Әке ізін жалғар ұл
Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған сырдариялық Мансұровтар отбасын аудан жұртшылығы «ұстаздар әулеті» деп біледі. Әулеттің білімді азаматы, бүгінде артында мәңгі өшпейтін жыр қалдырған, білікті басшы болған, жанашыр ұстаз Бағдат Есназардың ағартушылық салада сіңірген еңбегі зор. Бүгінде әкенің сара жолын баласы, сөзден маржан терген айтыскер ақын, жас ұстаз Мұхамеджан Мансұров жалғастырып келеді. Оның есімі ауданға ғана емес, облысқа, республика көлеміне етене таныс.Сыр өңірінің сөз өнерін насихаттап жүрген тума талант Мұхамеджан Бағдатұлы оқушы кезінен өнер жолында өзіндік жолын қалыптастырып, бүгінде ұстаздықты өмірінің өзегіне айналдырды. Ұстаздық ұлы жолда еңбек етуіне оның өскен ортасы мен отбасылық тәрбиесінің әсері мол болды. Облыстық және республикалық деңгейдегі сөз сайыстарында тапқырлығы мен көркем тілімен ерекшеленген жас ақын – С.Сейфуллин ауылының тумасы. Білімнің қарашаңырағы №137 орта мектебінің түлегі оқу бітіргеннен кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен «Дәстүрлі өнер» мамандығы бойынша білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын аудандық әуез мектебінің С.Сейфуллин ауылындағы филиалында «Дәстүрлі ән» пәні бойынша сабақ беріп бастайды. Ұстаздық жолды таңдаған ақын жігіт осы күні ауыл жастарын өнерге баулуда. Әкенің тәлім-тәрбиесін алған жас ұстаз шәкірттерін тек өнерге баулып қана қоймай, тәрбие мен білімді қатар ұштастыруда.
–«Баланың бас ұстазы – ата-анасы» демекші, әке жолын жалғап, бүгінде өзім шәкірт тәрбиелеудемін. Ауылда өнерлі жастар жетерлік. «Жігітке жеті өнер де аз» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Мен де ұстаздық пен өнерді қатар алып жүрсем, кешегі бабаларымыздың өнегесін жалғастырып, соларға ұқсағым келгеннен деп білемін. Ұстаздық пен өнердің ұқсастығы – екеуінің де адамға әсер етуінде. Бірі – оқушыға білім мен тәрбие арқылы әсер етсе, екіншісі – көрерменге өнер арқылы әсер етеді. Екеуі де ізденісті, еңбекті, жауапкершілікті және шығармашылықты қажет етеді. Сондықтан мен үшін ұстаздық пен өнер – бір-бірін толықтырып отыратын бағыт деп білемін, – дейді жас ұстаз.
Өнер мен ұстаздық ұлы жолды қатар алып жүрген жас маманның шәкірттері бүгінде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, жүлделі орындар иеленуде. Бұл жеңістің артында ұстаз бен шәкірттің қажырлы еңбегімен, өнерге деген махаббаты жатыр.
– Қазіргі таңда үйірме мүшелері жыр-терме үйреніп, аудандық, облыстық сайыста бақ сынап жүр. Бірде биіктен көрініп, жүлделі орын алсақ, бірде орын алмай қалатынымыз да рас. Бірақ ондай сәттерде шәкірттеріме Төлен Әбдіковтің: «Ат қоссаң адалдықтың бәйгесіне, жеңсең де, жеңілсең де олжалысың» деген сөзін айтып отырамын. Өйткені біздің басты ұстанымымыз – жарыста жүлде алу ғана емес, жас шәкірттерді өнерге баулу, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және өмірде өз орнын таба алатын азамат тәрбиелеу. Бүгінде үйірмеге 5 оқушы қатысады. Әрқайсысының өнерге деген қызығушылығы бар. Біз сол қызығушылықты дамытып, сахнаға шығып, өз өнерін еркін көрсете алатын деңгейге жеткізуге тырысып жүрміз, – дейді білікті маман.
Шығармашыл ізденімпаз жас еселі еңбегінің арқасында биіктен көрініп, жеткен жетістіктері бір төбе. Ұлағатты ұстаз аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иеленді. Мұхамеджан Бағдатұлы – халықтық мақамдарды шебер орындайтын, домбыраның құлағында ойнайтын дәстүрлі өнерпаз. Ол халықаралық жыршы-термешілер мен айтыскерлер одағының белді мүшесі. Еңбегінің жемісі ретінде көптеген наградалармен, облыстық білім басқармасының басшысының, облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, еңбегінің жемісін көруде.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА









