Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел іші – өнер кеніші

Ел іші – өнер кеніші

Берекелі Бесарықтағы мәдениет үйі ауылдағы көр­­кем ғимараттардың бірі саналады. 1979 жы­лы пайдалануға берілген нысанда кәсі­би өнер мамандары жұмыс жасайды. 94 қатысушы бар үйірмелер қа­тарына «Жан­шуақ» әжелер ансамблі, драма, домбыра, ән, би және көркем сөз оқу үйірмесі кіреді.

Биылғы жылдың 9 айында бесарықтық өнерпаздар 1 республикалық, 4 облыстық, 22 аудандық байқаудан жүлдемен оралған. Атап айтқанда, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында Ділназ Айтбай жүлделі І орынды қанжығасына байлап, ауыл мерейін өсірді. Ал, іс-шара жүргізушілері арасында өткізілген облыстық байқауда Бақберген Амантаев арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.


– Біздің ауылдың тұрғындары, жас жеткін­шек­теріміз өнер атты ұлы қасиетті жоғары бағалайды. Сол себептен болар, ауыл азаматтарынан құрылған үйірмелеріміздің әрбір мүшесі кез келген байқауға белсене қатысады. Әжелер ансамблі облыс орталығында ән шырқап, аймақ басшысының шынайы алғысын алған болатын. Міне, бұл үлкендеріміздің еңбегінің жемісі. Биыл айтулы даталарға толы мерекелер жылы. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығы, Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жылжығына орай елді мекенде көптеген онлайн шара өткізілді, – дейді ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев.

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Өнерге, мәдениетке құштар ауыл халқының белсенділігі ауылдық мәдениет үйі жұмысымен тығыз байланысты.

Майя ҚОЖАБАЙ 
27 қазан 2020 ж. 895 0