Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АЛЫП

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АЛЫП

Ақжарма ауылында Тұрсын Балапанов атындағы көше бар. Бұл елге елеулі еңбек еткен елгезек ердің құрметіне берілген көше. Ел аузында ол кісі туралы көптеген әңгіме бар. Ірі денелі, батыр тұлғалы жанның ел басына күн туғанда талай тығырықтан шығарғаны туралы ерліктері аңыз болып та кеткен.
Тұрсын Балапанов туралы қоғам қайраткері, ауданда басшылық қызмет атқарған Алмагүл Божанова «Көпір» кітабында, ақжармалық айтыскер ақын Мамыр Байдәулетов «Жақсылар шыққан жайсаң ел» кітабында қалам тербепті. Естелік, ерліктерін айтып, кейінгі ұрпаққа насихат еткен. Соның ішінде дарияға батқан техникаға қатысты ерлігін ерекше атап өтіпті.
Сұрапыл соғыстың кезі. «Бәрі де майдан үшін» деп киім, азық-түлік жауынгерлерге жөнелтілуде. Жастайынан еңбекке ысылып, нағыз қара күш иесі атанған Тұрсынды ауыл ақсақалдары «шаруашылық жұмысына қажет» деп майдан шебінен алып қалады. Өзі Сұлутөбедегі механизаторлар курсын оқып, техника тілін меңгерген. 3-4 адам қозғалтатын қосалқы бөлшектерді бір өзі көтеріп, жөндей беретін болған. Ол кезде қазіргідей самсап жатқан техника жоқ. Сырдария ауданының өзінде үш қана трактор болған. Сол тракторлардың бірі қыстыгүні дарияға түсіп кетеді. Бүгінгідей екі жақты жалғап тұрған көпір жоқ. Ел дария үстіндегі мұздан әупірімдеп өтеді. Әдеттегідей «ДТ» тракторын тізгіндеген механизатор дария үстімен келе жатқанда мұз ойылып, техника суға батқан. Тракторшы жалма-жан секіріп түсіп, жағаға шығады.
Ел дүрлігіп кетті. Трактордың жоқтығы көктемгі шаруаға кері әсерін тигізері анық. Оның үстіне сұрапыл соғыс кезінде Кеңес Үкіметі мұндайды кешіре қоймасы белгілі. Қалай болса да дария жұтқан техниканы алып шығу қажет. Осы шақта жұртшылық Сібір суығын көрген орыстарға қолқа салды. Қыс мезігілінде суға түсіп жүретін әдеттері бар. Алайда ағысы қатты сірескен мұзды дарияға түсуге олардың да батылдары жетпейді. Халық одан сайын абдырай түсті. Ешкім дауаламай тұр. Осы сәтте толағай денелі Тұрсын абдыраған көпшілік қасына жақындады. Ел арқасүйер алыпқа жол ашты. Тұңғиық дарияның ойылған тереңіне бір қарады да киімін шешіп, арқанды беліне байлап, суға сүңгіп кетті. Қос аяғын бір-біріне ұрып, қалың киім кигендер ақжармалық алыптың мұнысын нағыз ерлікке балады. Екінің бірі демейік, мұндайға кез келген бара бермейтіні хақ.
Көпшілік мойнын әрі-бері созып, алаңдаулы. Дарияның бұл тұсы терең екенін бәрі біледі. Арқанды ақырын жіберіп тұрған жігіттер кері тартуға қамданып-ақ тұр. Үлкендер жағы «Я, Алла, өзің жар бола көр!» деп тілеуқор болған. Бір сәтте арқан босап сала берді. Суға сүңгіп кете берген трост та тоқтады. Тұрсынның дарияға түскеніне біршама уақыт болып қалды. Бәрі тым-тырыс. Бір кезде ақсақалдардың бірі «Қайран, арысым-ай!» деп «ах» ұрды. Қара бұлт үйірілгендей. Жиналғандар «Кетті. Бітті» деп жамырай түсті. Тросты ұстап тұрғандар я тартарын, я тартпасын білмей қатып қалған. Жұртшылық «техниканы түгендейміз деп асыл ерден айырылдық» деп қайғыра бастады.
Сәл уақыттан соң сырын білдірмес дария беті бұрқ ете қалды. Әлгіндегі жігіттер жанталаса арқанды кері тартып, ширақ қимылдады. Алып денелі Тұрсын судың бетіне атып шығып «Ілдім» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. Осы кезде көпшіліктің қайғырғаннан шыққан көз жасы қуаныштың көз жасына айналды. «Ой, бәрекелділеп» жұртшылық ақжармалық ерді қапсыра құшақтап, көтеріп жағаға әкелді. Үстеріндегі көпәйкелерін шешіп, батырдың денесін жылытып, орап тастады. Аз ғана уақыт ішінде ажалмен арпалысқан алып ел үмітін ақтап, дария түбіндегі техниканы алып шығуға себепкер болды. Бұл ерлік елден елге тарап кетті. «Міне, батыр» дейтіндер көбейді. Бірден елге жетіп, аты аңызға айналды.
Бұдан бөлек Тұрсын Балапановтың батпаққа батып қалған Уаз автокөлігін, 200 бау пішен тиелген Газ-51 техникасын бір өзі арқанмен тартып шығарған дейтін әңгімелер де ел арасына тарап кеткен.
Қоғам қайраткері А.Божанова өз кітабында «Т.Балапанов ауыл шаруашылығы саласындағы елеулі еңбектері кезінде бағаланып, «Ленин», «Октябрь революциясы», басқа да орден, медальмен марапатталды. Ауылдастары Балапановтар әулетін іргелі отбасы, абыройлы шаңырақ деп есептеген. Тереңөзек халқы Тұрсын Балапановты батыр деп біледі» деп жазады. Сондай-ақ ақжармалық батырмен кездескендегі естелігін де жазған.
«...Біз Тереңөзек ауданы Карл Маркс колхозында тұрғанда біздің елге бір жұмыспен келіп, үйде болғаны бар. Дене бітімі ерекше көзге түсетін орта бойлы, төртбақ, өте толық болғандықтан бойы онша биік болмаса да алып, нән болып көрінеді, дүлей қара күштің иесі екені көрініп тұр. Тұрсын Балапанов жұмыс бабында механизаторлармен бірге болғанда олардың арасында небір әңгімелер айтылады екен. Ол кезде егін басында барлық механизаторлар бірге жатады. Сондайда Тұрсекеңнің не қолы, не аяғы қасында жатқан механизатордың кеудесіне асыла қалса, ол адам тұншығып қалады екен. «Бұл кісі бура ғой әрігерек жатыңдар» деп бір-біріне әзілдейтін көрінеді. Түр-тұлғасы армян, азербайжан ұлтына ұқсайтын. Денесі алпамсадай, нағыз шомбал, шойқара, үлкен қара көздері от шашып тұрады, ерні қалың, мұрынды еді. Бұдан кейін де Тұрсекеңді көрдім. Менің көз алдымда ол кісі бірінші көргендегі қалпында қалды...» А.Божанова алып механикті осылай суреттеп, ерлігін елге үлгі етті.
Ақжармалық батырдың қайсарлығын ақындар да жырына арқау етті. С.Есмаханов, М.Сақтапов өлең арнаса, қырғи тілді Асқар ақын «Мұзбалақ» дастанын шығарды.
Еңселі, шоң желкелі, елпең қаққан,
Елгезек, тұтас тұлға, бүркіт бетті.
Шойын жон, шор боп қалған бұлшық еттер,
Көргенде бұл жігітті есім кетті.
Осы бір шумақтың өзінен алпамсадай ақжармалық алыптың қандай нар тұлғалы азамат екенін аңғаруға болады.
Елге еңбегі сіңген тұлғаларды, еңбек адамдарын дәріптегенде «халқына ыстықта – пана, суықта – сая болған азамат» деп жатамыз. Шындығында алмағайып кезеңде қарақан қу басын ойламай, халыққа қамқор болған жандар әрқашан ел ықыласына бөленері хақ. Ел басына күн туғанда арқасүйер азамат болған Тұрсын Балапановты елгезек, халық жанашыры болған десек қателеспейміз. Оның ерлігі әлі талай әңгіме арқауы болып, ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

03 тамыз 2019 ж. 1 058 0