Қарттарға – құрмет
Сырдария аудандық ауруханасының ұжымы 1 қазан – Қарттар күнін жоғары деңгейде атап өтті. «Руханият орталығында» жүзеге асқан мерекелік іс-шараға денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер мен зейнеткерлер қатысып, ізгі лебіздерге бөленді.Бұл ретте, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева және дәрігерлік консультативтік кеңес беру төрайымы Манат Садықова қазыналы қарттарды мерекемен құттықтап, олардың денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі мен кейінгі буынға көрсеткен өнегесін атап өтті.
– Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қарттар күні – өмірдің талай белесін артқа тастап, мағыналы ғұмыр кешкен, ұрпақ тәрбиелеп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсететін ерекше мереке. Бұл – өткенге тағзым етіп, бүгінгі күннің қадірін ұғынуға, үлкендердің өнегелі өмір жолынан үлгі алуға үндейтін тағылымы мол күн. Қазақ халқы ежелден қариясын қазынаға балап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді басты адамгершілік құндылықтың бірі санаған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөздің астарында терең мағына жатыр. Сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, талай жыл бойы ел игілігі жолында аянбай еңбек еттіңіздер. Дәрігерлік қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін қатар көтеріп, талай науқастың дертіне шипа, жанына демеу болдыңыздар. Адам өмірін арашалау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз халықтың ыстық ықыласы мен шынайы алғысына бөленді, – деді бас дәрігер.
Сала ардагерлері атынан денсаулық сақтау саласының үздіктері Рүстем Садықов пен Шынтас Зетов сөз сөйлеп, әріптестеріне ақжолтай тілектерін жеткізді. Олар өз сөздерінде абыройлы еңбек жолынан өтіп, жас мамандарға бағыт-бағдар берген аға буынның еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті.
Мерекелік іс-шара барысында аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова зейнет демалысына шыққан алты ардагерге арнайы куәлік табыстады. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева мен медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айгерім Тыныштықбаева зейнетке шыққан әріптестеріне сый-құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін білдірді.
– Өмір жолында талай белесті еңсеріп, ел мен халықтың игілігі жолында аянбай еңбек еткен ардақты жанға құрмет көрсететін ерекше күнде сала ардагерлеріне құрмет көрсетуді жөн көрдік. Осы айтулы мерекеде зейнет демалысына шыққан медицина саласының ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіргім келеді.
Сіздердің әрқайсыңыздың еңбек жолдарыңыз – бүгінгі жас мамандар үшін үлкен мектеп. Жылдар бойы жинаған тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз медицина саласының дамуына өзіндік үлесін қосты. Көпшілігіңіз жас маманға бағыт-бағдар беріп, тәлім-тәрбие көрсетіп, біліміңіз бен тәжірибеңізді кейінгі ұрпақпен бөлістіңіздер, – деді Жанар Әшімқызы.
Құрметке бөленген ардагерлер қатарында перзентхана бөлімінің акушері Айсұлу Девхатқызы, А.Тоқмағанбетов дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Гүлзат Ахметқызы, Амангелді дәрігерлік амбулаториясының кіші буын қызметкері Қалила Садықбекқызы, Шаған дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Назмаш Орынбасарқызы, стерилизация бөлімшесінің кіші буын қызметкері Қалипа Жұмамұратқызы және аудандық емхананың медициналық тіркеушісі Шолпан Сматқызы бар.
Өмірінің талай жылын халық денсаулығын сақтауға арнаған ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпаққа өнеге. Мерекелік басқосуда аға буынға деген алғыс пен ізет айқын көрініс тауып, ақжарма тілек пен жылы лебіздер айтылды. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Б.АЯБЕКҰЛЫ









