Жаңа ән жарық көрді
Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылының тарихы тереңде жатыр. Шалғайда орналасқан берекелі елді мекенде 500-ден аса отбасы түтін түтетуде. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген ауылдың барлық жаңалығы көз алдымызда. Тарих тұнған туған өлке манайынан талай талант пен игі жақсылар түлеп ұшқан Аманкелді ауылы туралы жаңа ән жарыққа шықты. Келешекте ауыл гиміне айналатын әннің атауы – «Аманкелді ауылым» деп аталады. Туған жер жайында жазылған әннің авторы – ауыл тұрғыны, көпшілікке асаба ретінде танылып жүрген Жомарт Ахметов.
«Сенде туған адамдар да бақытты,
Аңсайды адам бал балалық уақытты.
Таза ауаң мен топырағың қасында,
Менсінбейсің алтынды да жақұтты» деп басталатын ән жолдарын Жомарт Ахметов бір айдың көлемінде жазып шығады. Перзенттік парыз ретінде туған ауылы жайында ән шығаруды Жомарт Ахметов ойлап жүреді.
– Көп ойлана келе «Аманкелді ауылым» әнін шығаруды қолға алдым. Бұған дейін П.Рахманқұлова мен М.Бектасов әні мен сөзін жазған «Аманкелді вальсі» атты ән бар болатын. Ендігі кезекте, ауыл жастарының рухын көтеретін, шалғайда жүрген жерлестеріміз мақтана айтатын ән ретінде жарыққа шығарып отырмыз. Әрбір перзенттің парызы – туған жеріне қызмет ету. Ауылдың гүлденуі – еліміздің дамуына серпін береді. Өз басым бұл әнді жазғанымды аудан мәдениетіне қосқан кішкене үлесім деп білемін, – дейді әннің авторы.
Өнерлі азаматтың осыған дейін «Ағалар қонысына» әні шыққан. Ал «Аманкелді ауылым» әнін қызылордалық музыкант Досқанат Темірханов өңдеу үстінде. Алдағы уақытта ән дайын болған кезде көпшілік назарына ұсынылады. Айта кету керек, аталған әнге бейнебаян түсіру де ойда бар. Ауыл туралы әннің бейнебаяны жарық көргенде жаңа туындыны «Тойдуман» арнасынан көрсету жоспарлануда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ