Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтайдың ар жағынан келген ару

Алтайдың ар жағынан келген ару

Қимайтын жан екенсің жат ұяға,
Қарғам-ау, кез болдың-ау қапияда, шіркін! – деп келетін әуені де, сөзі де ақын әрі сазгер Тынышбай Рахимовтың авторлығымен жарыққа шыққан ән көпшілікке таныс. Құлақтың құрышын қандырып, көңілге тыныштық ұялататын әсем әннің орындаушысы Сәкен Қалымов бізге белгілі әуеннің біз білмейтін тарихын кейінгіге естелік етіп жүр.
Әуеннің сөзі мен әнін жазған ақынның есімі бізге аса таныс болмағанымен, 1990 жылдары халық арасында үлкен ілтипат пен ықыласқа бөленген. Тарихы мен авторын біле бермесек те, «Ән аға», «Алтайдан сәлем», «Боз орамал», «Алтайдың ар жағынан келген ару» дейтін өлеңдерін ести қалсақ, ыңылдап қосыла шырқап жүреміз. Себебі, Тынышбай Рахимовтың қай өлеңін алып қарасаңыз да, жүрек тебірентер сөз бен жанға жайлы майда әуенге құрылған. Бүгінде сазгер әндерін Н.Өнербаев, С.Қалымов, С.Жанпейісова, Г.Сүн­детовалар бабына келтіріп орындап жүр.
Әннің алғашқы орындаушысы – Нұр­ғали Нүсіпжанов. Кейін қазақтың ерке қы­зы Мақпал Жүнісова домбыраға салып орындаған. Сол уақытта енді танымалдыққа ие болып, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген бұл әншілерге аталған әнді өз репертуарына қосып, әрмен қарай алып жүрудің сәті түспейді. Осыдан соң қалың елге жете қоймаған әнді автордың өзі нотаға түсіріп, қолы қалт ете қалған кезде орындап жү­ріпті.
Кейін бұл әнді орындау бақыты әнші-сазгер Сәкен Қалымовқа бұйырған. Сол кездегі танымал байқау «Жас қанатқа» қатысу үшін көңілі осы әнге түскен жігіт әнді өңдетіп, сахнаға қайта алып шығады.
Әннің де, орындаушының да бағын аш­қан – Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні болыпты. Бұл туралы әнші-сазгер С.Қалымов: «Әнді студияда өңдетіп жүргенде Қалдыбек Құрманәлі жолығып қалып: «Бұл әннің авторын танисың ба?» – деп сұрады. Мен танымайтынымды айттым. «Ендеше жүр, сені әннің авторымен таныстырайын», – деп телеарнаға ертіп келді. Тынышбай аға өзінің қызмет бөлмесінде отыр екен, орнынан тұрып қарсы алды. Қалдыбек мән-жайды айтқан соң, мен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін орындап бердім. Тынышбай аға шашын қайта-қайта тарап, ұнаған болу керек: «Келесі «Кеш жарыққа» шығасың, дайындал!» – деді. Ән мәтініндегі бір-екі жеріне өзгеріс енгізіп, қайта өңдеп, ағаның авторлық телебағдарламасы «Кеш жарыққа» жаңа әнмен шықтым. Сол күннен бұл ән қазақтың даласын кең шарлап кетті. Еңбектеген қарттан еңкейген балаға дейін әнді тез жаттап алып орындады десем, артық айтқаным емес. Той-жиынның, ел бас қосқан жердің бәрінде бұл ән елдің сүйіп айтатын әуеніне айналды», – деп есіне алады.
Әйгілі бола бастаған соң түрлі сөз бен өсек-аяң орын алатыны заңды. Бұл жолы жаңсақ пікір әннің тарихына қатысты айтылып, көпшілікке тарап кетіпті. Бәзбіреулер ән авторын «Алтайдан келген жас қызға есі кете ғашық болып, құмарлықтан қалықтатып ән тудырыпты» деп жазғырыпты. Өтірік қоса айтылмаса, өсектің «сәні» кіре ме?! «Сол қыздың соңынан ерген сазгер өз жанұясын тастап кетіпті» деп қосыпты екінші. Қаңқу сөз көңілін қалдырып, қапа болған ақын көзі тірісінде әннің шығу тарихын берген сұхбаттарында, одан қалса, қасындағы дос-жаран мен іні-бауырға айтып жүрген екен.
Асылында, ән тудыруға сеп болған оқиға былай өрбіген. 1991 жылы Қытай мен Қазақстан арасында кездесу болып, арнайы шақыртылған өнер өкілдері біздің елге ат басын тіреген. Қытайдан келген делегация арасында Әмина Еркешқызы дейтін қазақтың қаракөз қызы екі ел арасында аудармашы болып жүреді. Ол Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет етеді екен. Ресми кездесуде қос тарапты бір-бірімен түсіністіріп, тілдестіріп отырған кіп-кішкентай қазақ қызы. Тынышбай Рахимов бұған іштей мақтанғанымен, жиналыс аяқталып, қонақтар қайта бастағанда қыздың жанарынан қимастық сезімін байқап қалады. Жүрегі нәзік ақынның артына қарайлап, ата­мекенін қимай тұрған қарындасының ішкі сезімін ұқпауы мүмкін емес те еді. Бір сәттік оқиғаны сырттай бақылап тұрған Тынышбай ағамыз қара көйлек киіп, қызыл шәлі жамылған қара көз қарындасына қарап, көңілі алабұртып сала береді. Жиынның талабына сәйкес қатысушылар бір-бірімен артық ауыз тілдесуіне болмайтын еді. Сазгер қарындасына жақын барып, қазақтың кең пейілін бір ауыз сөзбен жеткізіп, тілдесе алмағанына қайран болып қалған екен. Өлең жолдарының «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп басталуының да сыры осында.
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым,
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым, – деген жолдар да ақын сезімі өлеңге өріліп түс­кенінің көрінісі.
Ал, Баянды болсын сенің құшар бағың
Қолыңды қош айтысып қыса алмадым, – дегенінен қазақ қызын жат елге қия алмай, іштей мұңға батқан ақынның таза көңілі көрініп-ақ тұр.
Мұндай оқиға, мұндай сезім ақынның ішін­де бүгіп қалса өлеңге жасалған қастандық болар еді. Оң болғанда Тынышбай ағамыз олай етпей, ішкі күйін әуелеген әнге қосып, бүкіл қазақ даласын сұлу сазымен тербете салыпты. Міне, кезінде халықтың аузынан түспей, отырыс біткенің сәніне айналған әуеннің қысқаша тарихы осылай.
Бір тыңдағанда ән баянсыз махаббат пен қосылмаған ғашығына арналған секілді болуы мүмкін. Сол себептен ақ-қарасын ажыратпаған тыңдарман әнге де, сазгерге де күйе жағып, туынды тарихын ойдан құрастырған болса керек. Ақын-сазгер Тынышбай Рахимов көзі тірісінде ақиқатында қалай екенін айта жүргені қандай жақсы болған!
Ал ақынның жары Қарашаш Рахимо­ва өмір бойы күйеуінің қас-қабағына қа­рап, адал серік болған жан. Тіпті, сазгер туын­дыларының ең алғашқы сыншысы да өзі. «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін де ең алдымен Қарашаш апамызға тыңдатқан.
– Қыздарға қарап ән арнаса, ол оның шабыты еді. Менің құлағым ондайға үйренген. Еш қызғанбайтынмын. Есесіне, өз ойыммен бөлісіп, «мына сөзді былай өзгертсең қайтеді» деп қолдап отыратынмын. «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні өте жеңіл шыққан еді. Бұл туралы ағаларың «әні мен сөзі ойыма қатар құйылып жатты» деп айтып отыратын, – дейді сазгердің жары бір сұхбатында. Аталған өлеңдегі «қап-қара жанарың-ай» дейтін тұсын Қарашаш апамыз «мөп-мөлдір жанарың-ай» деп өзгертуді ұсынып, өлеңнің әсерлілігін арттыра түсіпті.
Туынды тарихына тіл тигізіп, күйе жаға алмаған көреалмаушылар енді «Тынышбай бұл әнді ұрлап алған» деп мақала жазып, сынға алыпты. Поэзияны, ән мен ақынды түсінбеген халыққа қапа болып, көңілі құлазыған Тынышбай Рахимов жала жабушыларға мақаламен жауап жазыпты. Отыз жыл бойына халықпен жасасып, тыңдарманын сүйсіндірген ән одан кейінгі қанша жылдарға жетуге тиіс. Сол себептен болса керек, бұл ән осындай қиыншылықпен, ауыр жолмен жеткен.
Бір қызығы, әнді Қытайдағы қазақтар түгел біледі екен. Сол әннің арқасында Әмина қыз аспан асты елінде кеңінен танылғаны және бар. Тіпті, Үрімжідегі қазақ қызы өзінің өмірлік жарын осы ән арқылы кездестіріпті. Кейін қытайлықтар Алматыға келіп, концерт қойыпты. Сол кезде «Алтайдың ар жағындағы ару» ағасының үйінде қонақ болып, жеңгесінің қолынан шай да ішкен.
Тағы бір айтылуға тиіс сыр – танымал туындыға қыздың тарапынан берілген жауаптың бар екендігі. Бұл туралы кейінгі кезде сахнадан алыстап кетсе де, өнерге тың дайындықпен қайта оралуды жоспарлап жүрген әнші-сазгер С.Қалымов бір сұхбатында айтқан еді.
Шын болса арғы бетте жүрген ару
Парыз ғой ер жігітке іздеп бару...
Аққу боп кетсем деймін,
Отанға жетсем деймін,
Алатау тау самалын өпсем деймін, – деп келетін жолдарды нақ сол ару жазбағанымен, Қытайдағы қандас қыз-келіншектер аталған әннің әр шумағына жауап етіп қайтарыпты.
«Ән – көңілдің ажары» дейді қазақ. Расында, тамаша әуен жаныңызды тыныштандырып, сан түрлі күйге бөлейді. Әсіресе, қазақ танымында әннің орны, күйдің құдіреті ерекше бағаланады. Абай Құнанбайұлы «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп тал бесік пен жер бесіктің қайссын болса да әуен тербететінін еске салады.
Бүгінгі күні ән де, әнші де көп. Күніне қанша жаңа ән шығып жатады. Тыңдап та, жаттап та үлгермейсіз. Өкініштісі, бәрі бірдей жаныңды жадыратар әуен емес. Мәнсіз әрі мағынасыз ән мен әнші сымақтар киелі өнер табалдырығын былғап жүргені бөлек мәселе.
Құр даңғазаға құрылған әндердің тарихын іздесеңіз де таппайсыз. Мәнсіз, мағынасыз өлеңнің шығу тарихы да мардымсыз шығар. Есесіне, өз заманында танымал болып, бүгін де көптің көңілінен орын алатын, тыңдағанда құлақтың құрышы қанып, жаның жадырап сала беретін туындының тарихын біле жүргеніңіз абзал.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 мамыр 2021 ж. 1 606 0