Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауылдың гимніне айналған

Ауылдың гимніне айналған

«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар...» деп ақын Абай Құнанбайұлы жырлағандай, халқымызда құлаққа жа­ғымды әуенімен, жүректі тебірентер сөздерімен тың­­даушысын баурап алатын ән жеткілікті. Сондай естіген құлаққа керемет әсер еткен ән жақында ау­дан­дық мәдениет үйінің сахнасында шырқалды.

Концертті Қалжан ахун ауылының көркем­өнер­паздары қойды. Алғашқы әнді ауылдың жезтаң­дай әншілері Нұрбибі Сұлтанбекова мен Нұрай Орынтаева шырқады. «Ауылым» деп аталатын әнді тыңдағанда құлақ құрышын қанып, жүрегің елжірейді. Ауылдың тұтас көрінісі көз алдыңа келіп, ауыл халқының жай­дары мінезі, кеңпейіл, қонақжай дәстүрі әсерлі әуе­німен өн бойыңды еріксіз шымырлатады.

Сөзі мен сазы үйлескен әсем әнді тыңдағаннан ке­йін «Япырмай, мына әнді кім жазды екен, оның авторы кім?» деген сауалдар ойға келіп, уақыт оздырмай ән авторларын іздедім.

Әннің авторлары өлең өлкесінде өзіндік орны бар елжанды азамат Самат Жұмаділ мен Мұстафа Мамытов екен. Бірі әнге мәтін жазса, бірі әннің сазын шығарған. Қос азаматтан осы әннің шығу тарихын сұрағанымызда сонау 2001 жылы дүниеге келген ән әзірге Қалжан ахун туралы жазылған жалғыз ән екенін білдік.

– Қалжан ахун ауылы туралы «Ауылым» әні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылды­ғы­на орай шықты. Сол жылы ауылда жаңа мектеп салынып, соның ашылу салтанатында ауыл туралы ән орындалуы керек болды. Мектеп директоры марқұм Қайрақбай Нұрыбаев мектептегі музыка үйірмесінің жетекшісі Мұстафа Мамытовқа тапсырма берді. Мұстафа әуелі әнін жазып маған тыңдатты, «енді осыған сөз керек» деп қолқа салды. Мен ол кезде аудандық жазба ақындар мүшәйраларына қатысып, мектептегі іс-шараларға өлең шумақтарын жазып жүрген кезім. Бір-екі өлеңім аудандық газетке де жарияланған болатын. Өлеңді 1996 жылдан жаныма серік еткеннен бастап Сейтмұрат Ембергенов, Мұхтар Сақтапов, Балашбек Шағыров, Мейрамбек Шілдебаев секілді ағалардың алдында талай өлең оқыдым. Өлеңдеріме сын да айтылды, сынаудан да өттік. Марқұм Балашбек ағай: «Менің үш шәкіртім бар: біреуі – Мамыр, біреуі – Бағдат, біреуі – сен» деуші еді. Мықты ақындардың қасына мені қосқанға қатты ыңғайсызданатынмын. Иә, сонымен дайын әнге сөз жазуға мен қиналға­ным жоқ. Әуенмен үйлесуіне Мұстафа досым көмектесті. Мұғалімдер арасындағы «Көңілді тапқырлар алаңы», «Брейн-ринг» ойындарында бірге жүргендіктен шығармашылық жағынан түсінісе кеттік. Әннің сөзін жазуда ауылымның Тәуел­сіздіктің 10 жылы ішіндегі көркеюі көз алдыма келді. Ауыл маңындағы жасыл бақ, сонымен қатар жаңа мектептің салынуы, мектеп салу асарына үлес қосқан ауылдың ауызбірлігі көз алдымда болды. Сол кездегі шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаевтың мектепке, елге жәрдемдесуі, жалпы ел ағаларының Қайрақбай Нұрыбаев, Марат Омаров, Барысбай Ақмырзаев, т.б. қамқорлығы шабыт берді десем қателеспеймін.

«Құм суырған топырақты даласы,
Ауыл маңы жасыл бақ тұр жарасып» деген жолдар ауылдың кіреберісінде болған керемет өрік ба­ғын меңзейді. Сол бақтан бүкіл ауыл халқы сары өрік теретін. Жалпы біздің ауылда тал-теректер мол еді, кейіннен ауылдың шетінен селолық тұтыну коопе­ративі мен мектеп ұжымы бірлесіп 2 гектар жерге ағаш отырғызған болатын. Мұғалімдер мен оқушылар талай көшет еккен еді. Кейін жайқалып бақ болды.

«Ұл-қыздарың, Жұлдыздарың,
Нәр алады жайып сенде тамырын» деген сөздердің астарында ауылдан талай мықты жастар, атақты адам­дар, жұлдыздар шығар деген тілекпен жазылды.

«Аялаған алақандай ауылым,
Туған жерім жүрегімнің төрінде» деген сөздер жас­тық жалыннан, ауылымды алақаныма салып көтер­сем деген патриоттық сезімнен туындаса керек. «Ауы­­лым» әнін ауыл сахнасында мектептің ашылу салтанатында оқушы Гүлмира Қошықова алғаш рет орындады. Бұл – әзірге Қалжан ахун ауылы туралы жалғыз ән, – деді №126 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ.

Ал әннің сазын жазған сол кездегі мектеп мұғалімі Мұстафа Мамыт былай дейді:

– 2001 жылдың караша айы болатын. Ол кезде №126 орта мектепте мұғаліммін. Мектеп директоры Қ.Нұрыбаев шақырып алып, ауыл мектебі желтоқсан айында жаңа ғимаратка көшетінін, осы тарихи сәтке арнап арнайы ауылдың, ауыл жастарының гимні болатын бір ән жазуымды сұрады. Ауыл әкімі М.Омаров та үнемі осындай жағдайда қолдау көрсетіп жүретін. Әкім де сол сәтте қолдап, маған шабыт бергендей болды. Содан әрі ойымда жаңа ән жазу идея­сы туындады. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Самат Жұмаділмен ақылдасып, өз ойымды, ауыл, туған жер тақырыбында патриоттық өлең шығару керектігін айттым. Арада бірнеше күн өткенде Самат маған жаңа өлеңді алып келді. Одан әрі қарай мен жаңа өлең жолдарымен жұмыс істеуді жалғастырдым. Кейбір жерлеріне Саматпен келісе оты­­рып, түзетулер жасадық. Нәтижесінде, шамамен 2 апта көлемінде ән дайын болды. Ән дайын болған соң оған орындаушы ретінде мектептің оқушысы Гүлмира Қошықованы таңдадым. Ән барлығ жағынан дайын болғанда Қайрақбай ағай тыңдады және оң бағасын берді. Кейіннен ән ауыл жастары айтатын әнге айналды.

Алғашқы орындаушысынан кейін көптеген ауыл­дың өнерпаздары айтатын әнге айналған «Ауы­лым» әні бұл жолы да сәтті орындалды.

Туған жердің түлегі, ақын Самат Жұмаділ мен ком­позитор Мұстафа Мамыттың шығармашылығы өрлей берсін деген тілек­теміз. Киелі елден шыққан өнер­паздар әлі талай осы әнмен ел-жерді тамсандыратын болады.




Бибісара ЖАНӘЛІ
25 маусым 2022 ж. 607 0