Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауылдың өзегі – мәдениетті қоғам

Ауылдың өзегі – мәдениетті қоғам

Сырдария ауданы бойынша Тәуелсіздік жылдары қанатын кеңге жайған елді мекеннің бірі – Шаған ауылы. Әрбір күнін текке өткізбейтін шағандықтар әлеуетін жетілдіріп, сан салаға серпін беріп келеді. Мәселен, ауылда мәдениет саласының жұмысы қай кезде де қауырт. Елдегі пандемия талаптарын ескерген өнерпаз қауым онлайн іс-шараларды жандандыруда. «Ауыл жобасы» негізінде елді мекендегі мәдени жұмыстардың бағыт-бағдарымен танысып қайтқан болатынбыз.

Қырық жылдан астам тарихы бар ауылдық мәдениет үйі бір мезетте 400 адамға өз қызметін ұсына алады. Бүгінде мәдениет ошағындағы 5 үйірме жұмыс істейді. Оған 112 өнерпаз қатысады. «Ән», «Домбыра», «Ардагерлер», «Жас қала», «Драма» үйірмесімен, «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі, «Сарыбаевтар» халықтық отбасылық ансамблі ауыл мәдениетін көш ілгерілетуде. Жыл көлемінде 40-тан аса іс-шара өткізген ұжым онлайн және дәстүрлі форматта 5 мыңға жуық көрермен тартқан. Ұлы ақын Абай Құнабайұлының 175 жылдығына арналған бірнеше іс-шараның шымылдығы түрілген. Сонымен бірге, Алтын Орданың 750 жылдығы, Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы аясында танымдық кештер мен жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылған.


– Ізгіліктер дүниесін жандандыратын біздер ел-халықтан ажырамаймыз. Осы кезге дейін ауыл мәдениетін көтеруге күш салып келеміз. Ауыл өнерпаздары талантымен көпшілікке танылып, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Ең негізгі мәселе биыл мәдениет үйіне жаңадан музыкалық аппаратура алынды, – дейді ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ербол Медет.


Айта кету керек, мәдениет ошағында ауылдық модельді кітапханасы жұмыс жасайды. Аталмыш кітапханада 25656 кітап қоры бар. Былтырдан бастап, бұнда «Коворкинг» орталығы халыққа қызмет етіп келеді.

Ауылдағы руханият ордасына айналған мәдениет ошағында тың жоба қолға алынған. Бұған дейін кейбір мәдени іс-шара ауыл тұрғындарының үйінде де ұйымдастырылып келген. Қарттардың көңілін көтеру мақсатында шаңырағына арнайы барып, концерттік бағдарлама ұсынылған. Елдегі ахуалға байланысты ауыл өнерпаздары бірнеше онлайн байқауда топ жарды. Алдағы уақытта ауыл мәдениеті гүлденіп, өнерпаздар ел игілігі жолында еңбек ете бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
21 желтоқсан 2020 ж. 1 321 0