Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Шәкіртке болған шамшырақ

Шәкіртке болған шамшырақ

Ұстаз – адамзат баласының өмірінде маңызды орын алатын қайталанбас тұлға. Осынау сөздің өзінде үлкен мағына, зор жауапкершілік және шәкіртіне деген құрметі жатыр. Қадірі биік мамандықты өмірінің мәніне айналдырып, шәкірт тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап келе жатқан ұлағатты ұстаздың бірі – Ләйлә Жұмабекова.

Ұстаздық ұлы жолды жанына серік еткен Ләйлә Маргаждарқызы ауданның даңқты батыр Нағи Ілиясов атындағы ауылының тумасы. Сол ауылдың білім ошағынан түлеп ұшқан жас түлек Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжден «шет тілі пәні» мұғалімі мамандығын меңгереді. Ұстаздық жолда еңбек етуді оқушы кезден мақсат еткен ардақты ұстаз алғашқы еңбек жолын Қызылорда заң колледжінен бастайды. Жұмыс барысында жас маман білім берудің қыр-сырын тәжірибе жүзінде шыңдай түсті. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін Ләйлә Жұмабекова білімін жетілдіру мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» бойынша жоғарғы білім алып, кәсіби біліктігін одан әрі арттырды.

Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Ләйлә Жұмабекова бүгінде туып өскен құтты мекені Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте қызмет етеді. 20 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз ауыл балаларына тек қана шет тілінен сабақ өтіп қоймай, әлемге деген көзқарасын кеңейтіп, ағылшын тілін еркін меңгеруге бар күш жігерін жұмсауда. Жаңа заман талабына сай оқушыларға білім беру жолында үздіксіз ізденістің, қажырлы еңбектің барысында білікті ұстаз бүгінде педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі.

– «Мектеп – ғылым бақшасы» демекші, өзім білім алған қарашаңырақта қызмет ету мен үшін абыройлы міндет. Әрі туған жерге оралып, ауыл балаларына бар білгенімді үйретіп, білім беру менің өмірлік ұстанымым. Ұстаздық жол мен үшін жәй ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдаған өмірлік жолым. Білім саласында қызмет ету үнемі ізденісті, жауапкершілікті, ең бастысы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі қажырлы еңбекті талап етеді, – дейді ұлағатты ұстаз.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегендей, ұстаз үшін шәкіртінің білімнің биік шыңынан көрінуі үміттің ақталғаны. Шәкірттері аудандық, об­лыстық, республикалық, халықаралық сайыстың жүлдегерлері. Атап айтар болсақ, 11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «21 ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңінен шәкірттері арнайы сертификат иеленді. Сыни ойлау және философия республикалық олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңінен 9 сынып оқушысы мен 11 сынып оқушысы бірінші орыннан көрінді және республикалық кезеңі бойынша арнайы сертификатпен марапатталды. Шеті тілін таңдап, ұстазының жолын қуған оқушылар ҰБТ-дан жоғары баллға ие болып келеді.

Еңбегімен елге сыйлы, шәкіртіне үлгі болған Ләйлә Жұмабекова – қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметінде абыройлы ұстаз, отбасында аяулы жар, асыл ана. Берекелі шаңырағында жолдасы екеуі үш баланы тәрбиелеуде. Ауылда үлгілі отбасылардың бірі десек, қателеспейміз. Ұстаздық пен аналық жауапкершілікті қатар алып жүрген ол үшін отбасы мен мектеп – өмірінің қос қанаты іспетті.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
03 қазан 2026 ж. 73 0