған. Ол қаражатқа мал санын арттыру мақсатында 12 бас сиыр алған. Қазіргі таңда сиырдың саны 20-дан асқан. Қосымша сүт бағытында да кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Мал шаруашылығын қолға алғаннан кейін оларға да арнайы күтім қажет. Таң азанымен жем-шөбін салып, суғарып баптау керек. Бота мен бұзауларын енесінен айырып, өріске айдаймыз. Анам сауылған түйенің сүтінен қымыран дайындайды. Ал сиырдың сүтінен қатық ұйытып, құрт қайнатады. Бұл – ауылдың күнделікті күйбең тіршілігі. Алдағы уақытта осы сиыр мен түйенің санын арттырып, ет бағытында да жұмыс жасау ойда бар, – дейді Ержан Мақсатұлы.
Атакәсіпті ұтымды жалғастыра білген жас кәсіпкерге әкесі Мақсат пен анасы Сайранкүл барынша қолдау көрсетуде. Мемлекеттің және отбасының қолдауын сезінген Ержан болашақта бұл кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар сүт, мал санын арттыру бағытында және алдағы уақытта ет бағытында да кәсібін дамытқысы келетін жас кәсіпкер 27 жасында ауылының мал шаруашылығына қосқан үлесі зор.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










