Өнегелі өмір – ұрпаққа мұра
1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында «Өнегелі өмір – ұрпаққа мұра» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Жиынға аудан көлеміндегі білім беру ұйымдарында қызмет атқарған сала ардагерлері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Мерекелік кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, білім саласы қызметкерлерінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Гүлбар Әбілқызы және сала ардагерлері қатысты.Тағылымы мол кездесуде аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, олардың саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім саласының дамуына арнаған еңбектерін ерекше атап өтті.
– Сіздер – білім саласының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан, талай шәкіртке бағыт-бағдар берген ардақты жансыздар. Ұстаздық жолдағы еңбектеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буын үшін қашанда үлгі. Бүгінде зейнет демалысында болсаңыздар да, білім саласының тыныс-тіршілігіне жанашырлық танытып, жастарға ақыл-кеңестеріңізді беріп келесіздер. Сала ардагерлері жас буынға өнеге үлгісін көрсетуде, – деді бөлім басшысы.
Бұл ретте, ардагерлерге арнайы сыйлық пен «Алғыс хат» табысталып, олардың еңбегіне деген құрмет көрсетілді. Өз кезегінде Еркебұлан Жақып алдағы уақытта аудандық білім бөлімінің жанынан ардагерлер кеңесіне арналған арнайы бөлме ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Тың бастама сала ардагерлерінің басын біріктіріп, олардың өзара тәжірибе алмасуына, қоғамдық жұмысқа белсенді араласуына және кейінгі буынмен байланысты нығайтуына мүмкіндік бермек.
Емен-жарқын әңгімеге негізделген кездесуде білім саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа да тоқталып, білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, жас мамандарды қолдау және білім беру ұйымдарындағы қоғамдық-әлеуметтік бастаманы дамыту бағытындағы жұмыс сөз болды.
Өз кезегінде білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың үлкенге деген ізеті мен адамгершілік қасиетінің көрінісі екенін жеткізді.
– Білім саласында сан жылдар бойы еңбек етіп, талай шәкірттің өміріне жол ашқан ардагер ұстаздардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақтың жетістігінің артында сіздердің маңдай терлеріңіз, ұстаздық тәжірибелеріңіз бен өлшеусіз еңбектеріңіз бар. Сондықтан ардагерлермен байланысты нығайтып, олардың ақыл-кеңесін кейінгі буынға жеткізу – біздің ортақ міндетіміз. Ардагерлер кеңесінің жұмысын жандандыруға бағытталған әрбір бастама – үлкендердің еңбегін бағалаудың нақты көрінісі, – деді Алмас Есназар.
Ал білім саласы қызметкерлерінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Гүлбар Әбілқызы ардагерлердің басын қосып, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
– Ұстаздық – үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Біз өз ғұмырымызды осы саламен байланыстырып, бар күш-жігерімізді шәкірт тәрбиесіне арнадық. Бүгінде сол еңбектің жемісін көріп, шәкірттеріміздің жетістігіне қуанып отырамыз. Ардагерлердің басын қосып, пікірлесуге мүмкіндік беретін осындай кездесулердің орны ерекше. Мән-мағынаға толы кездесу – аға буын мен кейінгі буын арасындағы сабақтастықты нығайтатын жақсы дәстүр, – деді Гүлбар Әбілқызы.
Кездесуде талай жыл білім саласында абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген ардагерлер де жылы лебіздерін білдірді. Олар білім саласында еңбек еткен жылдарын еске алып, әріптестерімен ой бөлісті. Жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, ұстаздық жолдағы тәжірибелерімен бөлісті.
Аға буынға деген құрметті арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан тағылымды іс-шара өнер мектебінің ұстаздарының ерекше өнерімен қорытындыланды.
Б.ОРДАБЕКОВ










