"Наурыз-думан" қалықтайтын күн
Сар даланы сағынып жер бетіне Ұлы Наурыз келіп жетті. Осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз тойы тойланғанда әуеде халықтың жүрегінен орын алған әнші Роза Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз-Думан» әні қалықтайды.
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда, – деп көңілді рухани күшімен тербейтін әнге еріксіз қосылып шырқайсыз. Әз-Наурыздың бойтұмарына айналған әннің тарихын сөз еткенде, оның сөзін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазғанын, ал әнін композитор Талғат Сарыбаев шығарғанын айтпай кету мүмкін емес. Әннің бағын ашқан қазақтың талантты әншісі Роза Рымбаева керемет әнді шырқап, әнді танымал етті.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 21 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған өз естелігінде былай деп жазды: «Наурыз мейрамының алғаш тойлана бастаған кезі болатын. 1988 жылы Мұқағали Мақатаевтың кітабын алып арнайы композитор Талғат Сарыбаевқа бардым. Ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне əн жазып беруін өтіндім. Өзімнің болашақ туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттеп бердім. Композитор ойымды бірден түсінді. Мен қалаған мінез бен стильде əн жазды. Көктемнің шуақты сəттері, наурыздың ерекшелігі мен қазақтың дархан пейілін беретін ұлттық рухтағы жақсы бір əн осылай өмірге келді. Жолдасым Тасқын Оқапов музыканың білікті маманы еді ғой. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі əн өңдеуші болатын. Жаңа туындыны бірден ұнатты. Содан «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан ой, пікірден пікір туа келе, Тасқынның ұсынысымен əннің ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Əннің ұлттық бояуы қалыңдап, тынысы кеңіп, қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дархан пейілін көз алдыңызға келтіретін əн мен тыңдарман осылайша қауышты.
«Наурыз-думанды» ұлттық құндылық, дəстүр-дағдыға шөліркеп жүрген халық бірден жылы қабылдады. Ауыздан ауызға көшіп, ел арасына тез тарап кетті. Міне, содан бері де 30 жыл уақыт өтті, бірақ əн ескірген жоқ. Əз-Наурызбен бірге жаңаша түлеп, əр көктем сайын халық сүйікті əнімен сағына қауышады. «Наурыз-думанды» талай шетелде де орындап жүрмін. Əлемнің қай бұрышына бара¬йын, шығарма өте жақсы қабылданды. Толассыз қошемет-құрметке ие болды. Үлкендер алғыс айтып, батасын берді. Бұл – əннің өмір-шеңдігі. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен дарынды композитор Тал¬ғат Сарыбаевтың кəсіби биік талғамының жемісі».
«Наурыз-думан» əні шын мәнінде халықтың жүрегіне жол тапқан ән болды. Наурыз мерекесінің символына айналған «Наурыз-думанның» орны әр қазақ үшін айрықша. Ғажайып туындыны Наурыз тойымен қатар қабылдайтын халық әнді қоса жырлап, жанын шаттыққа бөлейді. Рухы мен болмысы бөлек туындының өміршеңдігі ғасырдан ғасырға ұласа берсін!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ