Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Асық ату спортының үш шебері

Асық ату спортының үш шебері

Ұлттық спорт – қазақтың сан ғасыр бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен рухани құндылығының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасқан. Мәселен, ертеректен келе жатқан асық ату – ұрпақтың ептілігін, мергендігін, шапшаңдығы мен дәлдігін шыңдайтын, тамыры терең ұлттық ойын. Бүгінде асық атуды кеңінен насихаттап, оны жас ұрпақтың тәрбиесімен сабақтастырып жүрген жандардың еңбегі айрықша. Сырдария ауданында ұлттық спортты дамытуға үлес қосып, түрлі деңгейдегі жарыста аудан намысын абыроймен қорғап жүрген дене шынықтыру пәнінің ұстаздары Бақытжан Тәңкібаев, Ержан Жанбосынов, Марат Бакиров қашанда абырой биігінде.


Айта кетейік, үшеуін біріктіретін ортақ қасиет – ұстаздық жолға адалдығы, спортқа деген сүйіспеншілігі және ұлттық құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіруге деген ұмтылысы. Бүгінде олар асық ату спортымен тұрақты айналысып, көптеген жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ендігі кезекте, кейіпкерлерімізге жекелей тоқталатын болсақ, Бақытжан Тәңкібаев – 27 жыл бойы аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ол – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде «педагог-сарапшы» біліктілік санатына ие. Ұстаз спорттағы жетістіктерімен де ерекшеленеді. Білікті маман, кәсіби спортшы халықаралық турнирде ІІІ орын иеленсе, екі жыл қатарынан «Алтын күз» облыстық спартакиадасында І орыннан көрінді. Ал осы жылы білім қызметкерлерінің дәстүрлі IX облыстық спартакиадасында асық ату спортынан І орын иегері атанды. Облыстық чемпионаттың үш дүркін чемпионы.

– Асық атудың бала тәрбиесіндегі орны ерекше деп есептеймін. Асық ойнаған бала шыдамдылық пен тәртіпке дағдыланады. Мен үшін спорттағы әрбір жарыс – өз мүмкіндігіңді сынайтын және ауданның, мектебіңнің, әріптестеріңнің абыройын қорғауға берілген мүмкіндік. Жылдар бойы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етіп келе жатқандықтан, шәкірттерге спорттың маңызын түсіндіруді басты міндетіме жатқызамын. Бүгінде ұлттық спортқа қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Әсіресе асық атудың сан түрлі деңгейдегі жарыста кеңінен насихатталуы – ұлттық құндылықтың қайта жаңғырып жатқанын көрсетеді. Біз қашанда осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жастарды спортқа баулуға тиіспіз. Өз басым қол жеткізген жетістігім – ең алдымен тұрақты дайындық пен еңбектің нәтижесі деп білемін. Сондықтан жас спортшыларға үнемі ізденіп, жаттығудан жалықпай, өз мақсатына табандылықпен жетуге кеңес беремін. Ұлттық спорттың болашағы – жастардың қолында, – деді ұстаз әрі спортшы.

Біз білетін Ержан Жанбосынов №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте оқушыларға өз пәні бойынша жан-жақты бағыт-бағдар беріп келеді. Жиырма жылдан аса уақытта шәкірт тәрбиелеумен айналысып келе жатқан Ержан Самыратұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін және «Болашақ» университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатына ие, спорт шеберлігіне үміткер.

Ержан Самыратұлының қоржынында да толайым жетістік шоғыры бар. Облыс чемпионатының бес дүркін чемпионы атанған спортшы әр жылдары асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионатында және халықаралық турнирде ІІІ орын, мұғалімдер арасындағы ІІІ республикалық спартакиадада ІІ орын, республикалық асық ату турнирінде І орын иемденді. «Ақбидай-2025» облыстық спартакиадасында және биылғы білім қызметкерлерінің IX облыстық спартакиадасында асық атудан әріптестерімен бірге жеңімпаз атанды.

– Ұлттық спортты дамыту – баршаға ортақ міндет. Асық ату арқылы біз баланы спортқа баулып, халқымыздың дәстүрі мен ұлттық ойындарын дәріптейміз. Сондықтан бұл спорт түріне деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Мен үшін әрбір жарысқа қатысу – үлкен жауапкершілік. Жеңістің артында күнделікті жаттығу, тәртіп, төзім және еңбек тұрады. Ұстаз ретінде шәкірттеріме спортпен тұрақты айналысудың маңызын айтып келемін. Дене шынықтыру адамның денесін шынықтыру арқылы оның мінезін қалыптастырады. Жеңіске жету үшін табандылық қажет. Ал жеңілістен кейін қайта тұрып, алға ұмтылу – спорттың беретін үлкен сабағы. Асық ату – ұлттық болмысымызды танытатын спорт. Сондықтан оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттап, жас спортшының шеберлігін арттыруға жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі жетістікке тоқмейілсімей, алдағы уақытта да ұлттық спорттың дамуына өз үлесімізді қоса береміз, – деді педагог зерттеуші.

Ал Марат Бакиров – №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алған, білім саласында сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатына ие. Сондай-ақ спорт шеберлігіне үміткер. Марат Ғалымжанұлы да асық атудан республикалық және облыстық додаларда аудан намысын абыроймен қорғап жүр. Қазақстан Республикасы чемпионатында ІІІ орын, халықаралық турнирде ІІІ орын, мұғалімдер арасындағы республикалық спартакиадада ІІ орын, жалпы ұстаздар арасындағы республикалық асық ату турнирінде І орын иеленді. Марат та биыл білім қызметкерлерінің IX облыстық спартакиадасында асық атудан І орын алды. Облыстық чемпионаттардың төрт дүркін чемпионы атанған ол ұлттық спортты республикалық деңгейде насихаттауға белсенді атсалысып келеді.

– Мен өзім дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде спортты бала тәрбиесімен тығыз байланыстырамын. Спортпен шұғылданған бала өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытын тиімді пайдалануға, тәртіпке және мақсатқа ұмтылуға үйренеді. Ал ұлттық спорт осы тәрбиемен бірге баланың туған халқына, оның салт-дәстүріне деген құрметін қалыптастырады. Басты мақсатымыз – өзіміздің тәжірибемізді жастарға үйрету. Ұлттық спортты дамытудың ең дұрыс жолы – оны жас ұрпақтың күнделікті өміріне, мектептегі спорттық тәрбиеге кеңінен енгізу. Сонда асық ату сияқты төл ойындарымыздың ғұмыры ұзара түседі, – деді тәжірибелі ұстаз.

Ұстаздық пен спортты қатар алып жүрген үш азаматтың ортақ мақсаты – дені сау, рухы мықты, ұлттық құндылықты құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. Әрине қажырлы еңбек артында уақытпен өлшенбейтін, ел болашағына бағытталған үлкен еңбек жатыр. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үшін спорттағы жетістік пен ұстаздық еңбектің өзара сабақтастығы маңызды. Өйткені ұстаздың өзі спортты сүйіп, саламатты өмір салтын ұстанып, ұлттық ойындарды дәріптегенде ғана оның тәрбиелік мәні шәкірт жүрегіне тереңірек жетеді. Бұл ретте Бақытжан, Ержан және Марат сынды ұстаздың еңбегі жастарды шымырлыққа, табандылыққа, тәртіпке, жауапкершілікке және ел намысын қорғауға тәрбиелеумен құнды.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
03 қазан 2026 ж. 51 0