Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет – ел мәйегі

Мәдениет – ел мәйегі

Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Мәдениет – ел мәйегі, оның рухани болмысы болса, өнер – ұлттың жаны, мәдени айнасы. Руханияттың осы қос ұғымын дамыту, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан-дүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймайды, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды. Осынау жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада жүрген мәдениет және өнер қызметкерлері 21 мамырда кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Аудан мәдениетін өркендетуде сырдариялықтарға 35 мәдениет мекемесі  қызмет көрсетуде. Оның ішінде аудандық мәдениет үйінен бастап кенттегі және елді мекендердегі мәдениет ошақтары, мәдени-демалыс кешені, кітапханалар және аудандық тарихи-өлкетану музейі бар. Аталған мәдениет мекемелерінде 251 адам жұмыс істейді. Олар ауданның мәдениет саласын өркендетуге, тұрғындардың рухани кемелденуіне үлес қосып келеді. Бұл салада қажырлы еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлер Сандыбай Сәдуақасов, Жантемір Айсин, Алма Бақтиярова, Ермекбай Әдікенов, Бүркітбай Мұстафаев, Нұржамал Жүзбаева, Жәнібек Маханбет, Пернекүл Ахметова, Рая Байдаулетова, Раушан Оспанова, Раушан Мәтібаева, Әмина Жүзбаева, Гүлзабира Оразбекова, Күләйша Қамбарова, Алтын Ізтілеуовалар кейінгі толқынға ақылшы болып, мәдениет саласынан қол үзген жоқ. Ал осы мәдениет майталмандарының ізін басқан Жеңіс Төрәлиев, Нұрхан Көшербаев, Ақбота Асанова, Гауһар Сәрсенбаева, Рүстембек Байділдаев, Анар Қалдыбаева, Ербол Медет, Айтмағанбет Темірханов, Алмат Өтеуов, Әсел Ибраева, Әйгерім Жұмабекова, Мақсұт Әбсадықов, Әлия Бақытбекова және басқалары жемісті еңбек етіп, халықты өнермен сусындатып келеді.
Ауданның мәдениет саласында жастарды шығармашылығын шыңдау үшін 91 үйірме жұмыс жасайды. Онда білікті мәдениет ұстаздары, өнер майталмандары тәрбие беріп, жастардың сахнаға шығып, өнер көрсетуіне, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі оралуына еңбек етуде. Аудан мәдениетін айтқанда өнер майталмандарынан құралған халықтық ұжымдарды атап өтпеуге болмайды. Аудандық халық театры, «Сарыбаевтар»  халықтық  жанұялық  ансамблі, «Құрақтың Досжаны» атындағы халық ұлт аспаптар оркестрі, «Айдарлы» халық театры, «Сәдуақасовтар» халықтық  жанұялық  ансамблі, «Ритм» вокальды аспапты халықтық ансамблі, «Балауса» халықтық  би ансамблі, «Дала дидары» мәдени-үгіт бригадасы, «Сыр гүлі» би ансамблі, «Шаттық» би тобы, «Көңілашар» ойын-сауық отауы, «Ақ Дариға», «Жаншуақты» «Жадыра» әжелер ансамблі аудан мәдениетімен біте қайнасқан ұжымдар.
Кемеңгер тұлға Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді. Кітап – білім болса, кітапхана – сол білімнің көзі, ал кітапханашы – оның тірегі. Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 17 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Кітапханаларда коворкинг орталықтары жұмыс істеп, жастардың білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етуде. Қазіргі таңда ауданда кітап қоры 424 270, оның ішінде қазақ тіліндегісі 247 848 кітап. Жаңа үлгідегі модельді ауыл кітапханасы – 15, оның ішінде онлайн орталық – 2. Электронды каталогке енгізілген әдебиеттер 403 960 болса, сандық жүйеге енгізіліген әдебиеттер саны 2 179-ды құрайды.
Ауданда өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын аудандық тарихи-өлкетану музейі бар. Бұл музей 1996 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ 2017 жылы қосымша ғимарат беріліп Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Еңбек даңқы» залы ашылды. Бұл рухани орталықтардан ауданның қалыптасуы және даму тарихы, өндірістік және мәдени өсуі, тұлғалардың даңқты істері туралы толық мағлұмат алуға болады. Бүгінде музей қорында 10 066 экспонат бар.
Орыс жазышусы Антон Чехов «Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деген екен. Яки мәдениетсіз қоғам болмайды. Сондықтан адамдықтың өлшемі болған рухани құндылықты дәріптеп, насихаттап жүрген сала қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі зор. Ұлттың мәйегін сақтап жүрген оларға құрмет те ерекше.

Е.БЕРКІНБАЕВ
21 мамыр 2020 ж. 1 206 0