Сыбайлас жемқорлық: Қоғамның жасырын дерті
«Руханият орталығында» аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен колледж суденттері мен жоғарғы сынып оқушылары арасында «ANTI PARA CRAFT» тақырыбында квест ойыны өтті. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың ел дамуына әсер ететіні жөнінде оқушылар санасына сіңіру.Квест ойынында 10 топ өз бақтарын сынады. Заң мен тәртіптің маңызын, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін тереңірек түсіндіретін іс-шара 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – таныстыру. Яғни командалар алдын ала дайындалған плакат пен эмблемаларын ұсынады. Екінші сұрақ-жауап кезеңі. Бұл кезеңде әрбір топқа ҚР Ата Заңын білуге бағытталған сұрақ қойылады. Ал үшінші кезең «Атадан қалған асыл сөз» деген тақырыбында жалғасын тапты. Адалдық, адамгершілік, әділдік, парасаттылық туралы нақыл сөздердің жалғасын табу арқылы қатысушылар білімдерін сынаққа салды. Ең соңғы төртінші кезеңде олар ситуациялық сұрақтарға жауап беру арқылы өз қарым-қабілетін көрсетті.
Сайысқа төрелік еткен әділ қазылар алқасының құрамында «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәдениет үйінің маманы Гүлмира Жарқынбекқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұртазаева болды.
– Заң мен тәртіп – қоғамның тұрақты дамуының негізгі тірегі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жауапты мемлекеттік органдардың міндетіне кірмейді. Әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі саналады. Әсіресе жастардың бойында адалдық, әділдік және заңға деген құрметті қалыптастыру маңызды. Бүгінгі «ANTI PARA CRAFT» квесті арқылы кез келген қатысушы өз білімін сынап қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылық және адал қоғам құру мәселесі бойынша пайдалы ақпарат алды. Аудандық қоғамдық даму бөліміне, білім бөліміне, сондай-ақ аудандық мәдениет үйі мен мектептерге алғыс айтамыз. «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының бұл бастамасының жас ұрпақтың бойына адалдық, жауапкершілік пен заңға құрмет құндылығын сіңіруде маңызы зор, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Тартысты өткен сайыста оқушылар жан-жақты дайындықтарын көрсетті. Тапсырмалар арқылы білімдерін, тапқырлықтарын, заң мен тәртіп, сыбалас жемқорлықтың алдын алу туралы білетін ақпараттарын, командамен жұмыс жасау қабілеттерін дәлелдеді. Қатысушы оқушылар да білімге ұмтылысымен ерекше әсер алып, квест ойыны өте қызықты әрі пайдалы болғанын айтты.
«Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров сайыс соңында сөз сөйлеп, барлық атсалысқан жанға алғысын жеткізді.
– Жарысты квест форматында ұйымдастыру арқылы қатысушылардың қызығушылығын арттырып, маңызды мәселені еркін әрі түсінікті түрде жеткізуді жоспарладық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетке білім беру ұйымдарының шәкірттерін қалыптастыру – басты ұстанымымыз. Өз кезегінде бүгін ойын барысында терең білімін көрсеткен жастар өз білім деңгейлерін көрсете алғанына сенемін. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс жалғасын таба берсін, – дейді Марат Омаров.
Әділ қазының шешімімен жүлделі І орын №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің «Адал ұрпақ» командасы, ІІ орын №147 орта мектебінің «Әділет қалқандары» командасы, ІІІ орын №126 орта мектебінің «Жас дарын» командасы иеленді. Барлық қатысушы команда арнайы «Алғыс хат» пен қаржылай сыйлық және кубокпен марапатталды.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА










