БАҒДАРЛАМА ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН
Халық әлеуетін біршама жақсарту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан тиімді бастаманың шоғыры мемлекет тарапынан қолдау тауып, оң шешімін табуда. Сондықтан экономикалық тұрақтылықтың негізгі қағидатын сақтай отырып, болашаққа бағдарлы жоспар жасауға билік мүдделі. Қажеттілікті қанағаттандырудың айқын бағытын қалыптастыру арқылы еліміздің материалдық қорын толтыру маңызды рөлге ие.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды арттыру қажеттігін баса айтқан болатын. Осының негізінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ел көлемінде ауқымды жұмыс жүргізуге ықпал жасамақ.
Аталған бағдарлама шеңберінде Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде несие беру шарттары мен тетіктері айқындалған. Бұл ретте әлеуеті зор бастама күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауарды өндіруге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туғызады. Жалпы өндеу өнеркәсібінің тамырына қан жүгіріп, тұрмыстық заттардың қолжетімділігі артады. Кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізетін бағдарлама бағыты қашанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Тұрмыста сапалы, нарықта сұранысқа ие тауарды тұтыну ұтымды таңдау болмақ. Ұсақ-түйектен тұратын күнделікті тұрмысқа қажетті заттары кез келген уақытта қажетімізге жарайтыны рас. Елімізде тауар өндіруші өнеркәсіптің көбеюі халыққа тиімді жұмыс көздері ашылатыны ақиқат. Мамандарды даярлауды жетілдіре отырып, қарапайым заттардың базасын қалыптастыру – отандық кәсіпкерлердің міндеті.
Осы күні халық арасында үлкенді-кішілі кәсіпорындардың тауарына деген қызығушылық басым. Бәсекелестік өзара қалыптасып, брендтік тауарды өндірудің ауқымы кеңейген тұста жергілікті өнімге шетелдік азаматтардың қызығушылығы артады деп білеміз. Ең бастысы, тауарды барлық жағынан өндіруге ықпал жасаудың тиімді тұстарын қарастыру орасан пайда әкелмек. Келешекте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жан-жақты жетілген тұста кәсіпкерлік нысандары көбейіп, тұрмыс сапасы артады деп білеміз. Бағдарламаның алдағы қойған мақсатына жету жолында тұтынушы ретінде оң көзқарас таныту біз үшін қолайлы болмақ.
Б.ОРДАБЕКОВ