Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әннің де естісі бар, есері бар

Әннің де естісі бар, есері бар

Әлеуметтік желінің оқырмандары қазіргі таңда кез келген мәселе хақында өз ойларын еркін ортаға салып жүр. Ұлттық руханияттың бір бөлшегі саналатын музыка өнерінің аяқ алысы жөнінде көпшілік көкейінде сан ал­уан пікір қалыптасқан. «Ән есті болса, жүйелі тәртіпке, есер болса, бей-берекетке себепкер» демекші, му­зыка әлеміндегі кейінгі жылдардағы құбылыс жайында кеңінен тарқатып айтпақпыз.

Этнограф ғалым Григорий Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деген па­йымды ойы ел жадында. Қазіргі уақытта музыка саласында жанрлық төнкеріс орын алып жатыр. «Құлақтың құрышын қандыратын» есті әндер ескіріп, заманауи үлгідегі әуендер жарық көруде. Ғұмыры ұзаққа бармайтын әндердің тәрбиелік мағынасы мен құрылымдық жүйесі тыңдарман көңілінен шыға бермейді. Талғампаз тыңдарман қауымның талқысына түскен әндер жиынтығында заманауи үлгідегі әндердің сөзі мен сазы қабыспайтындығы жиі айтылады. Сонымен бірге, тұрмыстың кез келген мәселесі әннің сөзіне айналып бара жатқан се­кілді. Мысалы, «Ютуб» әлеуметтік желісінде 927 мың рет тыңдалған әннің мәтіні сөзімізге дәлел.
«Махаббатқа қылмыс қылмаған,
Әпшем едің тұрмыс құрмаған.
Күтіп жатыр сені бір ене,
Қол ұзарып, тіл қысқармаған» деген әннің мәтінінде қыз баласының тұрмыс құрмағандығы жөнінде айдан-анық айтылады. Жеке өмірге байланысты кейбір мәселелер құпияда болғаны абзал. Сөз бен саздың үйлесімділігінде де келеңсіз тұстары кездеседі. Осындай жеңіл әндерге жазылатын сөз­дердің түпкі мағынасы көпшілік арасында сынға ұшырайды.
«Иә, сен күштісің, бірақ ең емес,
Иә, сен байсың, бірақ ең емес.
Әп-әдемі, бірақ ең емес,
Сен мен емес, сен мен емес» секілді әндер күн сайын саңырауқұлақ  секілді қазақ эстрадасында қаулап шығуда. Шын мәнінде, қазақ тілі мен өзге тілдерді араластырып айту дәстүрге айналып барады. Мәселен, қазақ әндері арасында  «Келші, девушка», «Сентябрьде үйленем» сынды әндер құлаққа түрпідей тиюде. 
 Негізінен, жеті нотаға бай­лан­ған ән құдіреті адам жанының емшісі болуы тиіс. Қазақы болмыстың табиғатына сай әндер шығаруға себепкер болған ұлы сазгерлердің туындылары ғасырлар бойы шырқалып келеді. Халық әндері ел қазанасы ретінде ұрпақтар сабақтастығын жандандыруда. Қазақ сазгерлерінің әндерінің шоқтығы биік. Бұл ретте, аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақастың осы мәселеге байланысты пікірін білген болатынбыз.


– Қазақ сазгерлерінің әндері құлаққа жағымды, әуені жаттанды, иірімдері мен ырғағы көңілге қонымды. Қазіргі әндерді көпшілігіміз түсінбей, ұнатпай жатамыз. Себебі, бүгінде әлем­дік ақпарат көзі ашық. Сазгерлер мен ән әрлеушілер әлемдік музыка элементтерін өз туындыларына қосуға дағ­дыланған. Сондықтан қазақы музыка басқаша жанрға бет­бұрыс жасады. Басқа елдермен мәдени алмасу дағдысы қалыптасқан. Соның салдарынан жас сазгерлер әлемдік му­зыканы қазақ әуенімен тоғыстырып, жаңаша құбылыс әкелуге тырысып жүр. Бұрынғы сазгерлеріміз қазақ әуендерін нақышына келтіріп, құнды туындылардың табиғатын аша түсетін. Демек, ақын мен сазгердің, ән әрлеушінің сауатты, жанрлық талғамы жоғары болуын талап етіледі. Мысалы, ән мен сөзін шығаратын сазгерлер көбейіп кеткені мәлім. «Шымшық сойса да, қасапшысы сойсын» деген қазақта жақсы сөз бар. Кәсіби тұрғыдан сөз құрылысына өлеңнің тармағын, ұйқасын, мағынасын сауатты жазуға ақындарымыз қалыптасса игі. Сонда сазгерлердің әні де түзелер еді.  Кей ән өлеңмен емес, қара сөзбен айтылып жатқандай көрінеді. Бұрындары теледидар мен радиода көркемдік кеңестің талқылауынан өткен әндер тыңдарманға ұсынылатын. Ал қазіргі таңда әндер талқылауға түспейді. Мән-мағынасына көңіл бөлінбейді, – дейді Марат Сәдуақас.
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдыныңсөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар» бар, –  деп хәкім Абай айтқандай, есті әндер шоғыры көбейіп, ұлт руханиятына мән-мағынасы зор туындылар қосыла берсін демекпіз. Әйтпесе, түсініксіз әндер түбімізге жететін секілді...

Балтабай Аябекұлы
09 қазан 2021 ж. 627 0