Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар тәрбиесі – исламда

Жастар тәрбиесі – исламда

Жастық шақ – адам ғұмырының ең асыл, ең ардақты кезеңі. Қажымас қайрат пен таудай талаптың уақыты, ең бастысы өмірлік дара жолдың қалыптасу шағы. Бұл шақта адам бойында ерекше қуат, зеректік, сабыр және төзім сынды ең қажетті сипаттар тоғысады. Сондықтан да шариғат жастарға айрықша көңіл бөліп, оларды өмірлік жауапкершілік пен адамзат алдындағы міндетін атқаруға лайық етіп тәрбиелеуді бұйырған.

Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Демек, имандылық тәрбиесі ең алдымен отбасы мен қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Имандылық тәрбиесін көріп өскен жас буын ешқашан ар-ұжданынан аттамайды, өз ұлты мен халқына адал қызмет етеді.
Жастық шақтың тағы бір артықшылығы – адам ғұмырындағы ілім алудың ең қайырлы да, ыңғайлы уақыты осы. Қазақтың ұлы ойшылы Абай атамыздың өзі өлеңінде жастық шақта ілім алудың аса құнды екенін былайша жырлаған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра, тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Ақын Мағжан Жұмабаев та өзінің өлеңінде жастарға сенетіндігін:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деп жырлаған болатын.

Ислам осындай асыл қасиетке үндейді. Кім биік мұратқа ұмтылса, оған қиыншылық жеңіл көрінеді. Өйткені қиындық пен сынақ болмаса, барша адам ұлы дәрежеге жете берер еді.

Ислам діні әрбір мұсылманға өз құлшылығын орындап қана қоймай, өмірін, әсіресе қайратты жастық шағын ізгі амалмен көркейтіп, елге, жұртқа пайда тигізуді аманат етеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Расында иман келтіріп, ізгі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем жақсылық істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан («Кәһф» сүресі, 30-аят). Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұратындығына Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері дәлел.

Сондықтан өзгелерге пайдасы тиетін игі іс жасау мұсылман адамның жастық шағында атқаруы керек өмірлік мақсаттарының бірі болуы тиіс. Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп айтқан болатын.

Құрметті аудан жұртшылығы! Әрбір жас – өз жүрегіне иман ұялатсын, біліммен қарулансын, ниетін түзеп, қоғамға пайда келтіретін жолды таңдасын! Мақсатымыз биік, мұратымыз жарқын болғай!


Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
бас имамы
Фото:azan.kz

28 қараша 2025 ж. 27 0